Қызылжардың түбінде болса да, дөңде орналасқандықтан су кірмей, айналып кеткен Прибрежный деген ауыл бар. Бұрын «Озерный» кеңшары десетін, шаруасы тыңғылықты, экономикасы жақсы дамыған шаруашылық еді. Қазір сол ауыл аралда қалды. Далаға өрген ұсақ малдары, егіс басындағы техника, мүліктері суға кеткенімен, жандары да, үй жайлары да аман.
Кеше осы ауылға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тікұшақпен барып, мектепте уақытша қоныстанған жандармен, жергілікті тұрғындармен кездесті. Зардап шеккендерге мемлекет тарапынан берілетін көмек туралы айтып, халықтың еңсесін көтерді. Жергілікті билік өтемақыға байланысты өтініштерді эвакуациялық бекеттегі «Старлинк» арқылы интернетпен қабылдайтын болды. «Ауыл тұрғындарын қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді Қызылжар ауданының әкіміне тапсырамын. Басқа да шұғыл шаруаларыңызды аудан әкімі шешеді», деді әкім.
Қызылжарға қайырымдылық көмектер керуені үзбей келіп жатыр. Кеше Астанадан Түрік мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының фурасы жетті. «Біз бұл жүкті бір күннің ішінде ғана жинадық. Еріктілер көбейіп кетіп, бір фураны тез толтырдық. Әкелген жүктеріміздің ішінде таза ауызсу, суға киетін етік, қайықтар бар. Халықтың қайғыға ортақтасып, көмек қолдарын созуы қуантады», дейді қордың өкілі Сұлтан Смайылов.
Кеше Алматы тұрғындары мен кәсіпкерлерінің атынан да бір үлкен фурамен көмек жеткізіліп, ол Қызылжардың түбіндегі Бескөл ауданына тұрақтады. 20 тоннадай жүктің арасында нан, ұн, су, консервілер, ет өнімдері, қайықтар, суға киетін гидрокостюмдер т.б. бар. «Біз жүгімізді қабылдаушыларға өткізіп қоймай, су астында қалған ауыл-селолардың тұрғындарына өз қолымыздан таратқымыз келеді. Сөйтіп, халықтың жүзіндегі қуаныш, үміт отын көргенді қалаймыз. Қызылжарлықтар біз жалғыз қалдық деп ойламасын. Сын сағатта қолдан келген көмекті беруге дайынбыз. Сол мақсатпен осында 2-3 күн боламыз», дейді көшті бастап келген Самат Білгішев есімді кәсіпкер. Оның айтуына қарағанда, бұл машинадан басқа тағы төсек-орын, жылы көрпелер мен одеялдар, матрацтар тиеген «Газельдер» де келетін көрінеді. Барлық жүк кемінде 300 адамның жүрегін жылытуға тиіс дейді Самат. Сонымен бірге ол осы жүкті толтыруға 2,5 млн қаражат кеткенін айтты, оның 1 млн 700 мыңдайы әріптестері мен халықтан жиналыпты, қалғаны өз қаржысы екен. Айта кетерлігі сол, табиғаты ғана емес, жүрегі де жылы ару Алматыдан жеткен көмек жалғыз бұл емес, осыған дейін де 2-3 керуен жеткен еді.
Қазір келіп жатқан қайырымдылық көмектерді қағаз қораптарға бөліп, жобамен әр адамға бірдей қылу үшін жұмыс істеп жатқан волонтерлердің де ісі қауырт. Кеше 10 тоннадай қораптарды олар эвакуациялық бекеттерде жатқан жандарға жеткізді. Сонымен бірге қала бойынша үш жерде тарату бекеттері ашылып, оған тұрғындардың өздері келіп, қораптарын алып жатыр. Соның ішінде «Жастардың ресурс орталығында» негізінен азық-түлік таратылады. Қалғандары түрлі затты таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін таратып жатыр. Көмек алушы міндетті түрде куәлігін көрсетуі керек. Таратушылар сол арқылы оның зардап шеккен аймақтан екенін интернеттен табады.
Кешеге дейін Петропавл қаласы бойынша 2 мыңнан артық адам өтемақы алуға арыз берген. Ойқала тұрғындарының бір тобын қабылдаған 32-мектептегі эвакуациялық бекеттегі жасы үлкен адамдарға, жарымжан жандарға арызды қалай толтыру керегін көрсетіп жүрген волонтерлер бар. Кейбір қарттар болған жайға болаттай болып, еңсесін түсірген жоқ. «Ең бастысы, тіріміз ғой, әйтеуір. Қалғаны бола жатар. Маған құжаттарымды дайындауға көмектескен жігіттер кеше банкке де апарып келді. ХҚКО орталығынан да мамандар келіп, барлық құжатымды толтырып берді», дейді Ольга Сафронова есімді кейуана.
Зардап шеккендер арыздарын бір реттік жәрдемақы және өтемақы алуға беріп жатыр. Тағы бір 100 адам несиелерін төлеуді кейінге қалдыруды сұрапты.
Әрине, бір жақсылыққа бір жамандық қоса жүреді ғой. Өздерін зардап шегушілерміз деп өңмеңдеген біреулер тегін көмектен алып қалуға да жанталасып жатыр. Көршісінің үйі күйгенде, қолын жылытып алуды көздеген құнсыз сұмдар әр уақытта болады. Тасқынға байланысты WhatsApp мессенджерінде ашылған чаттарда қиын жағдайға тап болғанын айтып, халықтан жедел көмек сұрап, банк карталарын көрсетіп жатқандар да кездесті. «Біз сондай хабар бергендердің шындығын тексерген едік. Үш күннің ішінде 6 чаттан 50-ге жуық өтініштің өтірік екенін анықтадық. Бұл – әрбір чатта көмек сұрағандардың кем дегенде үштен бірі. Жүрегі жылы жерлестеріміз сондайларға алданып, ақша жіберіп қойған. Халықтың қиын жағдайға тап болып жатқанына қарамай, алдағысы келген алаяқтардың ар-ұяттан әбден безгенін көруге болады. Біз тұрғындарға шындығын тексеріп алмай, ақшаларыңызды аудармаңыздар деп айтып жатырмыз», дейді Солтүстік Қазақстан ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Қала прокуроры Тыныбек Сапаровтың айтуына қарағанда, осы уақытқа дейін чаттарға фейк хабар салған екі адам ұсталып, екеуіне де 20 АЕК көлемінде айыппұл салынған. «Әркім өзіне түскен хабардың шындығына көзі жетпей, таратуға қақысы жоқ. Фейк ақпараттың бірінде жас әйел екі баланың суға батып кеткенін айтыпты. Бұл хабарды тіпті TikTok-қа салып қойған, бірақ артынан өзі жойыпты. Дегенмен сот оған жазасын беріп, 73 мың теңге айыппұл салды», деді прокурор.
Облыстағы күйлі тұрмыстағы, шаруасы озық кейбір ауылдары зардап шеккен тұрғындарды өздеріне шақырып жатыр. Мәселен, М.Жұмабаев ауданындағы Совет аулы «үй де береміз, жұмыс та табылады, келіңіздер», деген хабарландырулар беріпті. Облыста осындай қуанышты хабарлар да бар.
Солтүстік Қазақстан облысы