• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Сәуір, 2024

Үкіметтен жедел қолдау болмаса фермерлер егін егуге үлгермеуі мүмкін - сенатор

133 рет
көрсетілді

Тасқын судан зардап шеккен өңірлердегі ауыл еңбеккерлері егіс науқанын уақытында бастай алмауы мүмкін. Өйткені көктемнің әр күні жылға азық. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әр күн маңызды. Қазіргі уақыт жедел әрекет етуді қажет ететінін атап өткен депутат Арман Өтеғұлов фермерлердің проблемаларын Үкімет алдына жайып салды, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Су басқан жерлер астық егетін өңірлерге тиесілі болғандықтан, көктемгі егіс науқанын дұрыс өткізуге қатысты сұрақтар туындап отыр. Қазірдің өзінде егін салу мерзімінің ұзарып кету қаупі бар. Ал бау-бақша, көкөніс өсірушілердің, саяжай серіктестіктерінің  жағдайы өте нашар. Олардың техникалары, суару жүйелері мен трансформаторлары зақымдалды, жылыжайлар бұзылды, алқаптары су астында қалғанын көріп отырмыз. Жедел деректер бойынша, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 200 тоннаға жуық тұқым қоймаларын су басқан. Өкінішке қарай, Ауыл шаруашылығы министрлігі әлі күнге дейін еліміздегі  су астында қалған егістік туралы нақты мәлімет берген жоқ», деді Сенат депутаты.

Сенатор мал шаруашылығының шығыны мен аса қауіпті инфекциялардың пайда болу қаупіне, су тапшылығының алдын алуға қатысты мәселелерге алаңдаушылық білдірді. Арман Өтеғұлов осыған байланысты еліміздің Премьер-Министрінен ағымдағы мәселелер бойынша мәлімет беруді сұрады.

«Бүгінгі күні су басқан өңірлердегі зардап шеккен егістіктің көлемі қандай? Қанша егістік тасқынның салдарынан айналымнан шықты? Фермерлер биыл егін егуге үлгере ала ма? Егін егіп үлгермеген шаруаларға алатын пайдасы қалай өтелетін болады? Шығын болған мал басын толтырудың тетігі бар ма? Қанша ауыл шаруашылығы техникасы суға кетіп, істен шықты, оларды қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізіледі?», деп сұрады сенатор Арман Өтеғұлов.