«Kazrost Engineering» жеке компаниясы – өңірге өте маңызды өзгеріс әкелген кәсіпорын. Бұрынғы «Вектор» комбайн зауыты» серіктестігінің өндірістік алаңын жаңғыртып, техниканың модельдік қатарын көбейтуді қолға алған кәсіпорын ауыл шаруашылығының ахуалына оң ықпалын тигізіп келеді.
Ел ырысының молаюы тегеурінді техникаға тікелей тәуелді. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.
«Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестиция тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет.
Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейлі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады», деген еді.
«Kazrost Engineering» жеке компаниясы 11 мың шаршы метр алаңда «VECTOR 410 KZ» және «ACROS 550 KZ» астық жинайтын комбайндар шығарады. Әлемнің бес еліндегі 11 өндірістік алаңға орналасқан 13 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Соның ішінде Көкшетаудағы өндіріс орны да бар.
2021 жылдан бастап «YTO» бренді тракторларының конвейерлік өндірісі жолға қойылыпты. Жеке компания – «Ростсельмаш» брендінің ауыл шаруашылығы техникасының отандық өндірушісі.
Біз қызу жұмыс қайнаған өндірістік цехтарды аралап жүрміз. Қай тарапқа қарасаң да, ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Машықты қалыппен шалт қимылдап жүрген жұмысшылардың жүзінен өз ісіне деген ризашылық реңі көрініп-ақ тұр. Орташа еңбекақы көлемі – 308 мың теңге. Облыс орталығы тұрғындары үшін тәп-тәуір табыс. Қазір мұнда 175 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын ауыл шаруашылығындағы ахуалды жақсартуға септесумен бірге осынша отбасын асырап отыр деген сөз. Елге тигізген игілігінің бір парасы осы.
– Бізге адал еңбегімізбен отбасымызды асырайтын жұмыс орны болса болғаны, – дейді өндірістік цехтың басшысы Ербол Шәкенов. – Өндірісте істейтін жергілікті ұлт өкілдері көбейіп келеді. Біздің тәжірибелі жұмысшылар жастарды үйретіп, пысытып, қатарымызға қосып отыр. Ертеңгі болашақ осылардың қолында.
Міне, металл кесу цехы. Қажетті металл күні бұрын өлшеніп, дәлме-дәл екшеліп, компьютерге бағдарламасы енгізілгеннен кейін оп-оңай ойылып алынады. Жұмыстың бәрі бір ырғақпен, мүлтіксіз атқарылып жатыр. Таза, ыңғайлы жұмыс киімін киген жұмысшылардың бейсауат адамдарда тіпті де шаруасы жоқтай. Дәнекерлеу аппараттары орналасқан цехта да жұмыс қарбалас. Құрастыру барысындағы қажетті бөлшектерді бір-біріне дәнекерлеп, комбайнның жаткаларына қажетті металл қиындыларын қиыстырып әлек. Компрессорлар мен өндірістік үдеріске қажетті жабдықтардың бәрі осы заманғы. Одан әрі тораптар мен адаптерлерді бояу және құрастыру цехы орналасыпты. Көз салып көрмек болып едік, бояуға енгізілген техникалар сыртынан ауа өтпейтіндей мұқият жабылып, тұмшаланады екен. Кесімді уақыты жетпей ашуға болмайды.
Құрастыру цехында он шақты жұмысшы қызу іске кіріскен. Бір айта кетерлігі, комбайндар мен тракторларға қажетті бөлшектердің 30 пайызы осы жерде дайындалады. Ақыл таразысына салып безбендесеңіз, әзірге жаман көрсеткіш емес. Күн өткен сайын кеңіп, дами берсе, астық комбайндары мен тракторларға қажетті тетіктердің дені өзімізде өндірілсе деп армандайсың.
Жеке компанияның өндірістік қуаты туралы да айта кетелік. Жылына бес модификациялы 700 астық комбайнын шығарады. Бес түрлі 760 жатка дайындалады. Одан өзге де ауыл шаруашылығы құрылғылары толып жатыр. Екі түрлі трактордың 500 данасы өндіріледі. Алдағы жоспарлары да кісі қызығарлық. Биылдан бастап №3 цехтың құрылысын жүргізбек. Міне, сол кезде өндіріс көлемі арта түседі. Өндірісті жаңғырту үшін токарлік-фрезарлік станок, сырлап кептіретін камералар, көлемі үлкен қосалқы құрылғыларды құрастыру орталығы іске қосылмақ.
Жеке компанияның өнімдері яки астық комбайндары мен тракторлары астықты өлкеде жақсы таныс. Өздері де алғашқы тәжірибеден өткізеді. Диқандар да жақсы бағасын беріп отыр.
– Жаңаның аты жаңа, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының жетекшісі Құлан Болатов. – Күні кешеге дейін кеңес заманынан қалған ескі техниканы пайдаландық. Әрине, қаржының жетімсіздігінен. Шынтуайтында ел ырысын молайту үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарының материалдық-техникалық базасын мейлінше нығайту керек. Бұл орайда Президент қойып отырған талап өте орынды. Мәселен, жерге еккен дән танаптың ылғалы кеппей тұрып көктеуі үшін көктемгі егіс науқанын уақытында аяқтау қажет. Агротехникалық талаптарды сақтай отырып, белгіленген мерзімде егін себуді аяқтауға қуатты техника қажет екені белгілі. Күзгі егін орағында да дәл осы көрініс қайталанады. Солтүстікте егін пісіп болмай күздің қара жауыны жауып кететін уақыт жиі. Міне, сол кезде бір қолыңды екі ете алмай жанталасып жатқанда жаңа заманғы техниканың, әсіресе астық комбайндарының қажеттілігі көзге көрініп тұрады.
– Астық комбайндарының іші қандай жайлы, – дейді механизатор Есен Серіков, – Құдды шетелдік автокөліктің ішінде келе жатқандайсың. Бункерге жиналған астықтың ылғалдылығы, тазалығы, жиналған дәннің жалпы салмағы қолмен қойғандай көрсетіліп тұрады. Гектар берекесін де біліп отырасың. Жұмысқа ыңғайлы әрі төзімді.
Ауыл шаруашылығының ахуалын жақсарту үшін материалдық-техникалық базаны жаңғыртқан ләзім. Биыл Ақмола өңірінде көктемгі дала жұмысына 15 мыңнан астам әрқилы маркадағы трактор шығарылмақ. Диқандар пайдаланатын техниканың бес пайызы ғана жаңартылған. Өткен жылы жалпы құны 70 млрд теңгені құрайтын қаражатқа екі мыңға жуық техника алынған екен. Тұтас саланы түбегейлі жаңғырту талабын ескерсек, әрине, бұл көрсеткіш те олқы соғып жатқандығы шындық. Алдағы жылы бұл көрсеткіш 6 пайызға жетпек. Осы жылдың алғашқы екі айында 4 млрд теңгеге 137 жаңа техника алыныпты. Бұл тараптағы жұмыстың қарқынды атқарылмай отырғанының өзіндік себебі бар. Өткен жылы өнім сапасыз болғандықтан, ауыл шаруашылығы құрылымдары табыссыз қалды.
Мемлекет тарапынан қолдау да айта қаларлықтай. Субсидия ретінде өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарына 45,6 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Күні бүгінге дейін осы қаражаттың 31 млрд теңгеге жуығы шаруаның қолына тиген. Қалған қаражат мүмкіндігінше ай сайын беріліп отырмақ.
Компания жұмысын жолға қойғаннан бері 1 946 астық комбайнын, 1 799 жатка, 994 трактор, атжалдан астық жинайтын 1200 құрылғы шығарыпты. Алдағы уақытта комбайн мен трактор кабиналарын дайындайтын цех іске қосылмақ.
– Нарық заңы тым қатал, – дейді директордың орынбасары Виталий Кун. – Заман ағымына ілесіп отыру шарт. Қазір ауыл шаруашылығы құрылымдарына ұсынып жатқан техникаларымыз көптің көңілінен шығып тұр. Дегенмен уақыт көші алға жылжыған сайын бұл тараптағы іс те күрделене түседі емес пе?
Виталий Валентиновичтің айтуына қарағанда, кәсіпорынға жұмысшы кадрлар қажет екен. Ынтасы бар ықыласты жас болса, өздері үйретіп алмақ. Қазір облыс орталығындағы кәсіптік-техникалық колледждермен іскерлік байланыс орнатып, дуальді оқыту жүйесін жолға қоймақ. Ел ертеңін ойлаған кәсіпорын басшыларының ниеті оң.
Астықты өңірдегі ырыстың молаюына өзіндік үлес қосып жатқан жеке компанияның жетістіктері өз алдына бір төбе. Әрқилы сынақ көрмелерде топ жарған мәртебелі шағы мол. Ең бастысы, елдің игілігі үшін ілкімді іс атқарылып жатыр. Сол тараптан қарағанда ортақ шаруаның оңғарылуына қосқан сыбағасы салмақты.
Ақмола облысы