• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2015

Пошта қызметі қайтсе жақсарады?

418 рет
көрсетілді

деген сауал төңірегінде ой-пікірлер алмасқан аймақтық алқалы  жиында тың бастамалар мен қанатқақты жобалар жөнінде де кеңінен әңгімеленді «Қазпошта» АҚ қалыптасу, реформалау жолдарынан сәтті өтіп, бүгінгі күні еліміздің тұрғын­дарына пошталық-қаржылық қызметтің кең түрін көрсететін және қуатты филиалдық желілерді бірік­тіретін ұлттық операторға айналып отыр. Компания Елба­сы қойған талаптарға сәйкес поштаның көпқырлы қызметін одан әрі жетілдіре түсіп, қаржы­лық институтқа айналдыру үрді­сін жеделдетуді негізгі бағдар еткен. Осыған орай «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ пен «Қазпошта» АҚ бас­қар­масы Мемлекет басшысы іске қосқан «Трансформация» бағдарламасын жүзеге асыруға белсене кірісті. Бұл үрдіс корпо­ра­тивті басқарудың жаңа деңгейін қалыптастыруды, бәсекеге қабілетті және әлемнің үздік тәжірибесін қолдану арқылы жұмыстың қағидаларын қайта қарау есебінен қаржылық және операциялық тиімділікті көтеруді діттейді. Осы талаптар үдесінен шығуды басты мұрат еткен «Қазпошта» АҚ СҚОФ қызмет көрсетудің осы заманғы әдістері мен стандарттарын игеру жолын талмай іздестіріп келеді. Сан-салалы жұмыста ауылдық аумақтарды, шағын және орта бизнестің, зейнеткерлік, төлем картішкелерінің ұлттық банк­аралық жүйелері, интернетке бағдарланған қызметтер бір-бірі­мен тығыз бірлікте үйлестірілген. Оның үстіне АҚ елді мекендерде еңбекақы мен зейнетақы төлеу, төлемдерді қабылдау, пластикалық карталарды шыға­ру және тағы басқа банктік қызметтердің түрлерін іске асыратын бірден-бір ұйым екенін ескерсек, жергілікті бөлімшелерге артылар жауапкершіліктің еселене түсері анық. «Қазпошта» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің жетекшілігімен Қызылжар өңірінде өткен көш­пелі аймақтық кеңеске компания­ның өзге де басшылық құрамы, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары­нан жергілікті филиал жетекші­лері, республикалық, облыстық, аудандық басылым мен бас­па өкілдері қатысып, ауылдық жерлердегі пошта байланысын жетілдіру, тасымалдау жиілігін көбейту, бөлімшелердің жұмысын жандандыру, озық әдіс-тәсілдерді енгізу, тағы басқа мәселелер төңірегінде кеңінен талқылады. Жиын басталар алдында мәр­те­белі қонақтар сұрыптау және тасымалдауға арналған учаскеде орнатылған автоматты же­лі жұмысымен танысты. Жаңа жоба­ның артықшылығы сол, ол мерзімді баспасөзді сұрыптау уақытын қысқартуға, еңбек шығынын азайтуға, жеткізу сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Дөңгелек үстелді Бағдат Батырбекұлы жүргізіп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры құрамына енетін компа­ния алдында тұрған келелі міндет­терге жан-жақты тоқталды. Ол жиналғандар есіне «Егемен Қазақ­стан» газетінде жарияланған сұхбаттарды (26 қараша «Транс­формация­лау: тың талаптар тұрғысынан», 19 қыр­­күйек «Казпочта түйткілді мәселе­лер түйі­нін қалай шешпек?») еске салып, Транс­формация бағдарламасы, оның шеңберінде атқарылып жатқан ауқымды жобалар туралы айтып берді. Ең бас­ты проблема басылымдар мен хат-хабар­лар­ды ауылдық жерлерге уақытылы жеткізуге тіреледі. Жасыратыны жоқ, хат-хабарлардың, газеттер­дің кешіктірілуі жайлы шағымдар жиі түседі. Осы бір олқылықты болдырмау үшін тасымалды ап­тасына екі рет, одан үш рет ұйымдастыруды діттейтін қанат­қақты жобалардың тиімділігі­не оң баға берді. Алдағы мақ­сат – ауылдардағы байланыс бөлімшелерін жабу емес, керісін­ше, сақтап қалу, жұмысын жандандыру. Одан әрі газеттерге интернет арқылы жа­зы­лу, қалаларда ПИК-термен қоян-қолтық қарым-қатынасты ретке келтіру, 2017 жылға қарай төменгі жалақыны 30 пайызға көбейту міндеттері тұрғанын айта келіп, «Пошта туралы» заң жобасы әзірленіп жатқанын, пошта жұмысын жан­дан­дыруға байланыс­ты нақты ұсыныстар енгізілгенін жеткізді. Тағы бір маңызды жоба «Қазпошта» жүйесі арқылы электронды сату мүмкіндігін дамыту болып табылады. Жиында СҚОФ директоры Ерік Нұра­қаев атқарылған жұмыстармен қатар қалыптасқан іс-тәжірибелермен де бөліс­ті. 2015 жылдың баспасөзіне жазылу нау­қанының қорытындысы бойын­ша газет-журналдар көрсеткіші 170 мың дана­ны құрайды. Таралымның 88,7 пайызы ауылдық жерлерге тиесілі. Поштаны тасымалдау 101 бағыт бойынша жүзеге асырылады, маршруттың жалпы ұзындығы 27 мың шақырымға тең. Аудан орталықтарына пошта аптасына 4-5 рет, ал ауылдық елді мекендердің байланыс бөлімшелеріне 2-3 рет жеткізіледі. Жаңа жылдан бастап ауданаралық бағыт бойынша пошта тасымалдау жиілігін аптасына 3 реттен кем қылмау міндеті тұр. Өңірде 14 орталық операция учаскесі, 14 қалалық пошта байланысы бөлімшесі, 88 пошта байланысы бөлімшесі жұмыс істеп, 339 елді мекенге қызмет көрсетеді. Бұдан тысқары 17 жылжымалы бөлімше 220 елді мекенді қамтиды, 19 төлемақы қабылдау қосыны бар. Соңғы 4 жылда қызмет көлемі 2,1 есе, еңбек өнімділігі 2 есе өсті. Алқалы басқосуда «Северный Казахстан» баспасының директоры Иван Моор, облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлей­менов, Жамбыл аудандық «Ауыл арайы» газетінің редакторы Әсет Мұстафин, осы жолдардың авторы, тағы басқалары сөйлеп, қордаланған мәселелерді бірлесіп шешу, тарату жиілілігін көбейту, пошта қызметкерлерінің жалақысын көбейту, әсіресе, аудан орталықтарынан елді мекендерге газет-журналдарды тасымалдауды кешіктірмеу мәселелерін сөз етті. Жиын соңында Б. Мусин байланыс саласында 40 жылдан бері мінсіз қызмет етіп келе жатқан Шал ақын ауданы Ақанбарақ ауылының хат тасушысы Алма Ахметоваға «Ерен еңбегі үшін» медалін салтанатты жағдайда тапсырды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.