Облыс орталығында өмірі болмаған таңғажайып «Bаtyr mall» атты сауда-ойын-сауық орталығы ашылды. Қала тұрғындары бала-шағасын, ата-апалар немерелерін ертіп көңілді, қызықты демалуға мүмкіндік туды. Сауда-ойын-сауық орталығының ашылуына облыс әкімі Қанат Бозымбаев та келді. Бүкіл қала тұрғындарына осындай ғажайып кешенді кәсіпкер Вячеслав Руфф жыл соңындағы мерекелерге тарту етті. Кәсіпкерге осы орталықты салу үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қолдау көрсетілді. Жобаның жалпы құны – 1,5 млрд. теңге. Жалпы аумағы 30 мың шаршы метрді құрайды. Қазір сауда-ойын-сауық орталығының ашылуына қалалықтар көптеп келуде. Ал тынымсыз қызықтап келіп жатқан тұрғындарға барлық жағдайлар жасалған. Енді қала ішілік бағытта жүретін арнайы «Bаtyr mall» деген автобустар шығады. Сондай-ақ, жеке көлікпен келушілерге автотұрақ бар. Орталықтың бірінші, екінші қабаттарында сауда орындары орналасқан. Дәмді асхана қызметі дайын. Бірінші қабатта 4 кинозал соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталыпты. Боулинг залы орналасқан. Сондай-ақ, екінші қабатта «Викинг ленд» атты балалардың ойын алаңы, түрлі аттракциондар қызмет көрсетеді. Үлкенге де, кішіге де өз жасына сай ойын-сауықты, қызықты қызметтерді таңдай алады.
Облыс кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Александр Бабенконың айтуынша, ойын-сауық нысанының құрылысына мемлекет тарапынан 85 миллион теңге субсидия берілген көрінеді. Сондай-ақ, орталыққа қарай келетін 640 метрлік жолды қайта қалпына келтіруге қолдау көрсетіліпті. Орталықта ондаған жаңа жұмыс орындары ашылды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.