Қарасай ауданындағы «Еco Сultura» жылыжай кешені бүгінде отандық кәсіптің өркендеуіне сүбелі үлес қосып отыр. Жалпы аумағы 7 гектарды алып жатқан ірі кешенде көз жауын алатын гүлдің сан түрі жайқала өседі. Соның ішінде ерекше назар аудартқаны – хризантема, яғни бақыт гүлі. Жылыжай кешеніндегі мамандардың айтуынша, бұл сорт еліміз бойынша алғаш рет өсіріліп, халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында нарыққа шыққан.
Хризантеманың кейінгі кезде жастар арасында кеңінен сұранысқа ие бола бастағаны байқалады. Соған қарап махаббаттың нышанын білдіретін раушан гүлін алмастыруға лайық екенін жоққа шығаруға болмайды. Елтай ауылдық округінде орналасқан бұл жылыжайда өткен жылдың қазан айынан бастап осы сортты жерсіндіріпті. Балаша баптап, ерекше күтім жасаудың нәтижесінде биылғы көктем мерекесінде 500 мың данаға жуығы сатылымға шыққан.
«Бұл – еліміздегі алғашқы жоба. Жаңа сорттың аумағы 3,5 гектар жерді алып жатыр. Сауда сөресіне жол тартқан алғашқы өтімі өте жақсы болды. Дайындықты өткен жылдың желтоқсан айынан бастағанбыз, нәтиже жаман болмады», деген жылыжайдың бас агрономы Мөлдір Мырзахметова гүлдің өсу үдерісін баяндап берді.
Маманның айтуынша, гүл көшеті отырғызылғаннан кейін 45 күн дегенде қауашағын жарып, өнім бере бастайды екен. Жыл он екі ай бойы бір тамырдан өсіп шыққан сабақты бес жыл бойы пайдаға жаратудың шаруашылық үшін тиімділігі орасан зор.
Отандық өндірісте ойып орын алатын «Еco Сultura» жылыжай кешенінің сол қанатта орналасқан 3,5 гектар гүлстаны 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда гүл атаулының 23 сорты өсіріледі. Соған сай жұмысы да жыл бойы саябырсыған емес. Айына орта есеппен 800 мың дана гүл сатылымға шықса, көрсеткіш 8 наурыз мерекесі кезінде миллион данаға жуықтапты. Жоғары сапаға ие өнімнің жартысынан астамы Ресей нарығына жөнелтіледі.
Қыс бойы ішкі температурасы 20 мен 25 градус жылылықты сақтайтын алып кешенде 200-ге жуық ауыл тұрғыны тұрақты жұмыс істеп, өз нәпақасын тауып жүргенін айрықша атау ләзім.
«Мен 6 жылдан бері осы жылыжайда жұмыс істеп келемін. Мұндағы жұмысымыз – гүлдерді сорттау. Күніне 32 мың данадай гүл сортталады. Жұмысым өзіме ұнайды. Еңбекақымызды да уақытында аламыз», дейді гүл сорттаудың шебері Жания Құрбанова.
Жылдың қай мезгілінде де жақынына гүл сыйлап, көңіл аулап, қуанта білетін талғамы биік тұтынушылар барда жайқалған жылыжай өнімінің саны артпаса кемімесі анық.
Алматы облысы