• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Сәуір, 2024

Атырауға мол су мамыр айының басында келуі мүмкін

514 рет
көрсетілді

Атыраулық ғалымдар өңірге тасқын судың көп бөлігі мамыр айының басында келуі мүмкін деген болжам жасап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облыстық жедел штаб жанындағы зерттеуші ғалымдардың жұмыс тобы су тасқыны жағдайын бақылап отыр. Аталған топтың мүшесі Арман Жұмағазиевтің айтуынша, Жайықпен келетін мол су мамыр айының басында өзен арнасын тасытуы мүмкін.                                               

«Су тасқынына байланысты көп жылғы деректерді сараптау, ескеру керек. Осы тұрғыдан бұрынғы деректерге жүгінсек, Атырау облысының аумағына тасқын судың көп бөлігі әдетте мамыр айының ортасында келгенін білеміз. Бірақ осы жылы Ресей Федерацясынан мол су келіп, көктемгі тасқынның ерте басталуына себеп болып отыр. Батыс Қазақстан облысының аумағымен төменге қарай аққан су Атырауға шамамен 6-7 күнде келеді. Осындай болжамға сүйенсек, 2-3 мамыр күндері Жайық өзенінің Атырау облысындағы арнасы толып кетуі мүмкін», дейді ғалым Арман Жұмағазиев.

Облыстық жедел штабтың ақпаратына қарағанда, бүгін, 24 сәуірдегі таңертеңгі сағат 08:00-де Жайық өзенінің деңгейі Индербор кентінің тұсында 597, Махамбет ауылында 715 сантиметрге жеткен. Ал Атырау қаласындағы гидробекетте 422 сантиметрге жетті.

«Атырауда Жайық өзенінің қауіпті деңгейі – 5 метр 50 см. Су тасқынының қаупіне байланысты 24 сәуірге дейін Атырау қаласындағы Жайық өзенінің жағалауына 229,6 шақырым бөгет тұрғызылды», деп хабарлады облыстық жедел штаб өкілдері.