• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2015

Біз бақытты ұландармыз

343 рет
көрсетілді

Кез келген мемлекет кемел келешегін өзінің жалынды жас­тарымен, өскелең ұрпағымен байланыстырары сөзсіз. Ата-бабаларымыз біз, бүгінгі ұрпақ үшін ақтық демі қалғанша күресіп, толарсақтан саз кешіп, еңселі егемендікті сыйлады. Бұл бізге бұйырған өлшеусіз бақыт деп ойлаймын. Осы бір қасиетті ұғымның жастар санасында әбден бекіп, олардың бостандықпен атқан әрбір таңға шүкірлікпен қарап, оны қызғыштай қорғауына, көздің ағы мен қарасындай сақтауына мемлекет бар мүмкіндіктерді жасап отыр. Тек осы жолда тартынбай талаптанып, ерінбей еңбектену қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен жыл сайын елімізде жастардың зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын түрлі ресурстық орталықтар, ұйымдар мен бірлестіктер ашылып, өрен­дердің жан-жақты дамуына жағдай жасалуда. Егемендік алғаннан бері біздің облысымызда да 60 шақты жас­тар істерімен айналысатын ұйымдар құрылды. Солардың бірі – өзім басқаратын «Жастар бастамалары орталығы» мекемесі. Бүгінде аталған орталықта 60-қа жуық жас маман жемісті қызмет етуде. Олар өрендерге арналған «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен – ауылға!» сынды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосуда. Еңбек биржасы арқылы ең­бек­­пен қамтылғандар саны да жыл сайын артып келеді. Облы­сы­мызда түрлі білім, өнер, кәсіп­керлік, дін сынды өмірдің сан саласында жүрген өрендердің ойларымен, іргелі әрекеттерімен санаса отырып, сондай-ақ, мүм­кіндігі шектеулі жандардың да мұң-мұқтаждықтарын ескеріп, қорытынды шығарып, бірлесе жұмыс жүргізуді қызметіміздің негізі деп санаймыз. Ал «Тәуелсіздік бізге не берді?» деген сауал төңірегінде ойла­натын болсақ, ең алдымен, жоғарыда атап айтқандай, бас­та­машыл жастардың басын бірік­тіре­тін еркіндік, бойымызға ешкім­нен қаймықпайтын жігер берді. Тағы бір айта кететін жайт, өткен жылы «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» атты мемлекеттік бағдарламамен еліміздің оңтүстік өңірінен қазағы аздау облысымызға 200 талапкердің келуі кадр жетіспеушілігі секілді мәселемізді шешіп қана қоймай, шұрайлы тіліміздің шуағын келтіретін қазақ тілді жастарымыздың дауысын әртараптан естуімізге мүмкіндік берді. Тәуелсіздіктің бізге, әсіресе, жастарға бергені саусақпен санап, аз сөзбен қайыратын дүние емес. Ең біріншіден, ой бостандығын, жан азаттығын сыйлаған егемендіктің әр сәтіне біздің береріміз мол болуы керек. Данияр ӘБУТӘЛІП, жастар бастамалары орталығының директоры. Солтүстік Қазақстан облысы.