Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, күн тәртібіне шығарылған бірқатар заң қаралды. Соның бірі – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды сенаторлар талқылап, мақұлдады.
«Айбын» ордені батырлар есімімен берілмек
Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленді. Қабылданған шаралар көздейтін маңызды міндеттердің бірі – тарихи сананы жаңғыртуға, ел азаматтарының ұлттық бірегейлігін нығайтуға және әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға ықпал ету екенін атап өткен жөн.
Жаңа нормаларға сәйкес «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерін беру қарастырылған. «Мақұлданған заң Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша әзірленді. Мемлекет басшысы «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне халқымыздың даңқты батырларының есімдерін беруді ұсынған еді. Мұндай шешім көрнекті тарихи тұлғаларымызды дәріптеуге, жастардың әскери-патриоттық рухын көтеріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуге ықпал етері анық», деді Палата спикері.
Өзара сенімге негізделген диалог
Сондай-ақ Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Шарт негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге арналған. М.Әшімбаев атап өткендей, Қазақстан мен Өзбекстанның одақтастық қарым-қатынасы тарихи бауырластыққа, өзара сенімге және ортақ құндылықтарға табан тірейді. Құжаттың ережелері бойынша тараптар екі мемлекеттің Парламенттері, саяси партиялары және қоғамдық ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан Мемлекет басшылары басқаратын Жоғары мемлекетаралық кеңес құрады. Ол Кеңестің қызметін үйлестіру Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне жүктеледі.
«Өзбекстан – Қазақстанның сенімді одақтасы әрі маңызды серіктесі. Екі ел басшыларының өзара мемлекеттік сапарлары мен келісімдері екіжақты қарым-қатынастарға үнемі тың серпін береді. Бүгін қаралған заң – өзара сенімге негізделген осындай диалогтің нәтижесі. Бұл құжат мемлекеттеріміз арасындағы ықпалдастық мәселелерінің кең ауқымын қамтиды және көптеген саладағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайта түседі. Алдағы уақытта Шарт бауырлас қазақ-өзбек қарым-қатынасын сапалы жаңа деңгейге шығаруға ықпал етеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Зияткерлік меншік құқығының сауда аспектілері
Сонымен қатар отырыс барысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңдар қаралып, мақұлданды. Келісімде ТМД елдерінде санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлармен тиімді күресу үшін тиісті шаралар қарастырылған. Ал Хаттама мұқтаж елдердің дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді. Аталған құжат Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге патенттелген дәрілік заттардың авторлық құқық иесінің рұқсатынсыз дәрілік заттарды әрі қарай экспортқа міндетті лицензиялар бойынша өндіруге құқық береді. Алайда дәрі-дәрмек өндірісі тек денсаулық сақтау мақсатымен ғана жүргізілуі керек.
Шаруалар шығынына кім алаңдайды?
Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Арман Өтеғұлов су тасқынының салдарына назар аударып, егіс науқанына дайындық барысына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты депутат Премьер-министрге шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы ұйымдарының алдында тұрған мәселелерді жедел шешудің маңызды екенін айтты.
«Су басқан жерлер астық егетін өңірлерге тиесілі болғандықтан, көктемгі егіс науқанын дұрыс өткізуге қатысты мәселелер туындап отыр. Қазірдің өзінде егін салу мерзімінің ұзарып кету қаупі бар. Ал бау-бақша, көкөніс өсірушілердің, саяжай серіктестіктерінің жағдайы өте нашар. Олардың техникалары, суару жүйелері мен трансформаторлары зақымдалды, жылыжайлар бұзылды, алқаптары су астында қалды. Жедел деректер бойынша Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 200 тоннаға жуық тұқым қоймаларын су басқан. Өкінішке қарай, Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгінгі күнге дейін еліміздегі су астында қалған егістік туралы нақты мәлімет берген жоқ», деді А.Өтеғұлов.
Сенатор мал шаруашылығының шығыны мен аса қауіпті инфекциялардың пайда болу қатеріне, су тапшылығының алдын алуға қатысты мәселелерге алаңдаушылық білдірді. А.Өтеғұлов осыған байланысты еліміздің Премьер-министрінен ағымдағы мәселелер бойынша ақпарат беруді сұрады.
«Бүгінгі күні су басқан өңірлердегі зардап шеккен егістіктің көлемі қандай? Қанша егістік тасқынның салдарынан айналымнан шықты? Фермерлер биыл егін егуге үлгере ме? Егіс егіп үлгермеген шаруаларға алатын пайдасы қалай өтеледі? Шығын болған мал басын толтырудың тетігі бар ма? Қанша ауыл шаруашылығы техникасы суға кетіп, істен шықты, оларды қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізіледі?», деп сауал тастады сенатор.
Жол бойында жасыл желек неге аз?
Сенатор Нұртөре Жүсіп жол бойындағы аумақтарды абаттандырудың жеткіліксіз деңгейде екеніне тоқталып, мәселеге Үкіметтің назарын аударды. Сенатор «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының 5 облыстық филиалында ғана ағаш отырғызу учаскелері бар екенін, басқа өңірлерде бұл жұмыстар жүргізілмейтінін атап өтті.
Сенатордың айтуынша, халықаралық және республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының желісі 25 мың шақырымды құрайды. Алайда оның 6,3 мың шақырымы ғана жасыл желекпен қамтылған. Тәуелсіздік алған сәттен бастап, елде логистикалық әлеуетті арттыру мақсатында әлемдік стандарттарға сәйкес автомагистральдар салынды. Дегенмен қазіргі кезде жол бойын көгалдандыру мәселесі тиісті деңгейде дамымай отыр.
«Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының барлық желісі бойынша «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының тек Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстық филиалдарында 5 ағаш отырғызу учаскесі бар. Қалған аймақтарда бұл да жоқ. Аталған мекемелер бұрын егілген орманды баптау жұмыстарымен ғана шектеліп отыр. 2021-2023 жылдары республикалық маңызы бар автокөлік жолдарына 3 мың түп ағаш пен көшет отырғызылған. Атап айтқанда, Алматы облысында 253 шақырым жолға 1,2 мың түп, Қарағанды облысында 982 шақырым жолға 1,6 мың түп тиіп отыр. Алайда бұл жалпы көлемге шаққанда тым мардымсыз», деп атап өтті сенатор.
Сенатор жол бойын көгалдандыру жұмысының кенже қалуының тағы бір ықтимал себебін атап өтті. Ол – көгалдандыру ұйымдарымен, ғылыми институттармен, ботаникалық бақтармен ынтымақтастықтың жоқтығы. Осыған байланысты Үкімет атына бірқатар нақты сауал жолдады.
«Ботаникалық бақтардың ғылыми әлеуетін пайдалануға Үкімет ниетті ме? Республикадағы автокөлік жолдары мен теміржолдарға жауапты мекемелер, сондай-ақ елді мекендер мен қалаларды көгалдандыруға жауапты ұйымдар өз қызметтеріне еліміздің осындай әлеуетті ғылыми ұйымдарын қашан тартады? Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын елдің барлық аймағында жедел жүзеге асыру үшін Үкімет қандай нақты шараларды қолға алғалы отыр?», деді сенатор.
Көші-қонды реттеудің маңызы
Сенатор Дархан Қыдырәлі ішкі және сыртқы көші-қон саласындағы жағдайға тоқталды. Депутат отандастарымызды оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізуді, сондай-ақ қандастар үшін квоталардың санын көбейтуді ұсынды.
Мәскеу облысындағы концерт залында болған қайғылы жағдайдан кейін елімізге ағылатын еңбек мигранттарының саны артатыны болжанып отыр. Сенатор өзінің депутаттық сауалында олардың елімізге заңсыз келуіне байланысты ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін проблемаларды көтерді. «Мигранттар туралы жүйелі әлеуметтік зерттеулер жүргізу қажет. Миграция – адамдардың бейберекет қозғалысының механикалық үрдісі ғана емес. Ол – ең алдымен бейімделу үрдісі, әлеуметтік жағдай мен өмір салтының өзгеруі. Сондықтан еңбек мигранттары мен қоныс аударушыларға ақпараттық, заңнамалық, тілдік, мәдени қызмет көрсететін арнайы бейімдеу орталықтары болуы керек», деп атап өтті.
Сенатор сондай-ақ қандастарды көшіру және олар үшін квоталарды ұлғайту мәселесін де қозғады. Депутат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Ата жолы» картасын қандастар мәртебесімен теңестіру қажет деп санайды.
«Ата жолы» картасының мүмкіндіктері заңды түрде бекітілуге тиіс. Бұл карта этностық қазақтарға берілетін қандас мәртебесімен теңестірілуі керек. Қандастарға берілетін квотаны да көбейту қажет. Мәселен, Ақмола облысына бөлінген 285 квота қаңтар айында, Рудныйға бөлінген 200 квота ақпан айында игеріліп қойылған. Елге келгендердің басым бөлігі Маңғыстау өңіріне тұрақтағанын ескерсек, солтүстікке қоныс аудару бағдарламасына оңтүстікпен бірге батыс аймақтарды да қосқан абзал. Сонымен қатар солтүстік өңір әкімдіктері халық көбірек көшетін аудандарда фронт-кеңсе түрінде өкілдіктер ашып, түсіндіру жұмыстарын арттырғаны жөн», деді Дархан Қыдырәлі. Сенатор Үкімет басшысы Олжас Бектеновке осы проблемаларға назар аударуды және оларды шешу үшін тиісті шара қабылдауды сұрады.
Жер мәселесін көтерді
Сенатор Талғат Жүнісов адал еңбек етіп жүрген шаруалардың жерді жалға беру мерзімін ұзарту мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, жер телімдерінің шекті өлшемдері бойынша нормативтердің болуына байланысты шаруалар учаскелерінің бір бөлігін жоғалтуы мүмкін.
Ол бірнеше жыл бұрын фермерлерге жер тапшылығын шешу үшін шаруаларға жалға алуға болатын жер учаскелерінің барынша үлкен көлемі белгіленгенін атап өтті. Алайда бұл ережелер қазіргі кезде жер көлемі белгіленген шектен асатын адал жер пайдаланушыларға кері әсерін тигізіп жатыр. Олар көптеген жыл бойы жерді ретімен адал пайдаланды, жердің құнарлылығын сақтауға қаржы салды, бірақ енді іс жүзінде жалдау құқығын ұзарта алмай отыр.
«Жер учаскелерінің шекті мөлшері туралы талап Үкіметтің осы шешіміне дейін жер аумағына иелік еткен адал жер пайдаланушыларға қолданылмауға тиіс. Жерді ұзақ мерзімге жалға алуды ұзарту барысында белгіленген шекті мөлшерден асатын жер учаскелерінің бір бөлігін алып қоймай жүзеге асуға тиіс. Астық өндірушілердің өндірістік шығындары, сондай-ақ олардың материалдық-техникалық базасын қалыптастыру және жаңарту жедел басқарудағы жер учаскелерінің алаңына негізделеді. Қазіргі кездегі кедергілерді уақтылы жою, атап айтқанда, Үкіметтің қолданыстағы қаулысына тиісті толықтыру енгізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беру аса маңызды», деді Т.Жүнісов.