«Макинск жылу оқшаулағыш зауыты» серіктестігі жылына 34 мың тонна өнім дайындайды. Бюджетке бір миллиард теңгеге жуық салық төлеп отыр. Серіктестік – еліміздегі базальт шикізатынан жылу оқшаулағыш дайындайтын бірден-бір ірі кәсіпорын. Өнімі де жан ұшырып жарнамалауды қажет етпейді. Қысы суық солтүстік өңірде сапалы жылу оқшаулағыш – қасқалдақтың қанындай қат дүние.
Өнім экспорттық әлеуетке ие
Алғаш ашылған кезден-ақ құрылыс саласы мамандарының көңілінен шығып, сұранысқа ие болған өнімнің өтімділігі неде? Әрине, сапасына байланысты. Жылу оқшаулағыштың әлденеше түрін дайындайтын кәсіпорын сэндвич-панельдерін де өндіреді. Сапа туралы әңгіме сабақтағанда серіктестік басшылары итальялық «Gamma Meccanica SPA» компаниясының технологиялық желісінің жетістігін ауыздарының суы құрып мақтап отыр. Кәсіпорын өнімдері өздерінің «MakWool» сауда белгісімен тіркелген. Атақ-абыройы да өз еліміздің ішінде, алыс-жақын шетелде де осы белгімен таныс. Дайын өнім сапасы мұқият тексеріліп, сан түрлі сараптамадан өткізіліп, отандық және ресейлік тиісті сертификаттарға ие болған.
Көздеген мақсатқа қол жетіп, өз биігіне шыққан кәсіпорын өнімі қазір Ресей мен Орталық Азия елдеріне шығарылып жатыр. Алдағы уақытта жылдық өнім көлемін 55 мың тоннаға жеткізбек. Ол үшін жаңа технологияларды қолданбақ. Әсіресе «жасыл» өндіріске иек артуды көздейді. Төрткүл дүниеге, табиғатқа, қоршаған ортаға зиян келтірмеу жағын мықтап қолға алып отырған жайы бар. Қазір мұнда 170 адам жұмыс істейді, орташа еңбекақы 320 мың теңгенің төңірегінде. Шағын қаланың тұрғындары үшін көп-көрім табыс. Оның үстіне кәсіпорында қол еңбегі мейлінше азайтылып, қыруар жұмыс механикаландырылған.
ҚТЖ қашанғы қырсығады?
Отандық өндірістің алға басқан қадамын кері кетіріп, тұсау болып тұрған тұсы да бар екен. Осы бір мәселені екпін түсіріп айта кетсек, артық болмас. Жалқыға емес, жалпыға қатысты дүние. Кәсіпорын басшыларының мәлімдеуіне қарағанда, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметіне көңіл толмайды. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл тарқатып айта кетелік. Зауыттың іркіліссіз жұмыс істеп тұруы шикізаттың уақытында, кешіктірілмей жеткізілуіне байланысты. Ал қажетті шикізат, яғни базальт тасы Ресейдің Алтай өлкесінен тасымалданады. Алтайдағы «Алтай Кокс» акционерлік қоғамы ұсынатын өнім Макинск қаласына жеткізілгенінше қаншама машақат. Шекаралық аймақтағы Құланды стансасында шикізат тиелген вагонды тасымалдайтын Қазақстан жағының локомотивтері тапшы. Ресей жағынан келетін теміржол бойындағы вагондар дәл осы стансада іркіліп қалады. Ал шикізаттың уақтылы жеткізілмеуі – қаншама шығын.
Мәселен, күні бұрын түзілген келісімшарттар уақтылы орындалмайды, кредиторлар алдындағы міндеттеме дер кезінде өтелмейді, салық та жүйелі төленбейді. Осындай бірқатар мәселе бір ғана жайдың сәтімен сабақталмауынан туындап отыр. Зауыт басшылығы «Қазақстан темір жолы» басшыларына бірнеше мәрте хат жазып, өтініш айтқанымен, әзірге оң қорытынды шыға қойған жоқ. Жүк тасымалындағы осындай оралымсыздықтар жиі туындайтыны – шындық. Жалғыз бұл серіктестік қана емес, агроөнеркәсіп саласындағы қаншама құрылым бейнет шегіп отыр.
Қалдықтар қайта өңделеді
Кәсіпорынның қоршаған ортаға залал келтірмеуге тырысып, бар мүмкіндігін жұмылдырып отырғанын жоғарыда сыналай айтып кеттік. Осы пікірді сәл ғана дамытып айтатұғын болсақ, кәсіпорын алдағы уақытта әлемдегі ең озық технологияларды қолдану арқылы қоршаған ортаға иненің жасуындай зиян келтірмеуге тырысып жатыр. 2023 жылдың сәуір айында «FAS Hansek GmbH» неміс компаниясының технологиялық желісін орнатқан. Бір айта кетерлігі, осы желі іске қосылғаннан кейін базальт тасының қалдығын жою сап тыйылды. Қалдықтар қайта өңделеді. Демек өндіріс барысында қоршаған ортаға залалын тигізетін зиянды зат мүлде қалмайды. Жағымды жаңалықтың әсері жасыл әлемнің жүзіне кіреуке түсірмеу болса, екінші жағынан үнем мәселесінде де ұтымды. Алыстан тасымалданған шикізат түгелдей кәдеге жаратылады. Жаңа желіні Германиядан келген мамандар құрастырып, мұнда жұмыс істейтін адамдарды оқытып, жолға қойып кетті.
Ендігі бір мәселе – базальт тасынан талшық өндіру кезінде қалатын қалдық. Бұл қалдық екінші қайта өңдеуге жатпайды. Сондықтан қалдықты ұнтақтап, инертті материал дайындауға көшкен. Бұл орайда өндірілетін өнім өндірістік алаңның астына төсейтін шақпа тастарға айналып, дуал қабырғаларына да пайдалануға әбден болады. Осы жылдың сәуір-мамыр айларында жаңа өндіріс желісі толық қуатында жұмыс істей бастайды. Дәл мұндай сипаттағы жаңа дүние елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырғанын да айта кету керек.
Шикізаттың Ресейден тасымалданып жеткізілуі қиынға соғып отырғанын айттық. Әрине, базальт тасының құрамындағы химиялық қосындылар талапқа сай болуы керек. Мұндай тас өз елімізде де бар екен, тіпті алыста да емес, Макинск қаласынан қырық шақырым жердегі Кішкентай және Келіншек елді мекендерінің маңында. Тек әттеген-айы бағалы тас «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында.
Табысы мол кәсіпорын шағын қаланың шырайына өз үлесін қосып келеді. Жұртқа жасаған жақсылығын жариялап айтқылары келмейді. Ол да – бір жақсы қасиет. Қалай болған күнде де, қыруар адамға жұмыс беріп, бюджетке қомақты қаржы аударып отырған отандық өндірістің өрге жүзуі – құптарлық-ақ дүние.
Ақмола облысы,
Бұланды ауданы