Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Асылтас Қалтенова шетелдіктерге қазақ тілін үйренуге көмектесетін «Sana» қосымшасын әзірледі.
Бірегей қосымша қазақ тіліндегі күнделікті қолдануға арналған диалогтер мен оларға грамматикалық толықтыруды ұсынады. Жобаны Еуразия ұлттық университеті «Jana Asu» гранты есебінен қаржыландырды. Ғалымдар қосымшаны келесі жылы қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.
«Елімізде қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктер көп. Өкінішке қарай, біздің нарықта жоғары сапалы веб-ресурстар мен қосымшалар аз. Қолданыстағы бағдарламалар қазақ тілінің грамматикасы мен лексикасын ғана түсіндіреді, ал практикалық сөздер, сөз тіркестері, диалогтер жоқ. Сондықтан осындай олқылықтың орнын толықтырғым келді. Менің мақсатым – қазақ тілін халықаралық деңгейге шығару және мұндай қосымшалар ана тілімізді шетелдік қонақтар арасында дәріптеуге септігін тигізеді деп санаймын», дейді А.Қалтенова.
Қазір ІТ-мамандары мен ғалымдар мобильді қосымшаның прототипін және кешенді диалогтерді әзірлеуге кірісті. Бағдарламада грамматикалық және лексикалық түсініктемелерден тұратын аудио нұсқаулықтар қарастырылған. Мобильді қосымша Android және iOS пайдаланушыларына қолжетімді болмақ.