САЛАМАТТЫЛЫҚ – ҰЗАҚ ҒҰМЫР КЕПІЛІ
Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамидолла Ирменовпен әңгіме
Ақжайық өңірінде соңғы екі-үш жылда денсаулық сақтау саласында қол жеткен табыстар айтарлықтай. Осы уақыттың аралығында аймаққа әлемдік стандарттар деңгейіне сай келетін жаңа медициналық технологиялар батыл енгізілді. Мұнда денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарып, кадрлар қатары толықтырылды. Сондай-ақ ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында атқарылған шаралар тереңдей түсті. Ең бастысы, салада осындай жүйелі, іркіліссіз істердің бәрі Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасына сай атқарылуда. Аталған құжатта бұған дейін қол жеткен нәтижелер мен орайын таба алмаған істерге терең таңдаулар жасалды. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемалардың жай-күйі мен ахуалына жан-жақты сараптамалар жүргізілді. Соның нәтижесінде мұнда бүгінгі күні басты көрсеткіштер бойынша оң үрдістер байқалып отыр. Әрине, қол жеткен табыстар ешқайда қашпайды. Сала басшысы Қ.Ирменов те оны тізбелей бермей, алда тұрған міндеттерге көбірек ойысқан. –Қамидолла Мүтиғоллаұлы, Елбасының биылғы Жолдауында халық денсаулығы Қазақстанның стратегиялық мақсаттарға жетудегі табыстарының ажырамас бір бөлігі екендігі атап көрсетілді. Осы ұғым мен осы бір ауыз тіркеске терең бойлай түскенде нені түйсінер едіңіз? Сіздің ойыңызша, халық денсаулығын сақтау мен жақсартуда басты қағида қандай? – Халық денсаулығы дегеніміз – өте кең ұғым. Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, республика азаматтарының денсаулығын жақсарту арқылы елімізде тұрақты әлеуметтік-демографиялық дамуды қамтамасыз ете аламыз. Менің ойымша, денсаулық сақтау жүйесінде бәсекелестікке қабілетті қадамдар қажет. Бұдан әрі медициналық қызметтің түрін таңдау, оны қалыптастыру деген мәселелер туындайды. Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу, болдырмау, бір сөзбен айтқанда, халықтың денсаулығын нығайту әлдеқайда тиімді. Бұл өз кезегінде халықты саламатты өмір салтын ұстануға бағыттау және санитарлық-эпидемиологиялық сауаттылық пен саламаттылықты қалыптастыру деген сөз. Міне, халық денсаулығын сақтау мен жақсартудың басты қағидасы осында деп ойлаймын. –Бүгінгі ұлттық денсаулық сақтау жүйесі туралы ойыңызды білсек. Оны бұдан әрі кеңейту жолдары қандай деп санайсыз? –Иә, бүгінде ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жан-жақты жетіліп, қалыптасып келеді. Оны бүкіл ел азаматтары көріп-біліп, байқап отырғаны да белгілі. Бұған қосарым, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті одан әрі жетілдіру, тұрғындардың өз денсаулықтарын сақтау жөніндегі жауапкершіліктерін көтеру және медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жүйені тұғырландыра түспек. Сонымен бірге бәсекелестікке қабілетті кадр әлеуетін қалыптастыру, инновациялық технологиялар мен өнімдерді әзірлеу және енгізу – жүйені жетілдірудің басты жолдарының бірі болып қала бермек. Әрине, мұнда медицина саласындағы білім мен ғылымды дамытудың да орны айрықша. –Аталған жүйені дамытуға өзіңіз басқаратын Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы нендей үлес қоса алды? –Денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеттерінің бірі – адамның ғұмыр жасын ұзарту мен өлім деңгейін төмендетуге ықпал жасау. Бұл мақсатта біз қан айналымы жүйесіндегі басты ауруларды ерте кезеңінде анықтау үшін тиісті іс-шаралар кешенін белгіледік. Бұл үшін тұрғындарға тиісті медициналық тексерулер жүргізіліп келеді. Оған диагностика мен емдеудің озық әдістері пайдаланылуда. Сондай-ақ облыста кардиологиялық науқастарға жоғары технологиялық медициналық көмектер көрсету қолжетімді болып отыр. Облыстық кардиологиялық орталық базасында аортты-коронарлық шунттеу, қан айналымы жүйесі ауруларымен науқастанушыларға коронография мен коронарлық қан тамырларын стентирлеу жүргізілуде. –Бұған дейінгі жылдарда өңір әлеуметтік кесел – туберкулезбен ауыратындардың саны бойынша республикада алдыңғы орындардың бірін алып жүретін. Бүгінгі жағдай қандай? –Қайта құрылымдау мен инфекциялық статус түрлеріне қарай туберкулезбен ауыратындар легін бір бірінен бөлу жұмыстары жүргізілді. Соған сай өкпе ауруларын емдеу жөнінде шұғыл шаралар қабылданды. Мұның тиісті нәтижелері де айтарлықтай. Атап айтқанда, аймақта туберкулездің белсенді түрімен сырқаттанатындардың саны 26 пайызға төмендеді. Нақты деректерге сүйенсек, ол әрбір жүз мың тұрғынға 105,6 көрсеткішті құрады. Бұдан екі жыл бұрын ол 142,9 адам деңгейінде болатын. Сондай-ақ туберкулезбен қайтыс болу көрсеткіштері де әжептәуір кеміді. Аталған ауру бойынша балалар мен жасөспірімдер арасында өлім-жітім жағдайлары тіркелген жоқ. Әйтсе де туберкулездің таралуына эпидемиологиялық қадағалаудың күшейтілуіне қарамастан, оның мультирезистентік түрінің жиырма алты пайызға өсуі байқалды. Сондықтан да бұл топтағы ауруларды емдеу үшін бөлімшелер елу төсектен сексен төсекке дейін ұлғайтылды. –Туберкулездің өзіңіз айтқан мультирезистентік түрі деген ұғымды қалай түсінеміз. Осыны айта кетсеңіз? – Мұның мәнісі туберкулезбен ауыратын адамның ағзасы айлар, тіпті жылдар бойы қабылдап жүрген дәріге үйреніп кетеді де, емделу үрдісі қиындайды. Осыны медицина тілінде туберкулездің мультирезистентік түрі деп атайды. –Денсаулық сақтау саласында басталған реформалар бүгінде өзінің алғашқы нәтижелерін бере бастады. Әсіресе стационарлық емдеу жүйесінде айтарлықтай оң табыстарға қол жеткізілді. Дегенмен, елдегі емханалар жүйесінде әлі де шешімін таппаған мәселелер бар деп есептейміз. Ең бастысы, мұнда кезек легі азаяр емес. Бұл көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына әсер етпей қоймайды. Бір адамға бөлінетін уақыттың аздығына байланысты қабылдаушы дәрігерлер келген емделушілерге көбіне құшақ-құшақ рецепт дәрілер жазып берумен шектелетіндей. Яғни, бұл арада кешенді көзқарас жетіспей ме деген ойға қаласың. Осы түйткілдерді қалай реттеуге болады деп есептейсіз? –Жоғары білікті дәрігер кадрлардың жетіспеушілігі емханалар қызметіне де елеулі әсер етуде. Біз бұл проблемамен шұғылданып жүрміз. Алайда мәселе әлі түбегейлі шешімін тауып үлгермегенін де жасырып қала алмаймыз. Екіншіден, бүгінде бұрынғыдай емес, тұрғындардың емхана дәрігерлеріне қаралу үрдісі екі есеге дейін өсіп отыр. Айталық, Орал қаласының орталығындағы № 1 емхананың мүмкіндігі қырық мың адамға лайықталса, оған тұрақты түрде келушілердің саны бүгінде алпыс бес мыңға артып отыр. Бұған дейін әйелдерге кеңес беру орталықтары бөлек болатын. Қазір бұл істі атқару да емханалардың құзырында. Бұған қоса, тұрғындардың әр түрлі деңгейдегі профилактикалық байқаулары да емханаларда жүргізіледі. Осының бәрі кезектің өсуіне әсерін тигізеді. Бұл тығырықтан шығудың басты жолы – елдегі емханалардың санын өсіру болмақ. Орал қаласында алдағы екінші жарты жылдықтың бас кезінде тағы бір жаңа емхана салынып, пайдалануға берілмек. Сонда белгілі бір емханаға берілген жүктеме елеулі түрде азаяды деп күтілуде. Өңірде қабылданған бағдарламаға сай алдағы жылдарда да емханалар жүйесін одан әрі кеңейту шаралары белгіленген. –Жуырда Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының жобасы жарияланды. Осыған байланысты айтар ойыңыз бен ұсыныс-тілектеріңіз қандай? –Бағдарлама жобасында халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын жетпіс жасқа дейін ұлғайту көзделген. Сонымен бірге, ана мен баланың өлім-жітімін 1,5 есеге дейін төмендету қарастырылған. Әрі жалпы өлім-жітімді 15 пайызға дейін төмендету көрсетілген. Туберкулезбен сырқаттанушылықты 10 пайызға дейін төмендету белгіленген. Бұл өте күрделі де жауапты міндет, аса ауқымды шара болып табылады. Бұған қол жеткізе алсақ, денсаулық сақтау саласындағы көптеген түйіндер өзінен-өзі шешілмек. Айтайын дегенім, саламатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал жасау, бұл істе кешенді іс-шаралар белгілеп, оны аяғына дейін жеткізу республиканың Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстардағы денсаулық сақтау басқармаларының төл ісіне айналмақ. Осы арқылы олар өздері атқаратын басты міндеттеріне бір табан жақындай түспек. Бұлай деуімнің басты себебі – аталған мемлекеттік органдар денсаулықты сақтайтын емес, ауруларды емдеумен шұғылданатын органдарға айналып бара жатқандай көрінеді. Яғни, біздің басты міндетіміз – денсаулық сақтауды жолға қою болатын болса оның басты жолы жоғарыда айтқанымыздай, саламатты өмір салтын қалыптастыру екені белгілі. Бұл ұзақ өмір сүрудің таптырмас кілті іспеттес. Міне, мемлекеттік бағдарлама жобасына қатысты айтар ұсыныс-пікірлеріміз осындай. – Әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН. ОРАЛ.