Қазақстан Еуразия кеңістігінде ең үлкен көлік-логистика хабын құрып, Қытайдан Еуропаға және Орталық Азиядан Батыс елдеріне әлемдік тауар тасымалын жеткізуді үйлестіріп, сонымен қатар құрғақ жол үстіндегі сауда ағынының бұйдасын ұстауға да ұмтылып отыр. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның Инновациялық орталығы осы істі ілгерілетуде үлесін қосып келеді.
Аталған орталықта халықаралық тасымалды қамтамасыз ететін көлік саласына қатысты іргелі жобалар іске асырылып жатқаны аян. Жуырда Инновациялық орталықта Сиань қаласындағы көлік-логистика орталығының ашылу рәсімі өтті. Қазақстан-Қытай қатынастары үшін көлік-логистика орталығын ашу аса маңызды. Бұған дейін екі ел арасында Қытайдың Шэньси қаласын біздің елмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын Сиань құрғақ портында логистика орталығын салу жөнінде уағдаласқан болатын.
Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. ҚХР мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі. Ондағы құрғақ портта орналасқан Қазақстан терминалының жобалық қуаты – жылына 66,5 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент). Терминал еліміздің тауар экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарығына жол ашады. Оған қоса жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартып, еліміздің Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік туғызады.
«Ақылды теміржол» жобасы
«ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамы мен Қытайдың «Huawei» компаниясы бірлесіп құрған жаңа Инновациялық орталық туралы Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев аталған орталық «Ақылды теміржол» жобасы негізінде жүзеге асқанын айтты. Сөйтіп, теміржол көлігі жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді таныстырды. Жоба IT және телекоммуникация салаларындағы әлемнің жетекші компанияларын тарта отырып, іске асырылып жатыр. Ал қазір «PSA» компаниясымен бірлесіп, Транскаспий бағытында тұтас цифрлық дәліз әзірлеп, іске қосты. Бұл жүйе уақытты едәуір үнемдейді, сондай-ақ тасымалдау үдерісін барынша ашық қылады. Сонымен бірге елімізді сауда ағындары үшін тартымды етеді. «Wabtec» компаниясының локомотивтерін тиімді пайдалану жөніндегі қанатқақты жоба да жүзеге асырылып жатыр. Бұл шешіммен, «Big Data», Интернет заттар (IoT) және жасанды интеллектіні (AI) пайдалана отырып, «Қазақстан теміржолының» инфрақұрылымын, қызметін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Президент те Көлік-логистика және Инновация орталықтарын ашу маңызды екенін атап өткен болатын.
«Бұл – «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасы бойынша іске қосылған жоба. Қазақстан ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы біздің елде жариялаған ірі жобаны толық қолдайды. Осы бастаманың арқасында орталықтың құрылысы қысқа мерзімде аяқталды. Мұның барлығы – екі ел арасындағы табысты серіктестік нәтижесі. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін береді. Сондай-ақ Еуразиядағы сауда-экономика ынтымақтастығын нығайта түседі деп санаймын. Осы орталықтың сапалы салынуына Қазақстанның және Қытайдың көптеген маманы атсалысты. Мен бүгін баршаңызға ризашылығымды білдіремін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тасымалдың төте жолы
Жуырда «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберінде транзитті ұлғайту бойынша стратегиялық уағдаластықтарға қол жетті. Бұл жолы Қытайдың Чунцин қаласында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының логистика жөніндегі орынбасары Ерлан Қойшыбаев Чунцин қаласы муниципалитетінің порттық логистикалық аймағы мен «Yuxinou (Chongqing) Logistics Co., Ltd.» логистикалық платформасының басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында «KTZ Express» АҚ және «Yuxinou» Қазақстан арқылы 200 контейнерлік пойызды ұйымдастыру және жөнелту туралы келісімге қол қойды. Оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) бойынша жүк көлемі 20 мың ЖФЭ-ден асады. Осы жылдың басынан бастап «Yuxinou» және ҚТЖ жеткізу мерзімі орта есеппен 14 күнге дейін Чунцин қаласынан Потиге (Грузия) ТХКБ бойынша бірлескен сервис ұйымдастырды.
Есте болса, жыл басынан бастап «ҚТЖ» ҰК» АҚ Сиань, Цзянсу, Бейжің, Чжэнжоу, Чунцин логистикалық платформаларымен Қазақстан аумағы бойынша 3500 транзиттік контейнерлік пойыздарды ұйымдастыру және жөнелту бойынша уағдаластықтарға қол жеткізген еді. Бұл шамамен 350 мың ЖФЭ-ні құрайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Чунцин халқы 32 млн адам болды, ал ішкі жалпы өнім көлемі 440 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткішпен Чунцин әлемдегі ең ірі қалалардың бірі саналады. Мұнда қосылған құны жоғары тауарлардың заманауи технологиялық өндірістері орналасқан. Чунцин – Қытайдан автомобиль экспорты бойынша көшбасшы. Өз кезегінде «Yuxinou» – Чунцин қаласының ең үлкен логистикалық платформасы және жылына 2500-ден аса Батыс пен Шығыс пойыздарын жөнелтеді.
Келешегі зор үшжақты келісім
Көлік-логистикалық компанияға айналу міндеті жүктелген «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы алыс-жақын елдердің бәрімен сала бойынша елге тиімді түрлі келісімшартқа отырып, маңызды меморандумдарды қолға алып жатыр. Таяуда тағы да «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Сиань, «Free Trade Port Construction and Operation Co ltd» (ҚХР) және ресейлік «Славтранс-Сервис» акционерлік қоғамы ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.
Тараптар Қытай – Қазақстан – Ресей импорттық, экспорттық экономикалық және сауда ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетіп, тереңдету үшін «Селятино» (РФ) КЛО-да жаңа көлік-қойма базасын құруға бірлесіп, инвестициялау мүмкіндігін қарастыра бастады. Сондай-ақ үш тарап та халықаралық логистикалық дәлізді нығайту үшін Сиань – Алашаңқай/Қорғас – Селятино желілік тасымалдарын бірлесіп дамытатын болады.
Жаңа меморандум жоғары сапалы логистикалық шешімдерді қамтамасыз етудегі маңызды қадам болатынына үш тарап та сенімді. Өйткені «Славтранс Сервис» 2001 жылдан бастап жұмыс істейді және теміржол контейнерлік және қойма логистикасы саласының көшбасшысы болып есептеледі. Саладағы осынау ауқымды жобалардың атқарылуы мен аймақтағы геосаяси жағдайларға қарап, елдің көлік-логистикалық державаға айналарына сенгіміз келеді.