Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві қорынан Қазақстанның Халық қаһарманы, ұшқыш Хиуаз Доспанованың бұрын белгісіз болып келген суреті табылды.
«Архивте көне басылымдардың тігіндісін қарап отырғанмын. Сол кездегі Батыс Қазақстан облыстық «Приуральская правда» газетінің 1940 жылы 4 қаңтардағы нөмірінің бірінші бетінде қаршадай қазақ қызының суреті басылған екен. Фотосуреттің сипаттамасында «Досанова Х.Х.» деп жазылғанымен, қазақтан шыққан қаһарман ұшқыш қызды бірден таныдым», дейді бізбен қуанышты жаңалықты бөліскен өлкетанушы Айболат Құрымбаев.
«10-сыныптың оқу үздігі, №1 (Орал) орта мектеп бойынша комсомол комитетінің хатшысы Х.Х.Досанова Оралдағы Осоавиахим жанындағы аэроклубты мектептен қол үзбей оқып, «жақсы» деген бағамен аяқтады» деп жазылған екен суреттің астында.
Осы газеттің 1940 жылғы 6 қаңтардағы санында «Ұшқыш қыздар» деген шағын мақала тағы жарияланған.
«Жақында Орал қаласындағы Қорғаныс, авиация және химиялық инженерияны қолдау қоғамы жанындағы әуе клубының жазғы мектебінде оқу аяқталды. Курсты Болдырева, Доспанова, Паромова сынды қыздар жақсы көрсеткішпен тәмамдады. Тимофеев, Цыганов, Голубинов, Письменный және басқалары сынақтан үздік өтті. Болдырева мен Паромова нұсқаушы-ұшқыш тобына қабылданды», делінген мақалада.
Сонымен бірге автор жастардың әуе ісіне ерекше қызығушылық білдіріп отырғанын, биыл клубқа келген жастардың жалпы білім деңгейі де жоғары екенін, осы (1940) жылы аэроклуб ұшқыштардан бөлек, әуе механиктерін де даярлай бастайтынын хабарлаған.
Батыс Қазақстан облысы