12 сәуір – Ғарыш пен ғылым күні. Сондай-ақ халқымыздың даңқты перзенті, тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың туған күні. Биыл аса көрнекті ғалымның туғанына 125 жыл толды. Осы айтулы тойдың басы елордадағы біртуар тұлғаның еңселі ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Оған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен және ғалымның туған жерінен келген делегация мен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары қатысты. Мазмұнды іс-шараның ойдағыдай өтуіне елорда әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы қолдау көрсетті.
Алып тұлғаның ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне халық көп жиналды. Елдің дарабоз перзентіне деген көңілі көл-көсір. Күн де шуағын молынан төгіп тұрды. Бәрінің жүзінен ғұлама ғалымға деген айрықша құрметті көресің. Салтанатты іс-шарада алдымен сөз алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлт мақтанышының мерейтойы еліміз жыл бойы жалғасатынын жеткізді.
«Бүгін үш мереке қатар келіп тұр. Әрине, алдымен баршаңызды Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Айтулы тұлға отандық ғылымның негізін қалап, оны биікке көтерді. Елімізде қаншама кен орнын ашты. Ғылыми зерттеулер мен техникалық шешімдерге қойылатын талаптардың деңгейін айқындап берді. Нәтижесінде, еліміз геология мен тау-кен саласында жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Осының бәрі – Қаныш Имантайұлының орасан еңбегі. Мемлекет тарапынан ғалым мерейтойына айрықша маңыз беріліп отыр. Сондықтан мерейтой аясында түрлі танымдық іс-шара өтеді», деді министр. Одан кейін сөз сөйлеген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұңғыш академиктің геология, минералогия және пайдалы қазбаларды өндіру салаларында ашқан жаңалықтары мен жетістіктерін тілге тиек етсе, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Ғылым күніне арналған жиында Мемлекет басшысы «Қаныш Имантайұлы – қазақ ғылымының атасы», деп жоғары баға бергенін айтты.
Іс-шара аясында көрнекті тұлғаның ескерткіші жанынан ғұлама Мәшһүр Жүсіптің 1921 жылы Баянауылда жас Қанышқа берген батасы жазылған белгі-тасы ашылды. Сонымен қатар Қ.Сәтбаев көшесіндегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратына Қ.Имантайұлына арналған барельеф қойылды. Оның авторы – аталған жоғары оқу орнының аға оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Талғат Анарбеков.
Бұдан соң іс-шара Еуразия ұлттық университетінде «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты.
Алқалы жиын шымылдығы Мемлекет басшысының конференция қатысушыларына жолдаған құттықтауымен ашылды. Құттықтауды Президенттің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария оқып берді. Онда: «Баршаңызды ұлт мақтанышы, ғұлама ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын! Қаныш Имантайұлы Қазақстанды өркендетуге аса зор еңбек сіңірді. Ол көптеген кен орнын ашып, өнеркәсіп саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ұлттық ғылым академиясының негізін қалап, ғалымдардың тұтас буынын қалыптастырды. Төл тарихымыз бен мәдениетімізді зерделеп, руханиятымыздың өрісін кеңейтті. Қаныш Сәтбаев – Қазақстан тарихында орны бар тұғырлы тұлға. Әйгілі ғалымның туған күні еліміздің мерекелік даталар тізіміне, ғылым қызметкерлерінің күні ретінде белгіленуі – соның айқын дәлелі. Қазақтың біртуар перзенті «халқым менен де биік» деген ұстаныммен өмір сүрді. Оның ғибратты ғұмыры, туған елге деген шексіз сүйіспеншілігі, ұлт мүддесіне адалдығы жастарға әрдайым үлгі-өнеге. Академиктің мол мұрасын жан-жақты дәріптеп, есімін ұлықтау – ол ұрпақ парызы. Бүгінгі басқосуда ғылымның әлеуетін арттыруға қатысты салмақты ой-пікірлер айтылады деп сенемін», делінген. Сондай-ақ конференцияға Парламент Сенатының төрағасы М.Әшімбаев та құттықтауын жолдады. Ғалымның туған жерінен бір қауым елді бастап келген Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко жерлестерінің ыстық сәлемін жеткізді. Бұдан кейін мінбеге көтерілген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жиналған қауымды орайласып келген үш мерекемен құттықтап, сол күні Президенттің қатысуымен өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы ғылыми қауымдастықтың алдына бірнеше нақты тапсырма бергенін баяндады.
«Қазір еліміз су тасқынынан қатты зардап шегіп отыр. Сондықтан осындай табиғат апаттарына қарсы ғылыми нақты қолданбалы ұсыныстар болуы қажет. Әсіресе сейсмология, гидрология саласында алдын ала ескерту, ақпараттандыру жүйелерін іске қосу керек. Екінші – ғылымның қолданбалы форматқа көшуі мен оны коммерцияландыру. Бүгінгі кеңесте ғалымдар өздерінің озық жобаларын таныстырды. Қазір үш бағытқа көңіл бөліп отырмыз. Біріншісі – ғылымның басым бағыттары мен жаңа механизмін айқындау. Бұл тарапта Қытайдың тәжірибесін зерделедік. Олар гранттарды нақты ғылыми жобаларға береді. Бізде осы бағытты сараладық. Енді ғылымның қаржыландыру моделі өзгереді. Екінші – біздің министрлік еліміздегі ірі кәсіпорындармен бірлесіп, жұмыс істеуді қолға алды. Мақсат – өндіріс пен ғылымды ұштастыру. Үшінші – кадр мәселесі. PhD берілетін гранттар санын 5 мыңға дейін жеткіземіз. Ұлттық университеттер мен «зерттеу университеттері» мәртебесін алған оқу орындарының негізгі міндеті – сапалы маман даярлау. Қазір біз халықаралық серіктестіктердің арқасында өңірлік университеттердің зерттеу әлеуетін көтеруге бет бұрдық. Кейінгі екі жыл ішінде елімізде бірнеше шетелдік оқу орнының филиалы ашылды. Қазір «Болашақ» бағдарламасының да форматын өзгертіп жатырмыз», деді министр. С.Нұрбектің айтуынша, қазір шетелге кеткен отандық ғалымдардың бірқатары елге оралған. Мәселен, 2022 жылы елімізде 22 430 ғылыми зерттеу қызметкері болса, былтыр оның саны 25 540-ға жеткен. Яғни ғылым саласы бір жыл ішінде 2000 ғалыммен толыққан.Сонымен қатар ғылыми зерттеу институттарды қаржыландыру да арта түскен.
Құттықтаулар легінен кейін, кезек баяндамашыларға тиді. Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев «Қ.Сәтбаев – отандық ғылымының негізін қалаушы» тақырыбында баяндама жасады. Ол алдымен тұғырлы тұлғаның мерейтойына орай АҚШ, Қытай, Ресей, Беларусь, Қырғыз және тағы басқа елдердің ғылым академиясы жолдаған құттықтауларды оқып берді.
«Әр халықта мемлекеттің дамуына орасан үлес қосқан тарихи тұлғалар болады. Ғалым, академик, ел ғылымының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаев – отандастары үшін осындай биік тұлға. Әрқашан бірінші болу – академик Сәтбаевтың табиғатына тән құбылыс. Қаныш Имантайұлы – қазақтан шыққан тұңғыш инженер-геолог, алғашқы ғылым докторы, КСРО Ғылым академиясының қазақтан шыққан бірінші академигі, республикадағы ғылым академиясының негізін қалаушы және оның тұңғыш президенті. Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтың алғашқы лауреаты. Жыл сайын 12 сәуірде Қаныш Имантайұлының туған күніне орай – елімізде ғылым күні аталып өтіледі. Жаратылыстану ғылымы саласының ғалымдарына үздік жетістіктері үшін Сәтбаев атындағы сыйлық тағайындалды. Академиктің ғылыми мұрасы 800-ге жуық ғылыми мақаланы қамтиды. Оның редакциясымен Ғылым академиясында 30-дан аса ғылыми жинақ жарық көрді. Ғалым ретінде Қаныш Имантайұлы еліміздегі ірі пайдалы қазбалы кен орындарын ашып қана қоймай, оларды өндіру және қайта өңдеу үшін өндірістік база құруға баға жетпес үлес қосты» дей келіп, академия басшысы отандық ғылымның қазіргі дамуына да тоқталды.
Ал Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық Қ.Сәтбаев қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы даңқты данышпанның ұлттық ғылымды дамытудағы бірегей еңбектерін баяндады.
«Қанекең ең алдымен өндіріспен жұмыс істеуді алға қойды. Яғни ғалымның бастауымен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 10 оқтың 9-ы осы қазақ жерінен өндірілді. Сол арқылы жеңісті жақындатты. Бұл оған үлкен бедел әкелді. Осы беделінің арқасында сол жылдардағы Кеңес Одағын басқарған Сталиннің, одан кейінгі Хрущевтің кабинеттеріне тура кіріп, отандық ғылымды дамытуға қаржының көзін таба білді. Әрине, ол кісіні Жезқазғаннан ғылымға әкелген, сол жылдағы үкімет басшысы – Нұртас Оңдасынов. Ол Қ.Сәтбаевты ғана ғылым жолына әкелген жоқ, сонымен қатар үлкен қызметке Д.Қонаевты да әкелді. Д. Қонаев 1954 жылы докторлық диссертациясын қорғағанда, Қаныш Имантайұлы оның еңбегіне оң баға берген. Сондықтан да мұндай тұлғалардың бір-біріне көмегі көп тиген», деді сенатор.
Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов Қаныш атамыздың жаны да, рухы да қазақ болғанын айтып, оның өз саласынан бөлек, өнерімізге, тарихымызға жанашырлықпен қарағанын сөз етті.
«Қанекең жер тарихын, құрылысын бес саусағындай білді. Қарсақпайда жүргенде жазған мақаласы 1930 жылы «Жаңа мектеп» журналында жарық көрді. Сонда «Ұлытау кенересі» деген термин қолданады. Ұлытаудың бір шеті Арал теңізіне, енді бір шеті Бетпақ далаға жалғасады. Бұл үстіндегі Ұлытаудан астындағы Ұлытау 15-20 есе үлкен. Ғалым 1927 жылы «Ер Едіге» эпосын шығарды. Шын мәнінде,осы жинақтың өзі жазған алғы сөзінде оның ғажап лингвист, филолог, тарихшы болғанын байқаймыз. Оның ұлттық театртану, музыкатануға қосқан үлесі де зор», деді ғалым. Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, ғалым Мақсат Жабағин баяндамасында кемел ғұламаның геология және жаратылыстану ғылымдарымен қоса, халқымыздың биотегін зерттеуге қолдау көрсеткенін айтты. Қазір осы салада атқарылып жатқан ғылыми жұмыстарымен бөлісті. Геолог ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Серікбек Дәукеев Қ.Сәтбаевтың отандық геологияға сіңірген еңбегін жоғары бағалап, біраз жылдар осы салаға айтарлықтай көңіл бөлінбегенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ халықаралық конференция аясында «Планетарлық деңгейдегі тұлға» атты көрме өтті. Оған ғалымның туған жері – Баянауыл мемориалдық музейі әкелген академиктің өзі тұтынған жеке заттары қойылды. Бұл құнды жәдігерлерді қонақтар қызығып тамашалады. Сонымен бірге белгілі қылқалам шебері Алмас Сырғабаев парасатты тұлғаға арналған портреттер топтамасын ұсынды.