• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2010

ІЗ

617 рет
көрсетілді

Қазақстанда бухгалтерлік есеп ғылымының жетіліп дамуына ерен еңбек сіңірген профессор Әбдіғали Әбдіманаповтың өмірден өткеніне үш жылдан асып барады. Арамызда аман-есен жүргенде ол бүгінде 70 жасқа келер еді. Бірақ тағдыр оған жазбады, өмірден ерте озды. Азаматтың атақ-абыройы, қадір-қасиеті жа­саған жас мөлшерімен емес, еліне сіңірген ең­бе­гімен, атқарған қызметімен өлшенеді. Әбді­ғали Әбдіманапов – өмірде терең із қалдырған азамат. Ол ғылымға үлкен үлес қосқан ғалым, жүздеген, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Өзінің сүйікті жары Зияда екеуі өмірге жақсы ұрпақ әкелген әке, ата. Әбдіғали Алматы халық шаруашылығы институтында 30 жылдан аса қызмет істеді. Жұ­мысын жай ассистенттен бастап, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметіне дейін өсті. Бірнеше жыл институт кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарды. Мен Әбдіғалиды осы институтқа студент болып келген бірінші күннен бастап білемін. Алғаш ол Алматы малдәрігерлік институтына оқуға түседі, оның бірінші курсын аяқтайды. Бірақ денсаулығына байланысты ондағы оқуды жалғастыруға мүмкіндігі болмайды. Жоғары білім министрлігінің рұқсатымен Алматы халық шаруашылығы институтының 2-курсына ауысады. Бұл 1965 жылдың күзі, мен ол кезде институттың есеп-экономика факультетінің деканымын. Сөйтіп, Әбдіғали менің студентім болды. Сол кезден бастап қашан қайтыс болғанға дейін оның өмірі менің көз алдымда өтті. Менің оның ұстазы ретінде айтатыным мынау. Әбдіғалидың оқуға ынтасы өте зор еді. Алты жасында әкеден айырылып жетім қалған, жастайынан еңбекке араласып, қиындықты көп көріп, ерте есейген ол барлық мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Оқуда үздік үлге­руімен қатар, факультеттің және инсти­­туттың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып кетті. Сөйтіп, бірге оқитын балалар тұрмақ дәріс беретін ұстаздардың да сеніміне, құрме­тіне ие болды. Соның арқасында осы жоғары оқу орнын бітіре салысымен кафедра оны мұғалімдік жұмысқа алып қалды. Ол былай болған еді. Кеңес Одағы кезінде жоғары оқу орнын бітірген түлектерді жұмысқа бөлетін арнайы мемлекеттік комиссия құры­латын. Оқу үлгерімі, қоғамдық белсенділігі, отбасы жағдайы және тағы басқа мәліметтерді ескере отырып бұл алқалы топ әркімге өзіне лайықты қызмет ұсынатын. Сол кездегі ко­миссия төрағасы институттың оқу ісі жөніндегі проректоры, абзал азамат, ұлағатты ұстаз, бә­ріміз қатты сыйлайтын Яхия Әубәкіров ағамыз еді. Ол кісінің көрегендігі болар, алдымен өзі­мізге жұмысқа қалдыратын азаматты таңдап алайық деді. Сонымен бітірейін деп тұрған бірнеше жігіттерді шақырып әңгімелестік. Оның ішінде Әбдіғали, Үмбет және тағы 2-3 адам бар. Үмбет үй мәселесіне байланысты біз­дің ұсыныстан бірден бас тартты. Яхия ағамыз ойланып отырып, маған: – Көпжасар, сен де­кансың ғой, кадр саған керек. Кімді қалды­ра­сың, өзің таңда, бірақ өзің оған жауап бересің, – деді. Мен ойланбастан Әбдіғалиды ұсындым. Оның оқу үлгерімін, белсенділігін, жақсы мі­незін, қарапайымдылығын, әсіресе, қазақы­лығын алға тарттым. Яхия Әубәкірұлы: – Өзің біл, мен қарсы емеспін, берген мінездемең жақсы екен. Әсі­ресе маған соңғысы, яғни қазақша сауатты­лы­ғы қатты ұнап отыр. Уақыт келгенде, студент­терді қазақ тілінде оқытатын мүмкіндік туар, сонда осы Әбдіғали сияқты мамандар керек болады, – деді. Яхия ағамыз алдын-ала көре білген екен, қазір жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде дәріс алатын студенттер саны жыл сайын көбейіп келеді. Ал Әбдіғали болса оқулық пен оқу құралдары ретінде жарық көрген 15 кітабының 8-ін қазақ тілінде жазды. Осы тілде талай жылдар дәріс оқыды. Ұстаздарының үмітін ақтаған азамат болды. Әбдіғалидың тәжірибелі ұстаз, белгілі ғалым болып қалыптасу кезеңі Алматы халық ша­руа­шылық институтының өсіп-өркендеген жыл­дарымен тығыз байланысты. Алғашқы ашылған жылдары институттың ұстаздар ұжымы негізінен жастар болатын. Ғылым докторлары жоқтың қасы, 15-20-ға тарта ғылым канди­даттары ғана бар. Әсіресе бухгалтерлік есепте ғылыми мамандар жоқ еді. Жалпы, Қазақ­станда бұл сала кешеуілдеп дамыды. Қазақ мемлекеттік университеті құрамында экономика факультеті 1949 жылы ашылса да бізде бухгалтерлік есеп бойынша маман дай­ындау тек 1955 жылы басталды. Осы жылы ал­ғаш қабылданған студенттерге өз мамандығы бойынша Омар Шәріпов, Федор Решетников, Дарам Айстраханов сияқты ақсақалдар сабақ берді. Олар негізінен өндіріс саласынан келген мамандар еді. Университетте, одан кейін Ал­маты халық шаруашылығы институтында бухгалтерлік есеп кафедрасын алғаш рет ашып, оны басқарған Мәжікен Есенұлы Бутин ағамыз болатын. Кейінірек ол кісі профессор болды, докторлық жұмысын қорғады. Одан кейін осы мамандық бойынша кандидаттығын, біраз уақыттан соң докторлығын қорғаған Владимир Константинович Радостовец болатын. Ол кісі өмірінің соңына дейін халық шаруашылығы институтында декан, кафедра меңгерушісінің қызметін атқарды. Көптеген мамандар дай­­ындап кетті, оның ішінде ғылым докторлары, ғылым кандидаттары бар. Әбдіғалиға да бұл кісінің қамқорлығы, көмегі көп тиді. Кейін Ә.Әбдіманаповтың өзі үлкен ғалым деңгейіне көтерілді. Көптеген ғылыми еңбектер жазды. Жүзден аса ғылыми мақалалары, 16 ірі кітабы жарық көрді. Оның жартысы, жоғарыда айтылғандай қазақ тілінде жазылды. “Шаруа­шылықтарда бухгалтерлік есепті ұйымдастыру” деген қазақ тіліндегі алғашқы кітабын институт бітіргеннен соң 2 жылдан кейін-ақ менімен бірігіп жазды. Әбдіғалидың біраз еңбектері кеңес заманы кезінде жарық көргенмен, негізгі кітаптары, атап айтқанда, ірі монографиялары, оқулықтары мен оқу құралдары Қазақстан егемендік алып, экономикамыз нарықтық қатынастарға көшкен мезгілде жазылды. Бұл кезде бухгалтерлік есепті ұйымдастырудың көптеген қағидалары өзгеріп, жаңа талаптар қойыла бастаған еді. Есептің халықаралық стандарттарын меңгеру керек болды. Онсыз мәселе қиындап, шетелдермен бірігіп құрған кәсіпорындардың қызме­тіне есеп жүргізу мүмкін емес-тін. Сондықтан бұрынғы қалыптасқан жүйемізді халықаралық талаптарға бейімдеу қажеттілігі туды. Осы іске профессор Ә.Әбдіманапов белсене араласып, өзінің үлкен үлесін қосты. Оған: “Бухгалтерлік есеп тео­рия­сы” 1992 ж., “Бухгалтерлік есепті ұйымдасты­ру” 1992 ж., “Бухгалтерлік есептің тео­риясы мен принциптері” (2002 ж.,) “Орга­низация бухгалтерского учета и формирование учетной политики предприятия” (2001 г.,) “Принципы бухгалтерского учета и финан­совой отчетнос­ти” (2005 г.,) “Бухгалтерлік және қаржылық есеп принциптері (халықаралық стандарт)” (2006 ж.,) “Қаржылық есеп” (2007 ж.) атты еңбектері айқын дәлел бола алады. Бұларға бүгінгі күн үшін жаңалық болып табылатын ұстанымдар өте көп. Әсіресе олар­дың ең негізгісі, ең сүбелісі – бухгалтерлік және қаржылық есепте халықаралық стандарт­тар жүйесін енгізудің қажеттілігін дәлелдей отырып, осыларды отандық тәжірибеде қол­дану тәртібін көрсеткені. Есептің дүниежүзілік моделдерін өзара салыстыра келе, олардағы қолданылатын стандарттардың ерекшеліктерін ұғынықты түсіндірген. Осының негізінде ғалым ойы қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесін халықаралық стандарттар мен отандық заңна­малар ауқымында олардың әрі қарайғы жетілдіру жолдарын айқындайды. Ерекше айта кететін нәрсе елімізде есептің халықаралық стандарттарын қолдану мәселесін қазақ тілінде зерттеп, өз ұсыныстарын айтқан алғашқы ғалым ол – Әбдіғали Әбдіманапов. Мойындауымыз керек, қазақ тілінде бухгалтер­лік есептің қазіргі терминологиясы әлі қалып­таса қойған жоқ. Сондықтан егемендіктің елең-алаңында көптеген түсініктер мен терминдерді, анықтамалар мен категорияларды алғашқы­лардың бірі болып ғылыми айналымға енгізген осы Әбдіғали еді. Бухгалтерлік есеп пәнінің құрамында соңғы кезде “Бухгалтерлік есеп саясатын қалыптас­тыру” деген жаңа тарау пайда болды. Бұл мә­се­ле әрбір мекемеде есепті ұйымдастырудың не­гізі болып саналады. Өйткені есеп саясаты әр­­бір ұйымда, олардың шаруашылықты жүргізу ерекшеліктеріне байланысты қолданатын есеп принциптері, әдістер мен ережелер, қаржылық қызметтің қорытындысын анықтайтын тәсілдер жиынтығынан құралады. Міне осы мәселені алғашқылардың бірі болып көтерген де, және өз еңбектерінде баяндап жазып қалдырған да ғалым Әбдіғали Әбдіманапов. Ол есеп саяса­ты­ның мақсаты мен мәнін, оны қалыптастыру жол­­­дарын, іс жүзінде қолдану тәртіптерін талдап қана қойған жоқ, сонымен қатар уақыт тала­бы­­на сай жетілдіру бағыттарын да көр­сетіп берді. Әбдіғалидың ғылымдағы жаңалықтарына байланысты айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселе бар. Ол қазақстандықтардың арасынан ал­ғашқылардың бірі болып бухгалтерлік кәсіпке байланысты этикалық жауапкершілік жөнінде мәселе көтерген азамат. Еліміздегі кәсіби бухгалтерлік мамандықтың этикалық кодексі әлі толық қалыптасып болған жоқ. Ал өркениетті мемлекеттерде бұл құжатқа ерекше мән береді және олардың біразында мұндай нәрсе осыдан 25-30 жыл бұрын қабылданған. Осыны алға тарта отырып, Әбдіғали біздің елге де бухгалтерлердің “кәсіптік этикасы” жасалып қабылдануы тиіс дейді. Оның ойынша кәсіп­керлікпен жасалған ережелер мен ұстаным­дардың негізгі мақсаты – қоғамдық мүдденің талабын қанағаттандыру. Ал бухгалтерлердің этикалық кодексі бухгалтерлік есептің қоғамдағы атқаратын міндетін мойындау және оны ойдағыдай іске асыру үшін қажет. Ғалым Әбдіғали Әбдіманапов бухгалтерлік есеп деген салаға қоғамға өте қажетті кәсіп ре­тінде, терең зерттейтін ғылым ретінде, оқы­латын пән ретінде жан-жақты қараған адам. Бұған негіз де бар. Ол жас кезінде, орта мек­тепті бітірген соң өзі туып-өскен Алматы облы­сының Нарынкөл ауданындағы “Октябрьдің 40 жылдығы” колхозында есепші болып қызмет атқарды. Сөйтіп осы кәсіптің әліппесін оқу емес іс жүзінде меңгерді. Кейін осы мамандық бойынша бухгалтерлік жоғары білім алды. Сөйтіп өзі ұстаз болып аталмыш пәннен дәріс берді. Ғылыми еңбектер жазып, диссертация қорғады. Оқулықтар жазды. Бухгалтерлік есеп кафедрасының меңгерушісі, факультетінің деканы қызметтерін атқарды. Демек, Ә.Әбді­манапов бухгалтерлік есеп саласында кездейсоқ немесе жолдан қосылған адам емес. Оның барлық өмірі, тағдыры осы саламен тығыз байланысты болды. Ол маған ұстаз ретінде қарайтын, қатты сыйлайтын, қайда жүрсем де іздеп тауып алып, сәлем беріп кететін. Осы орайда бір оқиғаны еске салғым келіп отыр. 1970 жылы жазда Мәскеуден В.С.Рожнов деген досымыз зайыбымен Алматыға қонаққа келді. Түпкі мақсаты Ыстықкөлге барып дема­лу. Ол кезде Владимир Сергеевичтің аты шы­ғып қалған белгілі ғалым, ғылым докторы, Мәс­кеудегі өте беделді қаржы институты деп аталатын жоғары оқу орнының кафедра меңгерушісі болатын. Мен Алматы халық ша­руа­шылығы институтының кафедра меңге­ру­шісімін. Қолым қысқа, көп таныс-тамыр жоқ, қонағымды Ыстықкөлге қалай жеткізем деп ойлап жүрдім. Біреулерден естіген болу ке­рек, бір күні Әбдіғали келді. “Аға, қонағы­ңызбен әуре болып жүр екенсіз, қам жемеңіз, мен ұйымдастырайын. Ыстықкөлге апаруды маған тапсырыңыз”, – деді. Иығымнан ауыр жүк түскендей болып қуа­нып қалдым. Бірақ, бар болғаны бізде істе­геніне екі-ақ жыл болған, кафедраның жай мұғалімі, мұның қолынан не келеді деген күдік те болды. Соны сезді ме: “Менің ауылым – Нарынқол. Оның іргесіндегі Кегенде туыстар аз емес. Профессор В.С.Рожновты Ыстықкөлге Кеген арқылы апарайық. Жолда тоқтап демалып, ауылды көрсетейік. Күнде келіп жатқан қонақ емес қой, көрсін қазақтың жерін. Ал көлік мәселесін шешіп қойдым, маған жолға шығатын уақытымызды айтсаңыз болды”, – деді Әбдіғали. Сонымен Кегеннің керемет жерлерін ара­лап, қонып демалып, екінші күні Әбдіғали бізді Ыстықкөлге апарып орналастырып, қайтып кетті. Ал В.С.Рожнов болса көпке дейін Кеген саяхатын ризашылықпен еске алып, Әбдіға­лиды сұрап, сәлем айтып жататын. Жалпы, Әбдіғалидың негізгі өмір қағидасы – төңірегіне қолынан келгенше көмек беру, жәрдем көрсету, ақыл айту, қамқоршы болу еді. Қашан өмірден озғанша айналасына шуақ шашып, шапағат төгіп, жақсылық істеп кетті. Жақсы адамның арты да жақсы болады деген сөз бар. Әбдіғалидың артында жан жары, өмір­лік серігі, тірі кезінде ақылшысы және қам­қоршысы болған, ал қазір жоқтаушысы болып отырған Зияда бар. Азамат болып ер жеткен баласы Бектас, қыздары Айгүл, Әнел, Айдана бар. Орнында бар оңалар демекші, олар Әбдіғалиды жоқтатпауға тырысып жүр. Өмі­рінің жалғасы болып отыр. Өмірде өзіндік із қалдырған Әбдіғалиды көріп білген, араласқан аза­маттар оны ешуа­қытта ұмытар емес. Оның есі­мі, жарқын бейне­сі көңіліміздің төрінен орын алған. Сондықтан ізі ешқашан өшпейді. Көпжасар НӘРІБАЕВ, академик. АЛМАТЫ.