• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Сәуір, 2024

Жалаулы аулында бес үйдің қазығы қағылды

110 рет
көрсетілді

Павлодарда су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға демеушілер 208 млн теңгеге көмек көрсетті. Бұл қаражаттың 110 млн теңгесіне Жалаулы аулында жаңадан бес үй салынып жатыр. Тағы екі үй жалпы сомасы 4,1 млн теңгеге сатып алынған.

Қазіргі уақытта Павлодар облысы бойынша су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың барлық өтінімі толық көлемде өтелген. Демеушілік қаражат есебінен 120 отбасы жалпы сомасы 98 млн теңге өтемақы алды. Бұған қоса аталған отбасыларға жергілікті бюджеттен 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көмек төленген.

– Ақтоғай ауданының Жалаулы аулында 5 үй және Шарбақты мен Тереңкөл аудандарында 2 үй қалпына келтіруге жарамсыз деп танылған. Жалаулы аулында демеуші қаражатына қазіргі күні 5 үй салына бастады. Әр баспананың құны 22 млн теңге тұрады. Құрылысты алдағы үш ай ішінде аяқтау көзделген. Бұған қоса Шарбақты ауданының Красиловка аулында тұруға жарамай қалған үй есептен шығарылып, зиян шеккен отбасына демеуші есебінен құны 1,1 млн теңге тұратын өзге баспана сатып әперілді. Ал Тереңкөлдің Томарлы аулында тұратын отбасының үйі де судан зардап шеккені себепті демеушілер 3 млн теңге тұратын баспананы сыйға тартты. Осылайша облыс бойынша жарамсыз деп танылған 7 үйдің барлық шығынын демеушілер көтеріп отыр, – дейді Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Дидар Елубаев.

Оның айтуынша, аймақтағы тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды. Облыстық штаб тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Жоғарыда аталған 98 млн теңге тасқын судан дүние-мүліктері, үй техникалары мен аспаптары, шаруашылық ғимараттары бүлінген отбасыларға өтемақы ретінде төленген. Көмектің ең аз мөлшері – 70 мың, ал ең көбі 6 млн теңге болған.

Бұған дейін Үкімет басшысы тасқыннан зардап шеккендерге тұрмыстық техника алатын ақша да береміз деп мәлімдеген еді. Қарғын суға байланысты наурыз айында төтенше жағдай жарияланған Жалаулы аулында тұрғындардың өтінімдерін жергілікті комиссия мұқият қарастырып жатыр. Жоғарыда аталған көмектерден бөлек, отбасыларға аудан қаражаты есебінен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін өтемақы төленеді деп күтіліп отыр.

Жалаулы аулындағы 6 үйдің құрылысын ERG тобы өз мойнына алды. Ауыл айналасында бүгінде 6 км қорғаныс бөгеті салынды. Ойпаң жерде орналасқан елді мекеннің қарғын суға қатысты мәселесін кешенді түрде шешу үшін көлемі 200 мың текше метр болатын 3 қазаншұңқыр қазылды.

 

Павлодар облысы