Ауыл тұрғындарының бизнесін қолдайтын «Ауыл аманаты» жобасы «Аmanat» партиясының бастамасымен 2022 жылы қолға алынып, 2023-2025 жылдар аралығында жалғасады деп белгіленген болатын. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдағы бизнесті, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Бағдарлама аясында жыл сайын еліміздің барлық облысына бюджеттік несие беріледі.
Сол 2022 жылдың жаз айларында «Саяси менеджмент академиясы» осы жобаны іске асыру аясында «Табыстарды көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігінің өсуі саласында басшының құзыреттілігін арттыру» тақырыбы бойынша еліміздің барлық ауылдық әкімін оқытты. Оған барлық 2 135 ауыл әкімімен қоса «Аmanat» партиясы аумақтық филиалдарының атқарушылары да қатысты.
«Ауыл аманаты» жобасының мақсаты мен міндетін түсіндіру бойынша 40 күндік ақпараттық марафон жасалды, түсіндірме жүргізудің жедел топтары республикамыздың барлық облысындағы 175 ауданның 425 аулы мен ауылдық округін аралады. Кездесулер барысында мобильді топ мүшелері ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие алу, лизинг мүмкіндіктері және халықтың табысын арттыруға бағытталған басқа да құралдар туралы ақпарат берді, сондай-ақ ауыл азаматтарының сұрақтары мен ұсыныстарына нақты жауаптар айтылды.
Осы уақыт аралығында солтүстік ауыл бизнесмендері бағдарламаға белсенді қатысып жүр. Тек Қызылжар ауданында 45 тұрғын жобаға қатысып, 398 млн теңгенің жеңілдетілген несиесін алды. Соның ішінде «Прибрежное» селосының тұрғыны Станислав Волков өзінің техникалық қызмет көрсететін стансасын (ТҚКС) дамыту үшін 8 млн теңгеге ие болды. Енді ол өз үйінің ауласында ғана жұмыс істеп келген ТҚКС аумағын кеңітіп, жаңадан үлкен бокс ашты.
«Жаңа боксты да жылытып, ішінде жұмыс істейтін қылдық. Қосымша екі көтергіш сатып алдым. Ерінбеген адамға жөндеу жұмысы дегеніңіз жетіп артылады. Ауыл шаруашылығы техникаларын да жөндеуге болады. Соның арқасында ай сайынғы төлемдерімді уақытында төлеп тұрмын», дейді С.Волков.
Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Әмір Баукенов қой өсірумен айналысады. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген ата-баба нақылын басшылыққа алған ол несиеге 115 тұяқ қой сатып алды. Қазір қарамағында өзінен басқа үш адам нәпақасын айырып жүр.
«Бұрын өз ақшама 130-дай тұяқ қой сатып алып, еңбектеніп жүргенмін. Енді мына жеңілдетілген несиенің арқасында 250 тұяққа жеткіздім. Әрбір еркек қойды семіздігіне қарай 50-60 мың теңгеге сатамын. Сондықтан табысым, шүкір, аз емес. Жемазықты өзіміз дайындаймыз. Жалпы, қой өсіру жақсы табыс көзі болатынына сенімдімін», дейді ол.
Бескөл аулының тұрғыны Мәдина Қабаеваның бизнесі ауыл шаруашылығына жақын деп айту қиын. Алайда қазір ауыл тұрғындары оның да қызметін пайдаланатын көрінеді. Бескөл аулының өзі Қызылжардың түбінде орналасқан үлкен ауыл болғандықтан, оның тұрғындары негізінен қала өмірімен тірлік етеді. Көптеген тұрғын Қызылжардың мекеме-кәсіпорындарында қызмет істейді. Міне, осы жандарға Мәдина Қабаева лазерлік эпиляция қызметін көрсетеді. Мәдина «Ауыл аманаты» бағдарламасының конкурсына түсіп, өз қызметінің ауыл адамдарына қажетті екенін дәлелдеп шығып, жеңіл детілген несиеге қол жеткізген. Несие қаржысына Германиядан «Ноlkon» атты қымбат аппарат сатып алған.
«Бұл аппараттың құны – 3 млн теңге. Жарты жылда-ақ оның бағасын шығарып алатыныма сенімдімін. Әрі қарай таза табысқа ие боламын. Өзімнің мамандығым – дәрігер-дерматокосметолог. Қызметімнің тұрғындарға қажеттілігіне көзім жеткен. «Ауыл аманаты» бағдарламасының несиесі маған іздегенге сұраған болды. Өсім пайызы төмен, оның үстіне «несиелік каникул» да береді. Сондықтан мен бұл несиені алғаныма қуаныштымын», дейді М.Қабаева.
Бескөл аулының тағы бір тұрғыны Радик Сағитов «Ауыл аманаты» бойынша несие алып, бөдене өсіруге кіріскен. Бұл бизнеспен Сағитовтың отбасы мүшелері тегіс айналысады. Шағын құс фермасы үйдің іргесінде орналасқан. 1500 бас бөденеге арналған арнайы торды Радик Сағитовтың сызбасымен жергілікті ісмерлер жасап берген.
Онда тұрақты температура, желдеткіш және қи түсетін лента бар. Халық арасында бөдененің еті де, жұмыртқасы да мың түрлі дертке дауа екені жиі айтылады. Адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурудан қорғайтын көрінеді. Ал дәмі тіл үйіреді әрі тойымды. Дәлірек айтсақ, кәдімгі тауық жұмыртқасына қарағанда бір грамм бөдене жұмыртқасы құрамында А және D дәрумендері екі есе көп екені дәлелденген. Сондықтан бөдененің жұмыртқасына деген сұраныс үлкен.
Радик Сағитовтың айтуына қарағанда, бөденені инкубатор арқылы жұмыртқадан өндірген. Әрқайсысы 200 жұмыртқаға шақталған үш инкубатор сатып алған. Балапанның жұмыртқаны жарып шығуына 17 күн кететін көрінеді.
«Бір бөдене айына 25 жұмыртқа береді. Әзірге біздің торларымызда әлі балапан өсіп шыққан жоқ, ал торларымыз толған соң, күніне 1500-ге дейін жұмыртқа аламыз ба деген үмітіміз бар. Петропавлдың супермаркеттері оны сатып алу туралы әлден келісімшарт жасап қойды», дейді Р.Сағитов.
Рәсімдеген несиесінің көлемі 14 млн теңге екен. Бизнесмен екі жылдың ішінде несиені толық төлеп, таза табыстың жолына шығуды көздеп отыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиелерді «Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы таратады. Биыл олар 250 ұсынысты зерттеп, несие беру мәселесін шешеді. Шағын және орта бизнес саласында мемлекеттік бағдарламаларды орындау бөлімінің басшысы Талғат Жұмабековтің айтуынша, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге қарастырылған.
Солтүстік Қазақстан облысы