• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2015

Алматыда исламдық қаржылық қызметтер жөнінде саммит өтеді

367 рет
көрсетілді

АСТАНА. 6 қаңтар. Биылғы мамыр айының 19-21 күндері Алматыда ТМД-да алғаш рет Исламдық қаржылық қызметтер жөніндегі кеңестің 12-саммиті өтеді. Бұл туралы Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады. Былтырғы жылдың соңғы күні аталған шараны іске асыру туралы Ұлттық банк пен IFSB өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. IFSB саммитінде əлемде исламдық қаржыландыруды дамыту, мекемелер қызметін реттеу, тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы өңірлік жəне ғаламдық ынтымақтастық пен оның əлеуетін өсіру мəселелері талқыланады. Саммит алғаш рет 2004 жылы Уэльс Ханзадасы Чарльздің басқаруымен Ұлыбританияда өткізілген. Кейінгілері Катарда, Ливанда, БАƏ-де, Иорданияда, Сингапурда, Бахрейнде, Люксембургте, Түркияда, Малайзияда жəне Маврикияда ұйымдастырылған еді. Шара жыл сайын мамыр айында орталық банктердің немесе іс-шараны қоса ұйымдастырушы елдердің реттеушілерінің қолдауымен болады. Алматы саммитіне 35 елден 300 делегат қатысады. Қазақстанда мұндай іс-шараны ұйымдастыру Алматыны ТМД-дағы жəне Орталық Азиядағы исламдық қаржы хабы ретінде орнықтыруға ықпал ететін болады. Исламдық қаржылық қызметтер жөніндегі кеңес – банк жəне сақтандыру жүйесінен, сондай-ақ капитал нарығынан тұратын исламдық қаржылық қызметтер индустриясының тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұйымдарды реттейтін жəне бақылайтын халықаралық орган. IFSB-ның 184 мүшесі, оның ішінде 59-ы реттеуші жəне қадағалаушы органдар, 8-і халықаралық үкіметаралық ұйымдар. Қазақстанның Ұлттық банкі Исламдық қаржылық қызметтер жөніндегі кеңесіне 2011 жылы кірді. Бұған дейін 2009 жылы елімізде исламдық қаржыландыру жөніндегі заң қабылданды. Нәтижесінде, ислам банктерінің, исламдық инвестициялық қорлардың жұмыс істеуі, исламдық бағалы қағаздардың шығарылуы үшін жағдайлар жасалған. Исламдық қаржыландыруды, сақтандыруды жəне лизингті дамыту үшін Ұлттық банк «Исламдық қаржыландыру мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын əзірледі. Қазіргі уақытта көрсетілген заң жобасы Парламенттің талқылауында жатыр. Ал Үкімет исламдық қаржыландыруды дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасын бекітті. Оны іске асыру исламдық қаржылық қызметтер индустриясын тұрақты дамыту үшін жағдайлар жасауға, эмитенттердің, инвесторлардың жəне нарыққа қатысушылардың шекті санын қалыптастыруға ықпал ететін болады. Нұрбай Елмұратов. Дерек: Ұлттық банктің баспасөз қызметі. Сурет: istisna.kz.