• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Сәуір, 2024

Алатоодан Ақжайыққа жеткен көмек

81 рет
көрсетілді

Бауырлас Қырғыз елінің гуманитарлық көмегі Ақжайық өңіріне де жетті. Сәуірдің 6-ы күні Қырғызстаннан шыққан 15 көлік су тасқынынан зардап шеккен Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан өңіріне бөлінген еді.

Сәуірдің 9-ы күні кешкісін гуманитарлық көмек тиелген 4 жүк көлігі Орал қаласына келіп тоқтады. Айта кетейік, Алатоодан Ақжайыққа бет алған бес көліктің бірі жолда ақаулы болып, Арал маңында қалыпты. Бірақ жөнделіп, жолға түскен соң ол да діттеген жеріне жетпек.

Айыр қалпақты ағайынды Орал халқы жиылып, қошеметпен қарсы алды. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов 3000 шақырымнан астам жолды артқа тастап, қырғыз елінің аманатын жеткізген ағайынға алғыс айтты.

«Жәрдем қолын созған Қырғыз елінен халықаралық гуманитарлық көмек Ақжайық өңіріне жетті. Қиын кезде қолұшын созған ағайынның бұл жақсылығын қазақ елі еш уақытта ұмытпайды. Алты Алаштың ұлдары бауырластығын әлемге тағы бір мәрте паш етті. Тіліміз бір, діліміз бір, дініміз бір қырғыз ағайынға қазақ елі атынан айтар алғысымыз шексіз», деді Бақытжан Нарымбетов.

Одан соң Бақытжан Хаберұлы Қырғыз көшін бастап келген Замирбек Нарчаевқа «Қырғыз еліне Батыс Қазақстан халқының атынан мың алғыс» деген жазуы бар домбыраны сыйға тартты.

«Мәселе бұл келген жүктің көлемінде емес. Қазақ халқының басына күн туғанда ең алдымен көмек қолын созған қырғыз ағайынның ықылас-ниетіне ризамыз!», дейді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Бауырлас елден келген топтың басшысы, Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі, подполковник Замирбек Нарчаев Орал қаласына 28 адам келгенін, соның 8-і құтқарушы екенін жеткізді.

«Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, Қырғызстан елінен жеткізілген 300 тоннадан астам гуманитарлық көмек Қазақстанның төрт облысына бөлінді. Орал қаласына соның 80 тоннасын жеткіздік. Мұнда азық-түлік, төсек-орын, тұрмысқа ең қажетті бұйымдар бар», деді Замирбек Нарчаев.

 

Батыс Қазақстан облысы