• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қылмыс 11 Сәуір, 2024

Браконьер «қамқоршысын» ұстау мүмкін бе?

128 рет
көрсетілді

Еліміздің батыс өңіріндегі су айдындарында «Бекіре-2024»­­ кең ау­қымды балық қорғау акциясы басталды.­ Су мар­­жа­нының, оның ішінде бағалы бекіре тұқымдас балы­қ­тар­дың қорын молай­ту бағытындағы акция 1 сәуірден 31 ма­мыр­ға дейін жал­ғасады.

Балық шаруашылығы комитеті төр­ағасының орынбасары Аян Бахия­нов­тың айтуынша, наурызда Ауыл шаруа­шылығы және Ішкі істер министрлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төраға­сының бірлескен бұйрығы шы­ға­рылған. Соған сәйкес үйлестіру штабы­ның құрамы мен Жайық-Каспий су бас­сейнінде кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді.

«Мұндай бірлескен жұмыс бекіре және басқа балық түрлерін сақтауда оң нәтиже береді. Іс-шараны жүзеге асыру азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды факторы ретінде балық шаруашылығын одан әрі дамытуға, табыс көзі ретінде әлеу­меттік мәселелерді шешуге, жер­гі­лікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды қа­м­тамасыз етуге мүмкіндік береді. Акцияға батыстағы үш облыстан 1 177 қызметкер жұмылдырылып отыр. Мәселен, 374 қызметкер Атырауда, 254 қызметкер Батыс Қазақстан өңірінде, ал 549 маман мен әскери қызметші Маңғыстау облысының аумағында акцияның сәтті өтуіне атсалысады», деді А.Бахиянов.

Оның айтуына қарағанда, акция аясында браконьерлік фактілер жиі байқалуы ықтимал аумақтарда жылжымалы бекеттер мен мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылады. Осыған байланысты негізгі күштер мен құралдар Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында, Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістігінде шоғырланады.

«Өткен жылы үш өңірдегі «Бе­кі­ре­-2023» балық қорғау акция­сы кезінде 972 құқық бұзушылық анықталды. Құқық бұзған 669 адам әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылып, оларға 15,7 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз айна­лымнан 68,3 тонна балық алынды. Оның ішінде 1 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері, 29,5 кг бекіре тұқымдас балықтардың уыл­ды­рығы бар. Табиғат қорғау заңдылығын бұз­ған­дардан 1038 түрлі балық аулау, 89 жүзу және көлік құралы тәркіленді», деп мәлім етті А.Бахиянов.

Атырау облысының полицейлері «Бекіре-2024» балық қорғау акциясына белсене кірісті. Тәртіп сақшылары Атыраудан Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Ресейдің Астрахань облысына қатынайтын жолмен жүре­тін көліктерге бақылау жүргізеді. Мұн­дай бақылаудан Индер ауданына, Иса­тай ауданындағы Жанбай, Атырау қала­сы­ның маңындағы Дамбы ауылына қаты­найтын жол да тыс қалмайды.

«Балық қорғау іс-шарасы кезінде ше­кара маңындағы мемлекеттердің тиісті органдарымен ынтымақтастық аясында ұйымдасқан қылмыстық топтар әре­ке­тінің жолын кесуге, заңсыз ауланған балық өнімдерін сатып алу және сату нарығын жоюға баса мән беріледі. Браконьерлерге «қамқоршылық» танытатын лауазымды тұлғаларды анықтауға бағытталған арнайы жедел-іздестіру іс-шарасы өткізіледі», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ал балық шаруашылығы комитеті 2 сәуірде Атырауда бірлескен рейд өткізді. Оған облыстық полиция де­пар­­таменті мен мамандандырылған про­ку­ратураның қызметкерлері қатыс­ты. Рейд кезінде мұнайлы шаһар­ға таяу орналасқан Дамбы ауылы маңын­дағы екі өзектің бойы тексерілді.

«Түнгі сағат 00.50-де Жайық өзенінің тарайтын өзектің жағасынан 313 кило­­грамнан астам бекіре табылды. Бра­коньерлер 14 қапқа салынған бағалы балықты қамыс арасына жасырып кетіпті. Ал сағат 06.00-де бекіре табылған тұстан шамамен 400 метр қашықта өзен жағасына бекітілген аспалы моторы бар 8 жүзу құралы табылды. Оның ішінде үш «Ямаха-200», бір «Ямаха-225» және төрт «Байда» қайығы бар. Иесіз жүзу құралдары тәркіленді», деген ақпарат таратты комитеттің баспасөз қызметі.

Заңсыз ауланған бекіреге байланысты дерек Қылмыстық кодектің 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірың­ғай тізіміне тіркеліп отыр. Бағалы балық қорына келтірілген залал шамамен – 173 505 540 теңге.

 

Атырау облысы