Президент қол қойған жаңа заң арқылы 15 заңнамаға, оның ішінде 7 кодекс пен 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Ілеспе заң Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізуді қарастырады.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң шын мәнінде мемлекеттің теңдік пен заң үстемдігі қағидаттарына басымдық беретінін, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыратынын көрсетеді. Заң әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазалау шараларын күшейтеді. Атап айтқанда, қазір денсаулыққа қасақана орташа және ауыр зиян келтіргені үшін тек 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру туралы бап та қатаңдатылды: 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделеді.
Оған қоса қазір бұл қылмыс үшін әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмысты ауырлататын мән-жайлар болған кезде 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салуды не 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе шектеуді көздейді. Сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қайта біліктілігі бар ұрып-соғу үшін 80 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза көзделген. Ауырлататын жағдайларда ұрып-соғу 200 АЕК-ке дейін айыппұл салуға не 50 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады.
Сонымен қатар азаптау үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді 2 жылдан 3 жылға дейін, ауырлататын жағдайларда 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. Осылайша, тіпті ең аз соққылар да салмақты айыппұлдарды немесе ұзақ мерзімге қамауға алуды қамтиды. Бұл отбасында жұдырығын ала жүгіруді әдетке айналдырғандардың әйелдері мен жақындарына қатысты агрессиясын айтарлықтай тежейді.
Балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың кез келген түрін көрсету жауапкершілігі едәуір күшейтілді. Қылмыстық кодексте кәмелетке толмағандарға қарсы денсаулыққа зиян келтіруден бастап ұрлау мен өлтіруге дейінгі қылмыстардың тізбесі жүйеленген және нақты анықталған. Мұндай әрекеттерді жасаған адамдар татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатыла алмайды. Кәмелетке толмағандарды өлтіргені, зорлағаны, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жаза қарастырылған.
Балаларды ұрлағаны үшін бұдан былай 10 жылдан 15 жылға дейін (бұрын 7 жылдан 12 жылға дейін), ал заңсыз бас бостандығынан айыру үшін 5 жылдан 10 жылға дейін (бұрын 5 жылға дейін) бас бостандығынан айыру көзделген. Алғаш рет 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Осы нормалар қабылданғанға дейін мұндай жауапкершілік 14 жасқа толмағандарға тиіскені үшін ғана қарастырылған. Ол үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар не 50 тәулікке дейін қамауға алу тетігі бар. Сонымен қатар айыпталушы белгілі бір лауазымдарды атқару және 3 жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін.
Жаңа заң суицид жағдайларын да азайтуға бағытталған. Егер бұрын тек өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген болса, енді өзін-өзі өлтіруге итермелеу және жәрдемдесу үшін жауапкершілік қарастырылады. Кәмелетке толмағандарға қатысты мұндай әрекеттер 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Осылайша, бұл шаралар суицидтің алдын алуды да, кінәлілердің жауапкершілігін де күшейтеді.
Жаңа заң педофилдер мен балаларды өлтіру фактісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жазаны қарастырады. Бұл жағдайда кез келген балама алынып тасталады. Осылайша, қоғамда мұндай адамдарға мүлдем төзбеушілік қалыптасады.
Үнзила ШАПАҚ,
Мәжіліс депутаты