Маңғыстауда көркем гимнастикаға қызығушылар саны артып келеді. Бұған кейінгі айларда аталған спорт түріне жан бітіп, түрлі деңгейдегі сайыстардан жерлестердің жүлделі оралуы себеп болса керек. Жақында Маңғыстау көркем гимнастшылары жүлде қорын тағы бір айтулы жетістікпен толықтырды. Олар сәуір айында Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен халықаралық турнирде жеңіске жетті.
– «Келешек-2024» халықаралық турниріне Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжаннан 600-ден аса гимнастшылар қатысты. А тобында Әзербайжан және Қырғызстан ұлттық құрама мүшелері бақ сынасты. Маңғыстаудан барған 22 гимнастшы үлкен аренада өнер көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша спортшылардың 12-сі қола, 13-і күміс жүлдені еншілеп, 11-і алтын медальмен марапатталды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Дайындықты жалғастыра береміз. Маңғыстау гимнастшылары алда зор жетістіктерге жететініне сенім мол, – дейді облыстық аталған спорт түрі федерациясының басшысы Аида Садатқызы.
Федерация басшысының айтуынша, Қазақстан құрамасы спорт шеберлері және спорт шеберіне үміткер бағдарламасында өнер көрсеткен топтар бойынша жалпы есепте 2-орынға ие болған және бірқатар маңғыстаулық гимнастшылардың үздік нәтижелері үшін Қырғызстан көркем гимнастика федерациясы кубогімен марапатталуы да өңір гимнастикасының бүгінгі деңгейін, қарқынын таныта түседі.
Әрі өнер, әрі спорт саналатын көркем гимнастика адам тұлғасының қалыптасу, жетілу сымбатына ерекше күш береді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін жаттығуға қатысушылар қатарының сиремеуі де сол себепті болса керек.
Маңғыстау облысы