Жаңа жыл қарсаңында халықтың сауда орындары мен дүкен, базар жағалайтыны, дастарқанға мол азық-түлік таситыны белгілі. Осыны ескерген өңір басшылығының ұйытқы болуымен Өскемендегі «Фрэш маркет» фермерлік гастрономының жанында Тарбағатай ауданының азық-түлік жәрмеңкесі өтті.
Мал шаруашылығымен айналысатын тарбағатайлықтар жәрмеңкеге 47 бас ірі қара, 83 бас қой, 1 түйенің етін әкелген екен. Сондай-ақ, Зайсан көлінен Тұғыл ауылының тұрғындары аулаған 1,5 тонна балық жеткізілді. Одан бөлек 50 литр қымыз, 50 килодан астам сары май, құрт-ірімшік, айран сияқты сүт өнімдері де сөреге қойылды. Айта кеткен абзал, жәрмеңкедегі азық-түлік базар нарқына қарағанда 30-40 пайызға дейінгі төмен бағамен сатылды.
– Жәрмеңкеде сиыр еті 700 теңгеден сатылып жатыр. Базарда 1200-1300 теңгеге сатылатынын ескерсек, бұл – әжептәуір төмен баға. Қымыздың литрі 300 теңгеден сатылды. Базарда кем дегенде 600 теңгеден бағаланады. Сондықтан, мұнда барлық тауарды халық бірден сатып алып кетеді, – дейді қала тұрғыны Надежда Васильевна.
Шынында, таң атпай жәрмеңкеге ағылған жұрттың қарасы қалың еді. Түс ауа фермерлер барлық өнімдерін сатып болғандарын айтты.
– Жәрмеңкеде 22 миллион теңгенің өнімі сатылды. Оған 17 ауылдық округ пен 54 шаруа қожалығы қатысты, – деді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.