Іргетасы өткен жылдың қараша айында қаланған «КІА» зауытының құрылысы 2025 жылы аяқталады. Жобаны жүзеге асыруға 90 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып отыр. Зауыт жылына 70 мың автомобиль шығарады. Оның 50 мыңы ұсақ бөлшектерден құрастырылады, яғни бұл жерде өндірістің жергілікті үлесінің мейлінше жоғары болуына баса мән беріліп отыр. Зауыт іске қосылған соң, сала мамандары үшін 1,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деген болжам бар.
Аса маңызды халықаралық жобаның жұмысымен танысу мақсатында елімізге арнайы келген «Kia Corporation» басшысы Хо Сун Сон Астанаға аз күн аялдап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Корпорация басшысы Президентке Тобыл өңірінде салынып жатқан толық циклді зауыт құрылысының барысын баяндап, мұның сыртында, автомобиль бөлшектерін әлемдік деңгейде өндіріп жатқан ірі компанияларды елімізге тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Нәтижесінде, елімізде автокөлік бөлшектерін шығаратын зауыт салу жөнінде келісімге қол қойылған. Президент «KIA» корпорациясының шешімін құптап, автоиндустрияны дамыту еліміздің өнеркәсіп саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін, бұл саланы дамыту үшін білікті отандық мамандарды даярлау мәселесі де ескерілуі керек екенін айтқан.
Астанадан кейін Қостанайға ат басын тіреген «Kia Corporation» президенті облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесіп, жаңа зауыттың құрылысымен танысты. Кездесу барысында жобаның Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, екі ел экономикасының дамуына тың серпін беретіні айтылды. Сондай-ақ жаңа зауыт халықаралық нарықта бәсі жоғары «Kia» брендінің Қазақстан мен ТМД нарығында кең таралуына ықпал ететін болады.
«Kia Corporation» президентінің айтуынша, Орта Азия мен ТМД елдерінде автомобиль нарығын дамытуда Қостанай қаласы шешуші ықпал ете алады. Мұндай мүмкіндікке Қостанайда дамыған көлік инфрақұрылымының болуы мен тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһардың географиялық жағдайының тиімділігі негіз бола алады. Осынау көзір мүмкіндік Қостанайды автомобиль өндірісі мен экспорт орталығына айналдыруға тиіс.
Жергілікті атқарушы билік «КІА» зауытына Қостанайдың солтүстік-батысындағы индустриялық аймақтан 70 гектар жер телімін бөліп берген. Қазір мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қада қағу жұмыстары аяқталып келеді. Күзге салым 98 мың шаршы метрлік ғимараттың құрылысы басталмақ. Шетелдік компания мемлекет тарапынан да үлкен қолдауға ие.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жобаны жүзеге асыру барысында адам капиталына ерекше назар аударылатынын атап өтті. Әкімнің айтуынша, «КІА» зауытын қажетті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында өңірлік колледждер мен жоғары оқу орындарында машина жасаудың 5 бағыты бойынша жаңа мамандықтар ашылады. Олардың ішінде машина жасау технологиясы, автоматтандыру және басқару, машиналар мен жабдықтарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету, қара металл өңдеу, дәнекерлеу тәрізді мамандық түрлері бар. Бұл мамандықтарды игеретін студент-жастардың білім-тәжірибесін ұштастыру мақсатында өңірдегі бірнеше оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан жан-жақты жабдықтау жұмыстары қолға алынып жатыр.
Инвесторлар ең алдымен өндіріске қолайлы инфрақұрылымның бар-жоғына қарайтыны белгілі. Сондықтан жобаны ойдағыдай іске асыру мақсатында зауытқа бөлінген жер аумағын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, электр, газ, су және кәріз желілері, сондай-ақ сыртқы жарықтандыру, байланыс желілерін тарту тәрізді инженерлік коммуникациялардың толық кешенін салу жоспарланып отыр.
Жаңа зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, дайын өнімді үздіксіз тасымалдау мақсатында ұзындығы 4,2 шақырым кіреберіс тасжол және тек зауыт қажетіне ғана пайдаланылатын 5 шақырымдық теміржол торабын салу көзделген.
Қостанай облысы