• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2015

«Жеңіске құрмет» марафон акциясы Семей қаласына жетті

287 рет
көрсетілді

Семей халқы кеше Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті, Қарулы Күш­тердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастамасымен жолға шыққан «Жеңіске құрмет» марафон акциясын күтіп алды. Марафон Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып отыр. Офицерлердің Гарнизон үйінде өткен салтанатқа қала халқымен бірге, соғыс арда­гер­лері және әскери қызметкерлер жи­налды. Жиын барысында «Шығыс» әскери өңірлік қол­бас­шы­лығына Қарағандыдан әкелін­ген Жеңіс жалауы ресми түрде табысталды. «Шығыс» өңірлік әскери қол­басшылығы қолбасшысының тәрбие ісі және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары А. Мұқатаевтың айтуынша, бұл жалпыұлттық акция еліміздің барлық қалаларында өткізіледі. Акцияның тағы бір мақ­саты онсыз да қатары азайып қалған Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету болып табылады. – Біз «Астана» өңірлік қол­бас­шылығынан Елбасы тапсырмасына орай жеткізілген Жеңіс жалауын көрген сәтімізді ерекше бағалаймыз, – деді соғыс арда­гері Ғабдулғазиз Ахмеров. – Сол кездегі Кеңес Одағының бас­қа халықтармен бірге жау­ды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақтар да өзінің лайықты үле­сін қосты. Қазақстандық жауын­герлер Брест қамалынан бас­тап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жер­төлелерде, Днепр өткелінде, Мәскеу мен Ленинград үшін бол­ған ұрыстарда батыл ерліктер көр­сетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Бал­тық бойы елдерін жау қолынан жанқиярлықпен азат етті. Польша, Румыния, Венгрия, Чехо­словакия, Болгария, Герма­ния жерлеріндегі майдан жолдарында Жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарын­да біз­дің қандастарымыз қатыс­па­ған бірде-бір үлкен шайқас жоқ. Салтанатты кеш соңы кон­церт­тік бағдарламаға ұласты. Жеңіс жалауы Қазақстанның бар­лық жерінде болуы керек. Акция Семейден кейін Қап­ша­ғайда, Отарда, Ақтауда, Алматыда жалғасады. 15 қаңтар­да Астанадағы «Жас ұлан» мек­те­бінде аяқталады. Сол жерде ардагерлер жас ұрпаққа осы жа­лауды тапсырып, болашақта отансүйгіш патриот, елін, жерін қорғайтын азамат болып өсулері үшін естеліктер айтып, жастарға әскери-рухани бағыт беретін болады. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. СЕМЕЙ. Суретті түсірген автор.