• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Маман 26 Сәуір, 2024

Салалық маман тапшы

144 рет
көрсетілді

Көктемгі су тасқыны кезінде сан соғып қалғанымыз – отандық ғылымның кенжелеп қалғанының айқын көрсеткіші. Ақмола облысының Шортанды аулын­да Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы төралқасының көшпелі отырысы өтті. «Ауыл шаруашылығын табиғи апаттарға бейімдеудегі аграрлық ғылымның рөлі» атты алқалы жиында есе кеткен тұстарды түгендеп, болашақта олқылықтың орнын толтыру жолдары талқыланды.

Ұлттық ғылым академиясының прези­денті Ақылбек Күрішбаев төралқа оты­ры­сы­ның ашылуында климат өзге­рістеріне байланысты ауыл шаруа­шы­лығының орасан зор шығынға ұшы­ра­ға­ны­на тоқталды. Бұдан былай аграрлық ғылымның рөлі еселеп артатынын, саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету керектігін, болашақ кадр даярлау мәселесінің маңызын атап өтті.

«2023 жылы аграрлық және су салалары бойынша мемлекеттік білім гранттарын игеру небәрі 59 пайызды құрады. Кадрларды даярлауға осындай көзқараспен ауыл шаруашылығын, су саласын қалай дамытамыз? Мәселен, былтыр «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығына бүкіл ел бойынша 101 адам ғана түскен. Мемлекеттік гранттардың 70 пайызы игерілмеген күйінде қалды. Сонымен қатар алдағы 5 жыл ішінде экономиканың қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін біз жыл сайын 800 су маманын даярлауымыз керек», деді А.Күрішбаев.

Су мамандарының сапасын арттыру мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері инс­титутының филиалы ашылды. Айта кетейік, бұл – су пәндері бойынша Орталық Азиядағы ең жетекші жоғары оқу орны. Биыл алғаш рет Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 15 студенті аталған институтқа академиялық ұтқырлық бо­йынша оқуға жіберілді. Мамандардың айтуынша, су саласындағы үздік оқу орнына одан да көбірек студенттерді жіберуге болар еді, бірақ гранттар игерілмегендіктен су пәндері бойынша бірінші курсқа қабылданған талапкерлер саны өте аз болған.

«Біздің салада 8 мыңнан аса маман жұмыс істейді. Оның ішінде нағыз ғалымдар 200–300-дей. Өткен жылдары алты рет реформа жасалды. Бірақ ол реформалар сәтсіз жүргізіліп, жағдайымыз үш-төрт есе нашарлап кетті. Мәселен, аграрлық саладағы мамандардың орташа жасы – 61 жас. Ал жастардың ауыл шаруашылығына қызығушылығы өте төмен», деді «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» басқарма төрағасы Бауыржан Қасенов.

Сала мамандарының айтуынша, жастардың ғылымға қызықпауының басты себебі – қаржыландыру төмен. Мәселен, биыл ғылымға бөлінген қаржы ішкі жалпы өнімнің 0,13 пайызын құраған. 2027 жылға дейін 1 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Ал дамушы немесе дамыған елдерде бұл көрсеткіш 4-5 пайызға дейін жетеді. Өкінішке қарай, бізде жер қабатын зерттейтін ғалымдар да жеткіліксіз. Жалақы аз болған соң, мамандар шетел асып кетуге мәжбүр. Қаржысыз ғылымның қажырсыз ғылым екенін ескерсек, ғалымдарымыздың көкжиегін барынша кеңейтіп, жетістіктерге жетуіне жағдайды жедел жасаған жөн.

Аграрлық салада мамандардың, әсі­ресе ғалымдардың тапшылығы биылғы су тасқыны кезінде анық байқалды. Ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне сүйеніп, қатерлердің алдын алмасақ, табиғи апаттардың тек салдарымен күресуге мәжбүр болатынымыз анық. Елде зерттеу институттары Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне қараса, зерттеу жұмыстарын Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырады. Ал ғалымдар тиесілі қаржыны алуға жобаларды дәлелдеймін деп жүргенде, жарты жыл уақыт кететін көрінеді. «Сондықтан істі алты айға ысырып қойып, соңынан сапалы дүниені талап ету орынсыз», дейді мамандар.

«Аграрлық зерттеулердің өзіне тән ерекшеліктері мен айырмашылықтарын ескере отырып, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң нормаларын қолдану тәртібін қайта қарау қажет. Қой бағу ежелгі ата кәсібі болған елімізде конкурстық проблемалардың кесірінен бір кездері әйгілі болған қой шаруашылығы инс­титутының жабылғаны – ақтап алатын іс емес. Ғылыми жобаларды қар­жыландыру мерзімінің 8-9 айға дейін үнемі кешігуі аграрлық ғалымдарға ауыр соққы болып тиіп, бұл аталған ғылымның дамуына кері әсерін тигізіп отыр», дейді А.Күрішбаев.

Ұлттық ғылым академиясының пре­зиденті аграрлық ғылымның да­муын тежейтін үш ірі жүйелік мәселені атап өтті. Тарқатып айтсақ, ең әуелі, ғылыми зерттеулердің басымдықтары мен тақырыптарын анықтау кезінде жүйелі кемшілікті жою керек. Ғылымның әртүрлі бағыттарын, сондай-ақ жетекші шетелдік ғалымдарды тарта отырып, пәнаралық тәсіл негізінде әзірленген ірі ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруға көшетін уақыт келді. Осындай ірі интеграцияланған жобаларды іске асырудың мультипликативтік әсері зор. Экономиканың стратегиялық маңызды мәселелерін шешумен қатар, олардың нәтижелері университеттердің жаңа білім бағдарламасына айналады. Сондай-ақ, қазіргі заманғы ғылыми кадрларды даяр­лау басталып, аграрлық ғылыми зерттеу институттарында ғалымдар тұрақты жұмыспен қамтылады.

Екіншіден, дамыған елдер тәжірибесі бойынша «Ұлттық аграрлық ғылыми білім орталығы» басқарушы компаниясын әкімшілік құрылымнан аналитикалық орталыққа трансформациялау арқылы ғылыми ұйымдарды басқарудың тиімді жүйесін құру керек. Ол ғылыми зерттеудің басымдықтары мен тақырыптарын ай­қындайды, дайын әзірлемелерді ком­мерцияландыруға баса назар аудара отырып, ғылыми ұйымдардың қызметін үйлестіреді.

Үшіншіден, заманауи әрі ғылыми кадр­­ларды даярлауда зерттеу универ­си­теті моделінің мүмкіндіктерін пайда­ла­ну керек. Ұлттық ғылым акаде­мия­­сының басшысы аграрлық маман­дықтардың талапкерлері мен студент­те­ріне жеке артықшылықтар беру қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, аграрлық, педагогикалық, медициналық мамандықтар арасындағы шәкіртақы сәйкессіздігі бейжай қарайтын дүние емес. Аграрлық мамандықтарды таңдаған талапкерлерге оқуға түсу балының шегін төмендету керек. Сондай-ақ оларды ауылдық жерлерде жұмысқа орналастыру кезінде мемлекеттік қолдау шараларын күшейту қажет. Бұл мәселе дәл қазір өте өзекті. Өйткені аграрлық мамандар тапшылығының артуы – ерте ме, кеш пе экономикаға теріс әсерін тигізетіні анық.

Жиында саладағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында бірқатар ұсыныс жасалды. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінде ветеринарлық ғылымдар бойынша тиісті құрылым жоқ. Сон­дықтан Қазақ аграрлық ғылыми-зерттеу университетінде, басқа да жоғары оқу орнында ғылыми орталықтар құру керектігі айтылды. Сонымен қатар атал­ған жоғары оқу орны базасында эпи­демиологиялық жағдаятты болжауға арналған ақпараттық талдау орталығы құрылады. Онда картографиялық талдаулар, шаруашылық субъектілеріне арналған шешімдер әзірленеді.

Жиын барысында А.Күрішбаев аграрлық ғылым саласындағы түбегейлі өзгерістерді тиісті қаржыландыру және табысты жүргізу арқылы елімізде осы саланы ғылыми қамтамасыз етудің заманауи жүйесін құруға болатынын айтты. Ұлттық Ғылым академиясы төралқасының  көшпелі отырысының қорытындысы бойынша аграрлық ғылымды дамыту жөнінде және кадрлар даярлау бойынша тиісті аналитикалық жазбаны да­йындап, Үкіметке жолдау туралы шешім қабылданды.