Ресейдің Орынбор өңірін басқан тасқын су күн өткен сайын ел аумағына жақындап келеді. Сәуірдің 13-і күні Орынбор қаласында Жайық суының деңгейі 1 185 см болып, бұрын-соңды болмаған көлемге жетті. Тек 14 сәуірде ғана бұл жерде су деңгейі сәл қайта бастаған. Ал Жайық өзеніндегі Орал гидрологиялық бекетінде су деңгейі 14 сәуір күні таңертең 755 см-ге дейін көтерілді, қауіпті деңгей – 850 см.
Ресейден келетін су 17 сәуірде Январцево ауылының су қоймасы арқылы өтеді дейді мамандар. Сол сәттен бастап Жайық өзенінде су тасқынының шарықтау шегі басталады деп күтіледі. 20-21 сәуірде Оралға су келеді деп болжанып отыр. Қазір құтқару жұмыстарына 6 533 адам жұмылдырылған. 915 техника, 21 су айдау құралы, 32 жүзу құралы, 5 әуе кемесі осы қызметте жүр.
Орал қаласында жағалауды нығайту жұмысы үздіксіз жүріп жатыр. Бірқатар тұста бұл жұмыс аяқталып қалды. Қала бойынша жалпы ұзындығы 14,1 шақырым жерде суға қарсы тосқауыл дайындалған. Бөгеттерді биіктету, құм салынған қапшықтармен нығайту үшін күн сайын 200-ден аса техника және мыңға жуық адам жұмылды. Жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдай қызметі, коммуналдық мекемелер мен әскери бөлімдердің қызметкерлері, өзге өңірлерден келген төтеншеліктер, қаладағы волонтерлер мен белсенді тұрғындар су тасқынына дайындық жұмысына күні-түні бір кісідей атсалысып жатыр.
Әрине, тасқыннан зардап шеккен халық болашағына алаңдап отыр. Осыған байланысты облыстық прокуратура жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп, халыққа көмек көрсетіп жатыр. Су тасқыны салдарынан мүлкі бүлінген адамдар мемлекет көмегін ала алады. Қазірдің өзінде 600-ден аса азаматқа 126 млн теңгеден аса біржолғы материалдық көмек төленген.
Қазір өңірде үйлерін су басқан және қауіп төнген тұрғындар үшін 20 эвакуациялық бекет жұмыс істеп тұр. Мектепте, спорт залдарында және басқа да тұруға арналмаған үй-жайда адамдар үшін қолайлы жағдай жасау қиын. Сондықтан бұл тұрғындар біртіндеп әртүрлі жатақханаларға ауыстырылып жатыр.
Сәуірдің 13-інде жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да Орал қаласында бірнеше нысанға барды. Соның ішінде «Батыс су арнасы» ЖШС-ның су тазалайтын зертханасы, жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бактериологиялық зертханасы бар. Қос зертхана мамандарының айтуынша, тасқын су басу кезеңінде өңірде ауызсудың сапасы талапқа сай. Министр құзырлы мекеме басшыларына ауызсу сапасын ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Өңірде «Қазсушар» мекемесіне қарасты су қоймаларына су жинау жұмысы да қарқынды жүріп жатыр. Кейінгі мәлімет бойынша, қоймаларда 391,92 млн текше метр су жиналған, су қоймаларының орташа толуы – 77,3%. Облыстық филиал Ресейдің Орынбор, Саратов облыстарының су шаруашылығы қызметтерімен күнделікті ақпарат алмасып отыр. Саратов облысындағы Приузен су қоймасынан Қараөзен мен Сарыөзенге бүгінге дейін 434,56 млн текше метрден аса тасқын су құйылған. Бұл көлтабандарға, табиғи шабындықтарға, сондай-ақ су қоймалары мен көлдерді толтыруға бағытталып жатыр.
Қазір Шаған су қоймасында су деңгейі толық, 29,70 метр болып тұр. Шаған және Деркөл өзендері бойындағы гидробекеттерде су деңгейі төмендегені байқалады. Орынбор облысында орналасқан Иреклі су қоймасынан Жайық өзеніне су 13 сәуір күні секундына 447 текше метр су жіберіліп жатыр. Бұл осыдан бірнеше күн бұрынғы мөлшерден әжептәуір төмен. Жайық өзені деңгейі әзірге тәулігіне 10-12 см өсіп келеді. Жалпы су тасқыны басталғалы өзен деңгейі Орал қаласы тұсында 6 метрге көтерілді.
Төтенше жағдай департаментінен келген соңғы мәліметке қарағанда, Батыс Қазақстан облысында әлі де 9 елді мекен орталықпен қатынаса алмай отыр. Бұл – Қаратөбе ауданындағы Қосбаз, Аққозы, Қоржын, Ақтайсай, Бесоба, Алакөл, Сәуле, Қарақамыс ауылдары, Шыңғырлау ауданындағы Ақтау ауылы. Өңірде 1 905 саяжайды су басты. Осы кезге дейін 13 193 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5 522 бала, 19 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Эвакуациялық бекеттерде 1 733 адам орналасқан, оның – 780-і бала. 11 460 адам туыстарында тұрып жатыр. Су басқан жерлерден 4 886 мал қауіпсіз жерге айдалған.
Батыс Қазақстан облысы