Тәуелсіздік таңы атқалы бері тәубе дейік, мемлекетіміз әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан ТМД елдері ішінде көшбасшылық жолды бастады. Мұны, әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «...алдымен – экономика» қағидасын ұстанып, бірінші кезекте отандық экономиканы әртараптандыру, халықтың әл-ауқатын көтеру саясатымен байланыстыруға болады. Дербес мемлекет атанғанымызға ширек ғасырға енді жақындаса да біздің Қазақстанды экономикалық, инвестициялық ахуалы тұрақты ел ретінде төрткүл дүние таныды, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты саясаткер, көшбасшы ретінде жаһан жұрты мойындады.
Жыл сайын ұлттық экономиканың әр саласы қарқынды даму бағытынан жаңылған жоқ. Елімізде бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер молынан өндірілуде. Ауылдарда, қалаларда өндіріс орындары көптеп салынуда. Мұнай мен газ секілді табиғи шикізаттарымызды өндіру ұлғайған сайын қоршаған ортаны қорғау мәселесіне көбірек мән беруді қолға алуымыздың қажеттігі туындайды. Өйткені, тал бесікке балайтын табиғатымызды бір бүлдіріп алар болсақ, оны орнына келтіру машақаты да, шығыны да молая түседі. Табиғат алдымен адамзатқа қажет. Әр адам табиғатсыз өмір сүре алмайды. Әр адамға таза ауа, таза су қандай қажет болса, табиғатқа да адамның шынайы жанашырлығы қажет. Табиғат – адамның ең бірінші қорегі, ең басты емшісі. Қоршаған орта – ауа, су, жер құрамы бүлінсе, адам ағзасына зиянды химиялық зат өте көп мөлшерде түсіп, денсаулығы бұзылады.
Қоршаған ортаны қорғаудың басты тәсілі – ел заңдылығын сақтау, табиғи шикізатты өндіретін кәсіпорындарды соған үйрету. Елбасының өзі Солтүстік Каспий жобасын игеруші оператор-компанияларға Каспийдің биологиялық тепе-теңдігін сақтау қажеттігі жөнінде арнайы тапсырма бергені бар. Өйткені, әлемде Каспий теңізі секілді биологиялық алуан түрлілігі ерекше тұнық су айдыны кездеспейді. Мұнда құстың сан алуан түрі бар, бекіре тұқымдас балықтар өзге су қоймаларында кездеспейтіндігімен ерекшеленеді.
Атар таңға айтар ақ тілегім –алдымен тәуелсіз Қазақстанымыздың абыройы арта берсін, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» деп бабаларымыз айтқандай, еліміздегі ынтымақ пен бірліктің буыны беки түссін! Қоршаған ортамыздың тазалығы бұзылмасын, ең бастысы –халқымыздың денсаулығы мықты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз ашық, экономикамыз орнықты, табысымыз толымды, бақ-берекеміз мол болғай!
Мұфтах ДИАРОВ,
геология-минерология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, Атырау облысының құрметті азаматы.
АТЫРАУ.