Шымкентте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қала тұрғындарына күш қолдану арқылы ашық түрде ақша талап еткен үш ер адамды ұстады. Олар өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған, деп жазады Egemen.kz.
«Жалған полицейлер» тұрғындарды тұрақты түрде қорғауға аламыз деген желеумен ірі көлемде қаржы талап еткен.
Күдіктілердің бірінен полиция қызметкерінің жалған қызметтік куәлігі тәркіленді. Ал екінші күдікті алаяқтық үшін бұрын сотталған болып шықты.
«Мұндай әрекеттер өз міндеттерін адал атқаратын ішкі істер органдары қызметкерлерінің беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан оларға қатаң түрде тосқауыл қойылады. Бопсалау, тонау және билік өкілі атағын өз бетінше иемденіп алу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олардың осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Қаскөйлер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.