Өңірде тасқын судың беті қайтып, енді төтенше жағдай жарияланған 6 ауданда су басып қалған елді мекендерді құрғату, үзілген электр желілерін жалғау, бүлінген үй, бұзылған жолдарды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Облыстың оңтүстік аудандарында мүлік шығыны есептеліп жатыр. Тасқыннан зардап шеккен 764 отбасы 108 млн теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік төлем алды.
Облыс орталығы мен Қарасу, Қостанай аудандарында да арнайы комиссия құрылып, зардап шеккен тұрғындардан өтініш қабылдап жатыр. Өңірлік жедел штаб облыс аумағындағы су қоймаларының деңгейін сағат сайын өлшеп, өзендерді жіті бақылап отыр. Аймақтағы ірі су қоймаларының бәрі толған.
«Бұрын-соңды болмаған жойқын су тасқыны кезінде облыс аумағындағы негізгі бөгеттердің ешқайсысы бұзылған жоқ. Қазіргі таңда Қаратомар су қоймасынан ағып жатқан судың мөлшері секундына 900 текше метрге дейін түсті», деп мәлімдеді облыстық жедел штаб өкілдері.
Тобыл өзені мен Тінтуір өзендері бойынан эвакуацияланған 9 099 адамның 325-і уақытша орналастыру пункттерінде жатыр. Қалғаны туыстарының үйіне орналасқан.
Амангелді және Жанкелдин аудандарына қарасты бірталай елді мекен жарықсыз отыр. Мәселен, Амангелді ауданындағы Үрпек ауылының жарықсыз отырғанына екі аптадай болып қалды. Аудан орталығымен іргелес жатқанына қарамастан, күні бүгінге дейін бұл елді мекенге көлік қатынасы жоқ. Аудан әкімдігінің мәліметінше, тасқын су 120-дан аса электр бағанын құлатып кеткен. Жан-жақты түгел су басып жатқандықтан, су астындағы бағандарды тұрғызып, электр сымын жалғау жұмыстары ілгерілемей тұр. Ауылда электр жарығы болмаған соң, ауызсу да тапшы, жергілікті наубайхана да жұмысын тоқтатқан. Аталған ауданда Үрпектен басқа да бірталай елді мекен біраздан бері жарықсыз, байланыссыз отыр.
«Қазіргі таңда гуманитарлық көмекпен келген генераторларды осы жақтарға үлестіріп жатырмыз. Бұл заттар төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары арқылы арнайы тікұшақ, қайықтармен жөнелтіледі. Күні кеше ғана «Біз біргеміз» ұйымынан тағы 80 генератор келді», дейді су тасқыны басталғаннан бері сол жақтағы волонтерлер штабының жұмысын басқарып жүрген Айбек Таңатбаев.
Жанкелдин ауданына қарасты Ақкөл, Ахмет Байтұрсынұлы, Сарысу, Қызбел елді мекендері де біраздан бері жарықсыз отыр. Тоғыз ауылмен көлік қатынасы үзілген. Бұл жолдарды жөндеу қазір мүмкін емес. Өйткені жолдың су жырып кеткен жерлерінен арқырап су ағып жатыр.
«Жер құрғаса бірден жолды қалпына келтіруге кірісеміз. Техника дайын тұр. Судың әлі беті қайтпаған жерлер бар. Ауданға қарасты 10 ауыл жарықсыз отыр. Оны қазір қалпына келтіру мүмкін емес. Өйткені бағандары жарамсыз, судың ортасында тұр. Сондықтан бірте-бірте қосуға тура келіп отыр. Қазір бұл мәселемен Арқалықтан келген мамандар айналысып жатыр. Қазір Қызбелден басқа ауылдардың бәрі өз орнында отыр. Түйемойнақ ауылында да су тұр. Бұл ауылда 7 үй отыр еді, кеше «Біз біргеміз» қорынан жеткен киіз үйлерді осы жеті отбасына апарып бердік. Олар ауыл шетіндегі су шықпаған жерге киіз үй тігіп, кіріп алды. Ал бала-шағасы – Ақшығанақ ауылында. Қазір Торғай, Қабырға өзендерінде су деңгейі түсті. Тек қана Қызбел жақтан өтетін Сарыөзен ғана көтеріліп тұр», деді Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.
Астанадағы «Біз біргеміз» қоры Торғайдағы тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға 25 киіз үй жеткізіп берген. Амангелді, Жангелдин ауданындағы біраз отбасы су тартылып, жер дегдігенше осы үйлерді паналай тұрады.
Арқалық төңірегіндегі су басқан елді мекендермен де біртіндеп қатынас орнатылып жатыр. Қазір Екідің ауылының тұрғындары Арқалыққа пароммен барып-келіп жүр. Жарықсыз қалған қыстақтар генераторлармен қамтамасыз етілген.
Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге де көмек көрсетіледі. Мысалы, облыстық кәсіпкерлер палатасына тасқыннан зардап шеккен 300-ге жуық кәсіпкер көмек сұрап, өтініш түсірген. Бизнеске келген шығын көлемі 2,7 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Қостанай облысы