• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2015

Алқа билер соты қолжаулық болғаны ма?

391 рет
көрсетілді

Бізді елдің бас газетінің билігіне жүгінуге төмендегідей келеңсіздік мәжбүрлеуде. Сарсаңы үш жылға жақындаған осынау оқиға қазір үлкен отбасын сансыратып отыр. 2012 жылдың 1 сәуірінде Щу­чинск қаласында жергілікті мил­лионер Сергей Чеканды біреулер алып кетіп, ұрып-соғып, қайтадан қоя береді. Ол келесі күні, яғни 2 сәуірде үйіне келеді де, әйелі мен қызы оны көргеннен кейін ау­дандық ішкі істер бөліміне «Бел­гісіз біреулер Чеканды сабап кетті», деп хабарлайды (АІІБ-нің кезекші журналындағы сол күнгі жазу бойынша). Артынша С.Чекан жергілікті жігіттерді мұрнынан тізіп бере бастайды: анық көрдім, мынау ұрлады, мы­нау ұрды, мынау ұрысты, мынау қорқытты, т.с.с. Егер бұл көр­сеткеніне айғақтар сәйкес кел­месе, немесе ол туралы қорғау­шылар талап-арыз ұсынса, онда жауабын қайта өзгерте салады (анық көрген жоқпын, дауысын естідім, желкесін көрдім, ол соңы­нан келді, жоқ, басында болды да кетіп қалды, ұрған жоқ, ұра жаздады, т.с.с.). Осылайша жауабын тергеу барысында қарама-қайшы бағытта кемінде 4-5 рет өзгертеді. Тізе бер­се, жауабындағы қисынсыздық пен кереғарлық бадырайып көзге ұра­ды. Бірақ алдын ала тергеу мен про­куратура мұны көзге де ілмей отыр, ал сот болса (алқа билер соты­нан басқасы) «Жәбірленуші С.Чекан іс қозғалғаннан бастап өз­ге­ріссіз бірқалыпты жауап беріп отыр», деп көрсетеді. Сот­тың бұл тұ­жырымының сот хатта­ма­сына қа­рама-қайшы екені еш­кімді де тол­ғандырмайды. Расында да, «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйл­есін» деген осы шығар. Тіпті, Чекан соттың үстінде куәлердің біреуінің сөзі ұнамай қалса, «сен де сонда болғансың» деп ашық қоқан-лоқы жасайды (сот хаттамасынан). Ақыры, Чеканның көрсетуімен сол оқиға болардан үш күн бұрын тұла бойы тұңғышы дүниеге ке­ліп, одан бір күн бұрын зайыбы мен нә­рестесін перзентханадан шы­ға­рып алып, шілдехана жасап, ар­қа-жарқа болып қуанып, дүкенге азық-түлік алуға шыққан жерінен жер­гілікті кәсіпкер А.Адаевты тапа-тал түсте көшеден ұстап әке­­тіп, бір жыл төрт айға қамап тас­­тай­­ды (тергеу сонша уақытқа созылады). Ал Р.Қабылбаев деген аза­мат­ты С.Чекан басында «мені бастан-аяқ сабаған, қинаған осы» деп көрсетеді де, Чеканның зайыбы мен оның есепшісі бізден келіп ақша алып кеткен осы (1 млн. 400 мың теңге) деп көрсетеді. Осының салдарынан Қабылбаев қамалады, бірақ кейіннен оның сол түні, тіпті, Щучинскіде емес, Көкшетау қаласында түнгі сағат төртке дейін болғанын анықтайтын бейнетаспа табылады. Бұдан кейін Чекан «ол таңға жақын келді» деп өзгеріп шыға келеді, ал Чеканның әйелі мен есепшісі бізден ақша алған Қабылбаев емес екен деп «шатасқан» бола­ды. Ақыры бұл кезеңде про­ку­ра­тура Р.Қабылбаевтың ісін қыс­қартады. Тергеу басталы­сымен, С.Чеканның зайыбы КТК телеарнасын шақырып, қарауын­дағы сатушылар мен дүкен­дерінен жалға орын алып отыр­ғандардың атынан А.Адаев­тың жергілікті халыққа «көрсеткен жәбірін» айтқызып, ұжымдық хат жазғызады және БАҚ арқылы АІІБ-нің орынбасарларын пара­қорлар деп айыптайды. Алай­да, тексеріс барысында хатқа қол қойғандардың бірде-біреуі Адаевты білмейтін болып шы­ғады. Сотта Чеканның зайы­бы Адаев­қа жала жапқанын мо­йын­­д­ап, мұны «жәй, қоғамдық резонанс жасау үшін жасадым» деп көрсетеді. Мұндай жағдайда әлі күнге дейін Чеканды кімнің қинағаны анықталмаған, ал заң бойынша әркімнің істегі толық әрекеті сарапталып, әрқайсысы өзі үшін жауап беруі керек. 2013 жылдың 10 шілдесінде Көкшетау қаласында осы іске байланысты алқа билер соты жұмысын бастайды. Алқа би­лер алдын ала егжей-тегжей­лі іріктеуден өтеді, оған проку­ра­тура да, қорғаушы жағы да бірдей дәрежеде қатысады. Екі айға созылған сот ақыры үкім шы­ғарады. Алқа билер соты­ның ше­ші­мі бойынша, бір айып­кер сот­талып (Алматы қала­сынан келген), А.Адаев пен Р.Қа­был­баевты алқа билер «бұл іске қатысы жоқ» деп танып, бірауыз­дан ақтап, сот залынан босатады. Тергеу барысында-ақ бұл іске қатысы бар деген төрт адам анықталған, оның біреуі іздеу­де жүрген, Чекан отбасымен кезінде тығыз қарым-қатынаста болған Е.Усенов деген азамат. Ол осы мақсатпен Алматыдан авто­мобильмен, өзімен бірге үш адам алып келген, мұны тергеудің өзі жоққа шығарып отырған жоқ. Қазіргі жағдайда төртеудің екеуі сотталып: Мадиев пен Бисиков, ал екеуі қашып кеткен: жоғарыда аталған Усенов пен Сергей деген біреу. Бірақ әділдік қысқа ғана уақыт­қа салтанат құрды. Артынша Ақ­мола облысының ауданаралық соты алқа билердің жартысын «жарамсыз» қылып (сот үкім шығарғаннан кейін (?!), алқа билер сотына қарама-қайшы үкім шығарып, А.Адаевты 9 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім прокуратураның апелляциялық наразылығын толық көшіріп алған. Қорғаушы жақты көздеріне ілмей, адамның конституциялық құқығы бұзылды. «Қашпақ болсаң зымыра» деп, рекордтық қысқа уақыт – 25 күн ішінде, Қылмыстық іс жүргізу кодексін өрескел бұза отырып, үш инстанциядан өтіп (орта есеппен 3 ай мерзім қажет), істі қайта қарауға жібереді. Ал «жарамсыз» болған алқа билерге келсек, олардың екеуі әкімшілік жауапқа тартылған болып шықты: біреуінің МАИ тексергенде сақ­тандыру полисі болмапты, біреуі машинаның шамын жақпаған. Ал заңға сүйенсек, бұл жағдайдың ол адамның алқа би болуына еш кедергісі жоқ. Ал тағы бір алқа би, сот үкімі бойынша, солтүс­тік өңірдің тұрғыны бола тұра, орысша-қазақша мектеп мұғалімі болса да, «орысша білмейтін» болып шығады. Негізгі алқа билердің он адамнан жетеуі еуропалық этнос өкілдері, яғни орыс тілділер екенін ескерсек, екі ай бойы сот үдерісі кезінде «орысша білмейтін» алқа би қалай тілге келген? «Өте байқампаз әділ­дік сақшылары» бұл алқа би­дің «орысша білмегендіктен дұ­рыс шешім қабылдамағанын» мем­лекеттік тілде мектеп біті­ріп, аралас мектептің қазақ сы­нып­­­тарында сабақ жүргізе­тін­дігі­мен «негіздепті». Бір қызығы, сол алқа биге «Орысша білмей­тініңіз рас па?» деп телефон шалғанымызда, «Бұл заманда кім орысша білмейді», деп реніш танытты. Ешқандай елдің сот тарихында алқа билер сотының шешімі негізсіз қайта қаралмайды екен және алқа билер сот аяқта­лып, шешім қабылданғаннан ке­йін, тексеріліп, қысымға ұшы­ра­майды екен. Мұның бәрі күлкі­лі болып көрінер еді, әрине. Б­ірақ, өкініштісі сол, бір жылдан кейін, бұл жолы алқа билердің қатысуынсыз, жалғыз судья, ақталып шыққан екі азаматты: А.Адаев пен Р.Қабылбаевты 9 жылға бас бостандығынан айырып отыр. Қолдарында ешқандай жаңа айғақ жоқ (бұрынғы айғақтар сот хаттамасына қайшы келе отырып, бұрмаланғаннан басқа). Апелляциялық сот үкімді сол қалпында қалдырды. Бұл жоғарыда айтылғандардың барлығы Ақмола облыстық сотының сайтында жарияланған сот хаттамаларында көрсетілген (08.08.2013 ж. және 24.09.2014 ж. хаттамалары). Бұл туралы 2014 жылдың 12 желтоқсанында «Акмолинский областной суд игнорирует ре­ше­ние суда присяжных и подс­тавляет институт присяжных» тақырыбына Астана қаласында «Халықтық жемқорлыққа қарсы комитет» қоғамдық қорының ұйым­дастыруымен баспасөз мәс­лихаты өткен болатын. Қазір мынадай сайттарда, www.youtube.com, antijemkor.kz, баспасөз мәс­лихатының бейнетаспасы жарияланған, www.youtube.com сайтында халық өзінің көзқарасын білдіріп хаттар жазып отыр. Қолжаулық болған алқа билер соты, жазықсыздан жазықсыз тағдыры талқан болған азаматтар, бейбіт күнде зар жылаған аналар (А.Адаевтың анасы «Батыр ана» атағының иегері), жесір қалған әйел, жетім қалған жас сәбилер... Бұл іске Жоғарғы Сот қалай қа­р­ай­ды екен?.. Бір уайым, бір үміт. Хасен ИГУБАЕВ, адвокат.