• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Сәуір, 2024

Дін басқармасы Бишімбаев пен Нүкенованың некесін қиған имамға шара қолданды

357 рет
көрсетілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қ.Бишімбаев пен С.Нүкенованың 2022 жылдың 17 қазанында мешітте қиған некесіне қатысты мәлімдеме жасады, деп жазады Egemen.kz.

Дін басқармасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы ҚР Кодексінің 2-бабының 3-тармағында тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) ғана мойындалатынын түсіндіре келе, Қ.Бишімбаев пен С.Нүкеновадан АХАТ бөлімінің құжаты табанды түрде талап етілмегенін жеткізді.

«2022 жылдың 17 қазанында Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте Қ.Бишімбаев пен С.Нүкенованың өз өтініштері бойынша куәгерлердің қатысуымен болашақ ерлі-зайыптылардың некесі қиылған. Аталған азаматтардан және олардың туыстарынан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде «жасалып жатыр» деп жауап берген. Сонымен қатар дәстүрге сай ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некелерін қиып беруін өтінген», делінген ҚМДБ хабарламасында.

Сондықтан, айтылған мерзімде екі азаматтың некесін қиған Республикалық бас мешіттің имамы Қ.Қыдырминге ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзғаны үшін тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалған.

Айта кетейік, ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібінің тиісті талабына сәйкес мешіт қызметкерлері неке қию рәсімі алдында болашақ ерлі-зайыптылардан Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті талап ету керек.