• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2015

Ветеринарларға – арнаулы көліктер

267 рет
көрсетілді

Атырау облысының ветеринарлары үшін арнайы жабдықталған 14 автокөлік алынды. Ветеринария басқармасының басшысы Нұролла Сәтеновтің мәлім етуінше, ауру малдарды тасымалдауға арнайы жабдықталған көліктерді сатып алуға республикалық бюджеттен 178 миллион теңге бөлініпті. Әр көлікте дезинфекциялық қон­дырғы орнатылған. Мал санының көптігімен ерекшеленетін Қызыл­қоға ауданына – екі, ал қалған аудандарға бір көліктен бөлінді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, қазір облыс шаруа­герлерінің бағымында 600 мыңдай қой-ешкі, 200 мың сиыр, 50 мыңнан астам түйе мен 30 мың жылқы бар деп есептеледі. Соңғы бес жылда жеке иелік­тегі малдың бруцеллезбен ауыру көрсеткіші 4 есеге дейін азайыпты. Биыл осы аурудың алдын алу үшін вакцина салуға республикалық бюджеттен бөлінген 275 миллион теңге толықтай игеріліпті. «Енді биыл осы мақсаттағы жұмыстарды жалғастыру үшін жер­гілікті бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді», дейді бас ветеринар Нұролла Сәтенов. Осы айдан бастап 34 маман 10 арна­йы көлікпен алдын ала сауық­тыру жұмыстарына кіріседі. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы. Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.