• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2015

«Ағайынды байшолақовтар» – спорттық әдебиетке қосылған сүбелі үлес

331 рет
көрсетілді

Таяуда белгілі спорт журналисі Қайрат Әбілдиновтің «Ағайынды Байшолақовтар» атты кітабы Алматыдағы «Полиграфкомбинат» ЖШС-нің баспаханасынан Қа­зақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиет­­тің әлеу­­меттік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарлама­сы бойынша төрт мың дана тиражбен жарық көрді. Жалпы, Қайрат Әбілдиновтің есімі спорт тақырыбындағы дү­ниелерді іздеп оқитын ағайынға жақсы таныс. Сейдахмет Берді­құлов атындағы спорт журна­листері арасындағы сыйлықтың лауреаты. Бүгінгі күнде Спорт және дене тәрбиесі істері коми­тетінде баспасөз қызметінің жетек­шісі болып қызмет ететін қалам­гердің бұдан бұрын таза спорт тақырыбына арналған  «Дәулет қоры: қарыз бен парыз», «Ел намысы бір кеудеге сыйған ба», «Алға, «Шахтер!» атты кітаптары жарыққа шығып, оқырманынан лайықты баға алған болатын. Біз әңгіме қылып отырған туындының аты айтып тұрғандай кітапқа самбо күресі бойынша қазаққа олжа салған ағайындылар – Қанат, Талғат, Жанат, Жасұлан және Жандостың өміртарихы, олардың үлкен спортта бастан кешкен қилы-қилы оқиғалары жүк болған. Бояуы әлі кеуіп үлгермеген бұл кітаптың бір ерекшелігі шығарма орыс тіліне аударылып, қазақшасымен бірге оқырманға ұсынылған. Кітаптың ұзына бойында автор «Қазақ спортына ағайынды Байшолақовтардың қандай еңбегі сіңді?» деген сұраққа жауап іздейді... Жалпы, жұрттың көбі Байшолақовтарды балуан деп танығанмен, олардың үлкен спорттан кейін бапкерлік қызметпен айналысып, толайым табыстарға қол жеткізгенін біле де бермейді. Мысалы, самбодан әлем чемпионы Қанаттың, Әлем кубогының иегерлері Талғат пен Жанаттың «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген атақтары бар. Қанат марқұм дзюдодан Қазақстан құрама командасының, қыздар құрамасының аға бапкері болды. Талғат болса Максим Раков пен Ислам Бозбаев сынды атақты дзюдошыларымыздың жаттықтырушысы. Қараған­дыда «Еңбек» деп аталатын спорт кешенін салған, кейін­гі кезде меценат ретінде де көзге түсіп жүрген азамат. Ал Жанат самбодан жастар арасындағы екі бірдей әлем чемпионын тәрбиелеп шығарған білікті бапкер, педагогика ғылымдарының кан­дидаты. Қазіргі таңда Қараған­дыдағы Олимпиадалық резерв даярлайтын орталықтың директоры болып қызмет етеді. Байшолақовтардың төртіншісі Жасұланның өзі Келбет Нұр­ғазина сынды жастар арасын­дағы екі дүркін әлем чемпио­нының жеке бапкері болды... Кітап негізінен үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімі «Ұшқан ұяда» ағайынды балуандардың ата-тегі, туған топырағы, өскен ортасы туралы мол мағлұмат қамтылған.  Мысалы, Байшолақовтардың атасы Ашубай деген кісі тың игеру кезінде Ақмола облысында тұрған. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары ғана атамекен Жаңаарқаға атбасын бұрған. Яғни, Қанат пен Талғат Ақмола жерінде дүниеге келген екен. Ал ағайындылардың қалғаны Жанат, Жасұлан және Жандостың кіндік қаны Жаңаарқа топырағына тамыпты. Кітапта ағайынды Байшо­ла­қовтар түлеп ұшқан «Жас сұңқар» спорт мектебі мен балуандардың алғашқы бапкерлері туралы да мол ақпар бар. Бота тірсек бозбалалардан әлемдік деңгейде күрескен балуандар шығарған Диқанбай Биткөзов пен Марат Жақитовтың ерен еңбегі де автор назарынан тыс қалмаған. Екінші бөлім «Қырандар ұшар биік» деп аталады. Мұнда автор бес ағайынды балуанға жеке-жеке тоқталып, олардың дүниеге келген сәтінен бастап бүгінгі тыныс-тірлігіне дейін егжей-тегжей ­баяндайды. Ал соңғы «Қалдың сен бүкіл елдің жүрегінде» деген бөлімде автор қазақтың қыран тектес ұлы Қанат Байшолақовпен көзі тірісінде аралас-құралас бол­ған жандардың жүрекжарды есте­ліктерін топтастырған. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».