Көкшетаудағы «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – өнімдерінің сапасымен тұтынушыларының сеніміне кірген кәсіпорын. Серіктестік өнімдері ел дастарқанының берекесін адал аспен келтіріп отыр. Ас болғанда қандай, дәмін татқан адам сауда сөрелерінде сыңсыған азық-түліктің арасынан осы өнімді іздер еді.
Уақыт өткен сайын замана талабына сай өнім түрін көбейтіп, мәзірін байытып, ілкімді ізденіспен келе жатқан кәсіпорынның тарихы әріден басталады. Сонау 1965 жылы пайдалануға берілген. Одан бері бірнеше мәрте жаңғыруды басынан кешірді. Атауы өзгергенімен, мақсат-мұраты бастапқы арнаны кеңейтіп, барынша байытып, тұтынушы талабын зерделей зерттеп, алға ұмтылумен келеді. Ерекшелігі сол, серіктестік табиғи таза өнім өндіру арқылы жасандылықтан арылмақ.
Өтпелі кезеңде біршама қиындықты басынан кешті. Бірқатар кәсіпорын бұрынғы қалыптасқан экономикалық байланыс үзілгеннен кейін тұралап қалғаны да бар. Сол кезде осы кәсіпорынның директоры қызметін атқарған қалалық мәслихаттың депутаты Дулат Жақсылықовтың өндіріс орнын қаржылық қыспақтан аман алып қалған ерен еңбегін айту парыз. Қазір 318 адам еңбек етсе, сол кезде де көптеген қала тұрғыны қалалық сүт зауытында жұмыс істеп, отбасын асырады. Қалалық мәслихатта әріптес болғандықтан, жағдайын жақсы білетін едік. Дулат аға кәсіпорынды сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмылдырды. Есесіне, қиын уақытта зауыт жұмысшылары жұмыссыз қалған жоқ. Сөйтіп жүріп, мәдениет пен өнерге жанашыр болып, қолдау-көмегін көрсетті. Сөз арасында өмірден ерте өткен іскер жанның елге деген жанашырлығын айтпасақ, обал болар еді. Сол кездің өзінде кәсіпорын басшысының арман-мұраты халықты табиғи өніммен қамтамасыз ету еді.
Облыс орталығындағы азық-түлік дүкендерінің сөрелерінде жасанды өнім сыңсып тұр. Алыс-жақын шетелден жеткізілгендері де бар. Әрине, дені ұнтақ сүт. Халықтың пікірінше, дүкен сатушыларына ұнтақтан сатылған сүт тиімді. Айлап тұрса да ірімейді. Ал табиғи, таза сүт ұзақ мерзімге шыдамаса керек. Өнімдерінің дүкен сөресінде жатып қалмайтындығына бек сенімді кәсіпорын тұтынушылар көңілін табиғи өніммен жаулап келеді. Олар сүт, айран, сары май, ірімшік өндіреді. Оған қоса бұл күнде көзден бұл-бұл ұшқан құрт, қоспа тәрізді ұлттық өнімдер де бар.
– Ертеректе мал сүмесімен күн көрген малсақ қауым сүт өнімдерін кәдеге жарататын, – дейді Бәтима әжей Ырысбекова. – Әттең сол дәстүр үзіліп қалды. Қазір ауылға барсаң қолдың сары майын емге таба алмайсың. Ілкі замандағы қарынға салған майдың дәмі қандай еді? Құрттың неше түрін дайындайтын. Сықпа құрт, малта, ежігей дейсіз бе? Соңғы жылдары Көкшетаудың сүт зауыты қазақтың ежелгі дастарқан дәмін жаңғыртып, көпшіліктің көңілінен шығып отыр.
2020 жылы серіктестік өз тауарлары арқылы жергілікті сауда әлеміне соны жаңалық әкелді. Кәсіпорынның сүт өнімдері жаңа технологиялық құрылғы арқылы дайындала бастады. Сапа да күрт артты, саудасы да жүріп берді.
– Қазір бәсекелестік өте күшті, – дейді серіктестік директоры Ерсайын Жақсылықов. – Кәсіпорынның мүмкіндігін арттырып, замана талабына сай жетілдіріп отыру шарт. Бұл тараптан қазір айтарлықтай қиындық жоқ. Ең бастысы, шикізатпен қамтамасыз ету. Көпшілікке белгілі сүт жаз айларында мол болғанымен, қыста күрт азаяды. Сол себепті Зеренді ауданында сауын сиыр ұстап, шикізаттың үзілмеуін, жылдың қай маусымында болсын жеткілікті мөлшерде жеткізіліп тұруын қамтамасыз етуді ойластырудамыз.
Өнім сапасы өз алдына, сүт зауытының халықтан сүтті лайықты бағамен сатып алуы өңірдегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға септігін тигізетін дүние. Бір әттеген-айы шалғайдағы шағын ауылдардағы малсақ қауым дәл осындай табыс әкелетін игілікті көре алмай отыр. Әнебір жылдары құрылған кооперативтердің жұмысы аяқсыз қалды.
–Егер бір өңірде қанаттаса қонған төрт-бес ауылдағы ағарғанды бір жерге жинап, тоңазытқышқа қойып, таңғы сауынмен кешкі сауынды қосып тасымалдаса, сүттің өзіндік құны арзандар еді. Өйткені тасымалдау қаражаты үнемделеді ғой, – дейді ел ағасы Серік Тасымов. – Сонда ауылдағы ағайын бейнетін көп көрген малының зейнетін де көрер еді.
Ақсақалдың уәжі өте орынды. Тақырыпқа тікелей қатысы болмаса да ауылға қатысы болған соң айта кететін бір мәселе осы. Егер осы шаруаны мықтап қолға алса, бүгін сауда сөрелерін жайлап кеткен алыс-жақын шетелдің өнімдеріне тосқауыл қойылып, бәсекелестік туындар еді. Өз өнімімізді игеру арқылы мал шаруашылығына да тың серпін берілмей ме?
Кәсіпорындағы жаңа желі сүт өнімдерінің түрін молайту арқылы ел дастарқанын байыта түсті. Астананы азық-түлікпен қамту белдеуінде орналасқандықтан да сапалы әрі дәмді сүт өнімдері жалғыз облыс орталығында ғана емес, елорданың сауда сөрелерінде де сатылып жатыр. Қазір әдеттегі сүт, айран, ірімшік, сары майға қоса, балқытылған сыр, йогурттың түр-түрі, балмұздақ тәрізді тағамдар сатылады. Осы арада Көкшенің балмұздағының атағы жер жарып тұрғандығын ерекше айтуға болады. Бурабай баурайындағы демалушылар да, елорда тұрғындары да Көкшетаудың балмұздағы десе, балға үймелеген арадай қаумалайтыны бар. Мұның барлығы өз ісіне мұқият кәсіпорын ұжымының сапаға ден қойғандығынан.
Биыл мұздатылған жеміс-жидектің екі түрін, экзотикалық манго, маракуйя, мохито өндірмек. Хош иісті, дәмді өнімдер тұтынушылар тарапынан лайықты бағасын алатыны сөзсіз.
КӨКШЕТАУ