• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2015

Ғасырдан ұзақ ғұмыр

393 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева «Ақ­жар-2» кентінде тұратын 100 жастағы Ақжарқын Тұрғанованы Жаңа жыл мерекесімен құттық­тады. Алтын асықтай әже жас­тайынан аштықты да, Ұлы Отан соғысының ауыртпалықтарын да бастан өткерген. Аштық жылдары атшоңқай жеп аман қалса, соғыс кезінде сабан айдаған, 16 сиырды күніне үш мезгіл сауып, бозала таң, бозторғай шырылынан оянып, түн ауғанша бел шешпей, «Бәрі майдан үшін» деп еңбек еткен. Кейін ұжымшар, кеңшар жұмысына атсалысып, шалы Айжанға көмекші шопан болған. Еңбекпен шыңдалған кейуа­на тың, жады мықты. Баласы Жақсылық пен келіні Әминаның, немере-шөберелерінің бағым-күтімінің арқасында қолын жылы суға малып отырған жәйі бар. Ұлы Жақсылық Айжанов елімізге белгілі ақын. Жарасты отбасы­ның ұйытқысы Әмина енесі Ақжар­қынның барлық бағым-күтімін келістіріп отырған үлгілі келін. – Енеммен бірге тұрғаныма 40 жыл болды. Ертеректе бір ауырғанында қорықпа, апа, сізді жүзге жеткізбесем Әмина болмай кетейін дегенім бар еді, соған жеттім, – деп сөз арасында әзілдеп те қояды. Өмірден ертерек озған шалы Айжанмен екеуі қызы Тыныштық пен ұлы Жақсылықты қатарынан кем қылмай өсірді. Қазір де солардың, немере-шөберелерінің тілеуін тілеуден жаңылған емес. Ақжарқын кейуана – қызы мен ұлынан 15 немере, 26 шөбере көріп отырған бақытты жан. Айгүл Арынғазиева ғасыр жасаған кейуанаға гүл ұсынып, жаңажылдық сыйлығын тапсырды, зор денсаулық, бақыт тіледі, балаларының, немерелерінің және шө­берелерінің қызығын көре бе­руіне деген ықылас-ниетін білдірді. Өз кезегінде Ақжарқын әже біріншіден, үкілеп бағып отырған бала-келініне, осындай бақуатты тұрмысқа жеткізген Елбасына, Мемлекет басшысының үлгісін ілгері апарып келе жатқан жергілікті билікке ризашылығын білдірді. Елімізге табыс пен татулық, береке-бірлік тіледі. Айгүл Арынғазиеваның айтуынша, соңғы жылдары 100 жасаған, одан ұзақ өмір сүретіндер қатары көбейіп келеді екен. Яғни, мұны адамдардың өздерінің туабітті денсаулығымен бірге, өміріміздің жақсара түскенінің, сондай-ақ, қазақстандықтардың өмір жасын ұзартуға бағытталған шаралардың да арқасы деу орынды болмақ. Қазір Ақтөбе қаласының өзінде ғана ғасыр жасаған 18 адам тұрады, олардың барлығы да қалалық әкімдік тарапынан осындай ілтипатқа бөленіп, сый-сияпатқа ие болды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе.