Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қостанай облысына екі күндік жұмыс сапарымен келді. Министр су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды қоныстандыру пункттеріне барды, сондай-ақ облыс орталығы мен Рудный қаласының бірқатар әлеуметтік нысанының қызметімен танысты.
Светлана Жақыпова алдымен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесті. Кездесу барысында су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсету және Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласына қатысты тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру және басқа да маңызды мәселелер қаралды.
Министр одан кейін мүгедектігі бар адамдарға арналған облыстық оңалту орталығына барып, арнаулы әлеуметтік қызмет алушылармен және мекемеге уақытша орналастырылған су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Сала басшысы су тасқыны кезінде барлық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметі ерекше бақылауда екенін атап өтті.
Аталған оңалту орталығында адам тұрмысына қолайлы жағдайдың бәрі ескерілген, сондай-ақ азаматтардың жеке қажеттіліктеріне сай арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бұл қызметтер ерекше қажеттіліктері бар адамдардың жеке даму деңгейін арттыруға, әлеуметтенуіне және қоғаммен ықпалдасуына бағытталған.
Қазір орталықта су тасқынынан зардап шеккен 15 адам уақытша тұрып жатыр. Олардың ішінде мүгедектігі бар 4 азамат бар.
«Бұл жерде бізді жақсы күтіп алды, орталық таза, жылы әрі күніне үш рет тамақтандырады. Бәрі өте жақсы ұйымдастырылған, медициналық көмек көрсетіледі», дейді су тасқынына байланысты осында тұрып жатқан Галина Залялова.
Министр өз кезегінде медициналық-әлеуметтік мекемелердің үздіксіз жұмыс атқаруы аса маңызды екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта республика бойынша қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 118 орталықтың бәрі штаттық режімде жұмыс істеп жатыр. Министрлік бірқатар өңірде ТЖ режімі жарияланғанын ескере отырып, осы ұйымдардағы жағдайды және олардың қызметін тұрақты бақылауда ұстайды. Азаматтарымыздың қажетті арнаулы қызметтер алуын жалғастыру өте маңызды», деді С.Жақыпова.
Министр жұмыс сапары барысында Ш.Қабылбаев атындағы ІІМ Қостанай Академиясының ғимаратында ұйымдастырылған эвакуациялық пунктке барды. Мұнда 31 адам уақытша орналастырылған. Су тасқынынан зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, күніне үш рет тамақтандырылады, сондай-ақ адамдар бірінші кезекте қажет құралдармен қамтамасыз етілген.
Бұдан кейін министр Алтынсарин ауданындағы «Сосновый бор» шипажайына барды. Мұнда мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер және толық емес отбасыларды қоса алғанда, су тасқынынан зардап шеккен 23 адам уақытша тұрып жатыр.
«Біз қазір күрделі жағдайды бастан өткеріп жатырмыз. Осыған орай мемлекет табиғи су апатына қарсы күрес бойынша барлық қажетті іс-шараны қабылдады. Сондай-ақ зардап шеккендерге түрлі қолдау шарасы көрсетіліп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ТЖ режімі жарияланған қалалар мен аудандарда 5 мыңнан астам отбасына мемлекеттік органдарға жүгінусіз-ақ, автоматты түрде атаулы әлеуметтік көмек тағайындады. Сондай-ақ ТЖ режімі кезеңінде балаларды қоса алғанда, 4 мыңға жуық адамның мүгедектікті қайта куәландыру мерзімдері автоматты түрде ұзартылды. Мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеу бұрын белгіленген топ бойынша жүзеге асырылады. Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, республиканың 7 шипажайында су тасқынынан зардап шеккен әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтарға уақытша тұру және сауықтыру мүмкіндігі берілді», деді С.Жақыпова.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірде су тасқыны кезінде 9 114 адам эвакуацияланып, 181 адам уақытша орналастыру пункттерінде қоныстанған.
Қостанай облысы