• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Сәуір, 2024

Каспийге қосылатын канал

269 рет
көрсетілді

Жайық өзені бұрын да бірнеше рет тасыған. Биыл өзеннің арнасынан асып, су тасқыны болатынына болжам жасалды. Ал су тасқынының алдын алу мүмкін бе?

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, 1993-1994 жылдары Жайық өзеніне су шамадан тыс көп келген. Сол жылы су деңгейі 5 метр 75 сантиметрге жеткен. Ал биыл да аз болмайтыны анық. Осыған орай өңірде су тасқынын тоқтатудың тәсілін білетін ардагерлер аз емес. Облыс әкімімен кездесуде ардагерлер Нұрпейіс Мақашев, Мұрат Өтешов, Ғаббас Хисметуллин, Бисен Қуанов, Нәсіпқали Қонасов, Сағынбай Шотпақов, Едіге Сабыров, Анатолий Жмыхов, Роман Оливко тасқын суды тежеуге қатысты тәжірибе бөлісіп, бірнеше ұсынысын айтты.

Ардагерлердің пікірінше, біріншіден, геодезистердің кеңесімен Балтық жүйесіне сәйкес жер бедерін ескеріп, бөгеттер мен жағалау қорғанысын көбейу қажет. Екіншіден, су келген кезде балықтың жаппай қырылуына жол бермеу үшін эпидемиологтер мен балық шаруашылығы саласының мамандарының кеңесіне жүгінген жөн. Үшіншіден, топографиялық суреттеу жүргізіп, арнайы картаны дайындау­ды қолға алу керек. Төртіншіден, Нарын, Бақсай, Соколов, Сарыөзек каналдарының табанын тазартып, өзен суына жол ашудың маңызы зор.

Мәселен, 8 сәуірден бері Исатай ауданындағы Нарын, Бақсай каналдарының жағалауында 75,28 шақырымды құрайтын бөгет соғылды. Өйткені бұл каналдар Қамысқала, Тұщықұдық, Аққыстау, Жанбай ауылдық округтерінің аумағымен өтеді. Жайық өзенінен мол көлемде су келген уақытта аталған каналдардан ауылға қауіп төнуі мүмкін.

«Қазсушар» РМК Индер өндірістік учаскесінің басшысы Сайлау Байбосыновтың айтуынша, Индер ауданында төрт суару­­­­­-суландыру каналы бар. Бұл – Ақсай, Бағырлай, Алғабас-Жорық, Құрайлысай каналдары.

«Төрт каналдың жалпы ұзындығы 302 шақырымды құрайды. Оның ішінде ең ұзыны саналатын Бағырлай каналының стратегиялық маңызы бар. Себебі бұл канал Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының шекарасымен өтеді. 1994 жылғы су тасқыны кезінде Бағырлай каналына көп мөлшерде су келген еді. Қазір Батыс Қазақстан облысының территориясынан аталған каналға мол су келіп тұр», дейді С.Байбосынов.

Ал Атырау қаласының маңындағы екі каналға ерекше назар аударылып отыр. Өйткені екеуі де Жайық өзенінен бас­тау алады. Соның бірі Қараөзек каналының ұзындығы 35 шақырымнан асады. Атырау-Орал тасжолынан Еркінқала ауылдық округіне дейін созылатын бұл канал Жайық өзенінің бір саласы болғандықтан, су айдыны үшін ерекше маңызға ие. Сол себептен канал жағалауындағы бөгет нығайтылып, қосымша 1,5-2 метрге дейін биіктетілді. Мұнда көпір өткелдері мен шлюздерді тазарту жұмысы жүргізілді.

Кейінгі жылдары шаруа қожалықтарының иелері канал арқылы құбырлар мен топырақтан өткелдер салған. Қазір судың өтуін жақсарту мақсатында соның бәрі ашылды. Қараөзек каналының жағалауын бекітуге төрт компаниядан 350 адам, 80-ге жуық жергілікті тұрғын мен еріктілер, сондай-ақ 70-тен аса арнайы техника жұмылдырылды. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін компаниялар мол судың келуі кезінде бақылауды жалғастырады.

Екіншісі – Соколок каналы. Облыс әкімінің тапсырмасымен Жайық өзенінің суын осы канал арқылы Каспий теңізіне бұру жоспарланып отыр. Бұл каналдың негізгі ұзындығы – 32 шақырым. Каналдың табанын тазалау, жағалауын бекіту жұмыстарының үйлестірушісі Олжас Сұлтановтың мәліметіне сүйенсек, Соколоктың су өткізу қуаты секундына 100 текше метрді құрайды.

«Басты мақсат – Жайық өзенінің Атырау қаласына қарай ағатын мол суын азайту. Осы мақсатта мұнайлы шаһарды айналып өтетін Соколок каналының мүмкіндігін пайдалану көзделді. Өйткені бұл канал Жайық өзені мен Каспий теңізінің аралығын жалғастырып жатыр. Бұл – каналдың басты ерекшелігі. Бастапқы жоспарға сәйкес қолданыстағы каналдың жағалауын бекітуді қолға алдық. Кейін жағдайды зерделеп, ескісінің тұсымен қатарластырып, жаңа канал қазу туралы шешім қабылданды. Себебі ескі каналдың көп жері батпақ, техниканың жұмысына қиындық келтірді», дейді О.Сұлтанов.

Оның айтуына қарағанда, жаңа каналдың жағалауына барлық стандартқа сәйкес нығыздалған бөгет тұрғызылды. Бөгеттің биіктігі – Балтық межесі бойынша 21 метр. Ал еңіс тұстардың бәріне геодезиялық өлшем жүргізіліп, арнайы белгімен реттелген.

 

Атырау облысы