• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2015

Елге ел қосылса – құт

261 рет
көрсетілді

Тағдырдың талайымен өзге мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың елге оралуын қамтамасыз етуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесіз емес. Мәселен, 2014 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында шет елдерде тұратын этностық қазақтардың арасынан 3,5 мыңға жуық отбасы Қазақстанға көшіп келіп қоныстанған. Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, қоғамымыздың күн тәртібіне шығарылған мән-маңызы жоғары, елдікке үндер жасампаз істердің  бірі әрі бірегейі ретінде шетелдердегі қазақтарды елге шақырып, оларға мүмкіндігінше жағдай жасалынып отырғанын айтуға болады. Осынау көңіл тебірентер жұмыстардың мына өзгермелі, алмағайып заманда ештеңеге жалтақтамай, бауырын іздеп, қандасын түгелдеуге түбегейлі бет бұрған қазақ жұртының арман-тілегімен ұштасып жатқанын сезіне білгеніміз жөн. Шеттегі қандастарымыздың қара шаңырақ – Қазақстанға келуі 2014 жылы да жалғасын тапты. Еліміз әлемді ойландырып, талайды тығырыққа тіреген қаржылық дағдарыстардан туындауы ықтимал жағдайларға алаңдамай, оралман қауымын бар мүмкіндігінше қарсы алды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі таратқан соңғы мәліметке қа­рағанда, былтыр шекара асып 3 347 (8 359 адам) оралман отбасы келіпті. Бұларды гендер­­­лік құрамы бойынша көрсе­тер болсақ, ер-азаматтар – 3 438, әйелдер – 3 323, балалар – 1 598. Бұдан бөлек, аталған ми­нистр­ліктің дерегінше, еңбек­ке жарамды адамдар – 4 768, зей­неткерлік жастағылар – 395 болып отыр. Осы арада назар аудара кетер жайт, елге келген оралмандардың арасында 368 адам жоғары білімді болса, 869-ы орта кәсіби білімі бар жандар, ал жалпы орта білімділері – 2 592. Қазақ елге елдің қосылуын құтқа балаған. Ендеше, алыстағы ағайынның оралуын жақсылыққа жорып, мемлекетіміздің абыройын асырар осынау жасампаз істер құт-берекеміздің негізі бола берсін дейік. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».