Ақтөбе облысының полицейлері бала еміне қаржы жинап, оны қалтасына басты деген күдікке ілінген «More life» қорының басшыларын ұстады, деп жазады Egemen.kz.
Қазіргі уақытқа дейін аталмыш қор 30 миллион теңге жинап үлгерген. Алайда нақты сома әлі белгісіз.
Жәбірленушілердің айтуынша, қор директоры ауыр дертке шалдыққан баланың еміне ақша жинап, қаржыны заңсыз иемденген.
2023 жылы денсаулығында кінәраты бар баланы сылтауратып, ата-анасына қаржы жинауға көмектесемін деп келісім жасасқаны да анықталды. Алайда оларды Беларусияға ақшасыз аттандырып, қаржыны әне-міне аударамын деген желеумен сан соқтырған. Тиісінше бала да емделе алмады. Зардап шеккендер шетелде көмексіз қалғанын айтып шағымданған.
«Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу жұмыстары аясында халықаралық тапсырмалар жолданды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», делінген облыстық Полиция департаменті таратқан хабарламада.