Қазақ қашанда алдағы жылдарға үлкен сеніммен қарайды. «Бір аштықтың бір тоқтығы бар» дейтін сабырлы қазақтың пейіліне беріп жатқан шығар, құдайға шүкір, Қазақстан кешегі одақтас мемлекеттердің ішінде дамып- өркендеуі жөнінде алдыңғы орындарда келеді. Елбасымыздың кешегі Жолдауы бәріміздің көңілімізден шықты. Ұзақ жылдарға арналған стратегиялық жоспары бар мемлекеттің келешегі кемел, қадамы нық.
Н.Ә.Назарбаев әлемдегі дағдарыс жайын айта отырып, оның Қазақстанға тигізер әсерінің алдын алу шараларын ерте бастап кетті. «Қазақстанда бәрі тамаша, ешқандай қиындық көрмейміз» деп айта алмаспыз, өйткені, көрші елге салынып жатқан экономикалық санкция бізді айналып өтеді дегенге сену қиын. Бірақ, қолдағы барды бағалап, дұрыс ұқсата алсақ, бұл қиындықтарды да жеңіп шығуға болады», – деді Елбасы.
Біз мұны Оңтүстіктің өмірінен көріп отырмыз. Оңтүстіктен индустрияландыру картасына құны 1,2 трлн. теңге болатын 223 инвестициялық жоба енгізілген. Соңғы бес жылда өндіріске 180 млрд. теңге жұмсалып, 135 жаңа жоба іске қосылды. Он мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Биыл жалпы өңірлік өнім көлемі 2,3 трлн. теңгеге жетіп, соңғы бес жылда үш есеге ұлғайды.
Облыс әкімдігінің осындай іргелі жұмысының жақсы нәтиже беріп жатқанын жуырда Оңтүстікке келгенінде Елбасы да айрықша атап көрсетті. Сондықтан, есігімізді аттап жатқан Жаңа жылдан жағымды жаңалықтар күтеміз. Елімізде тыныштық болып, берекесі кіре берсін. Ел аман, елге арқа сүйеген Елбасы аман болсын. Қазақстанның бағындырар асулары көп болғай.
Жарылғасын ОҢАЛБЕКОВ,
Академиялық-инновациялық университеттің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
ШЫМКЕНТ.