«Қазгидромет» РМК 27-29 сәуірге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Синоптиктердің болжамына қарағанда, елімізде тұрақсыз ауа райы сақталады.
«27 сәуірде елдің басым бөлігі жоғары атмосфералық қысым алқабының ықпалында болады. Жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. 28-29 сәуірде атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. 28 сәуірде оңтүстікте, 29 сәуірде солтүстік-батыста және солтүстікте қатты жаңбыр жауады. Бұршақ жаууы мүмкін. 29 сәуірде түнде республиканың оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда жаңбыр мен қар жауады», делінген хабарламада.
Қазақстан бойынша жел күшейеді, оңтүстікте және оңтүстік-батыста шаңды дауыл соғады деп болжанып отыр. Температуралық фонға келетін болсақ, күндізгі температура біртіндеп жоғарылайды. Алайда 27-28 сәуірде түнде еліміздің солтүстік жартысында термометрлер 1-8 градус аязға дейін жетеді.