Атыраудағы цехта осындай әдіспен жемдік өсімдік өсіріледі
Махамбет ауданындағы «Первомайский» серіктестігі гидропоника әдісімен жемдік өсімдік өсіретін жаңа цехты іске қосты. Цехта бес адам жұмысқа тартылған. Серіктестік директоры Есболат Есқараевтың айтуынша, гидропоника –өсімдікті топырақсыз өсірудің бірден-бір оңтайлы тәсілі. Бұл әдіс шаруашылықта 1993 жылдан бері қолданылады. Осы әдістің арқасында арпа бір күнде көктеп, алтыншы күні одан дайын өнім алынады. Мәселен, 1700 тонна құрғақ арпадан 10 тонна жасыл балауса алуға болады.
Бұл өнім мүйізді ірі қарадан сүт өндіруді 30 пайызға дейін арттырады. Испандық технология орнатылған жаңа цехта өсірілген жемдік өсімдіктің өзіндік құны арзан. Мәселен, арпадан алынған жемдік өсімдіктің бір келісі –14 теңге. Цехта жемдік өсімдікті өсіру үшін күніне 20 тонна су, сағатына 130 кВт электр энергиясы жұмсалады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы,
Махамбет ауданы.