• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Сәуір, 2024

Қалыпты тіршілікке оралып жатыр

166 рет
көрсетілді

Тасқынның беті ақырындап қайта бастағанымен Петропавл әлі де судан арылар емес. Жазда құрғап кететін кейбір шағын өзендердің тасыған суы Есілге құйылып, сәл де болса көтеріп тастайды. 25 сәуірдегі сәскеде Петропавлдың су қоймасының деңгейі алдыңғы сегіз сағатқа қарағанда тағы да 1 см-ге көтеріліп, 1 179 см-ге жетті. Бұл ең биік нүкте 1 235 см-ден 56 см-ге төмен. Ал Сергеев су қоймасындағы деңгей 10 см-ге түсіп, 1 088 см болды. Мұндағы ең биік нүкте 8 сәуірде 1 425 см-ге жеткен.

Тасқынның толық қай­туын еш­кім де кү­тіп отырмасы бел­гілі. Облыс көктемгі егіс жұмыс­та­ры­ның әбігеріне де кірісіп кетті. Биыл да Солтүстік Қазақстан диқандары 4,5 млн гектар жерге дән сіңірмек. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төраға­лығымен өткен облыстық әкім­діктің кеңесінде осы мәселе тал­қы­ланды. Егісті әртарап­тан­ды­ру мақсатымен қарақұмық алқабын биыл 26 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Үкіметтен дала жұмыстарына жеңілдетілген бағамен 53 мың тонна дизельді отын бөлінгені айтылды.

«Атамекен» кәсіпкерлер па­лата­сының мәліметіне қара­ғанда, Солтүстік Қазақстан облы­сында 100-ге жуық кәсіпорындар зардап шеккен. Соның ішінде 70-і – Қызылжар қаласында, 25-і Қы­зылжар ауданында тіркеліп отыр. Кәсіпкерлер палатасының өкілі Жеңіс Қазиевтің айтуынша, зардап шеккен кәсіпорындардың саны бұдан да арта беретін түрі бар. «Олардың ішінде ең көбі әзірге дүкендер екені байқалады. Сонымен қатар жиһаз шығаратын цехтар, металл конструкцияларымен айналысатын шағын кәсіпорындар, көтерме сауда нүктелері, ауылшаруашылығы өнімдерін шығаратындар, тех­ни­калық қызмет стансалары, шиномонтаждау шеберханалары бар», дейді ол.

Кәсіпкерлерге мүліктеріне залал келгені үшін төленетін өтем­ақы мамыр айында басталады. Қазір тасқынның кәсіпкерлерге кел­тірген залалының мөлшерін анықтайтын комиссияны жасақ­тау жұмысы жүргізіліп жатыр. Оның құрамына кәсіпкерлер па­ла­тасының өкілдері де енетін болды. Алайда су толық кеппей келтірілген зиянды ескеру мүмкін емес. Мысалы, «Инкубаторий №1» ЖШС қанша тауық пен жұмырт­қаның суға кеткенін анықтау қиын. Жобамен осы кәсіп­орынның шығыны – 38,6 млн теңгедей. «Ал су қайтқан соң оның материалдық-тех­ни­калық шығынының кө­ле­­мі кемінде 300 млн­ ­тең­ге­­ден кем болмас», дейді Ж.Қазиев.

Көптеген кәсіпкер өздерінің материалдық-техникалық базасынан ғана айырылып қойған жоқ, болашақ табысынан да айы­рылды. Несиелік міндеттемесін де төлей алмай қалды. «Комиссия осының бәрін ескеруге тиіс. Ал зардап шеккен кәсіпорындар мен ұйымдардың тізімін Петропавл қаласы мен аудандардың әкім­дік­тері жасайды. Бұл үшін кәсіп­керлер осы уақыттарда әкім­дік­тер­ге жедел қайырылуы керек», дейді кәсіпкерлер палатасының өкілі.

Жуырда Петропавлдың телеарналары екі езуі екі құлағына жетіп қуанып, тасқынмен бірге келіп, су аздап қайтқанда бөгенде тұрып қалған топ балықты сүзіп жатқан балықшыларды көрсетті. Сөйтсе, бұлар браконьерлер екен. Өйткені балық уылдырығын шашатын 15 сәуір мен 1 маусым аралығында ешкімнің балық аулауға қақысы жоқ көріне­ді. Қазір полиция олжаға қарық бол­ған 12 балықшыны жауап­кер­шілікке тартты.

Облыс әкімі Ғ.Нұрмұхамбетов Петропавлдың тоғыз қабатты екі жаңа жатақханасына орналас­ты­рылған зардап шеккендерге барып, олардың жағдайын білді. Мұнда барлығы 440 адам қо­ныс­­танған. Барлық тұр­мыс­тық жағдай жасалуымен қатар волонтерлер де көмек қолын созып, зыр жүгіріп жүр. Қарт адамдардың құжаттарын өтем­ақы алуға да­йындап берген – осылар. Тұрғындар әкімге жағ­дайының жақсы екенін айтып, ризашылығын білдірді.

Қазір суы құрғай бастаған Ойқаладағы Павлов, Смирнов, Т­уха­чевский, Перминов және Колхозный косогор кө­ше­­леріндегі су басқан үй­лер­дің шығынын баға­лау және техникалық жарам­ды­лығын сараптау жұмыс­тары жүр­гізіліп жатыр. Құрғаған көшелердегі үйлерге жөндеу жұмыстары жақында басталады. Ал Тайынша ауданында бұл жұмыс қазір қызу. «Бағалау комиссиясына 22 үйдің иесінен өтініштер түсті. Соның ішінде Краснополян ауылдық округі бұл істе алғашқылардың бірі болып отыр. Қазір бұл ауылдағы 20 үйдің шығыны 8 млн 804 мың теңгеге бағаланды», деді аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Дүйсенбин.

Қала мен облысты электр қуатымен жабдықтап тұрған «Сев­­каз­энерго» АҚ тасқыннан зардап шеккен өзінің қызметкер­леріне көмек қолын созып отыр. Бүгінге дейін үйлері суда қалған 57 қызметкеріне 100 АЕК көлемінде (369 200 теңге) жәрдемақы берді. Ал эвакуацияға шыға­рылған, бірақ үйлері аман қалған қызметкерлері 30 АЕК көлемінде (110 760 т) жәрдем жасады. Сонымен қатар қажет еткендерге киім, төсек жаб­дық­тарын, азық-түлік жинап берді. Тұрғысы келгендерге ком­панияның жатақханасына қоныс­­тандырылды. Мұзды суда электр бағандарын жөн­деп, тасқынмен алысқан жұмыс­шы­ла­рына екі апталық ақылы демалыс та беріп жатыр.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың бейне-мәлімдемесі де зардап шеккендердің көңіліне медеу болды. Ол мемлекет өзінің әлеуметтік міндетін толық орындайтынын, зардап шеккендерге жәрдемақылар уақтылы төленіп жатқанын айта келіп, мұндай режім 1 қыркүйекке дейін созылатынын жеткізді. Соны­мен қатар ол тұрғын үйлері (жалғыз үй) мен саяжайлары жарамсыз болып қалған жандарға жаңа үй салынып берілетінін немесе Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекіткен бағаға да­йын үйлер сатып әперілетінін айтты.

Сонымен қатар Т.Дүй­сено­ва­ның айтуына қара­ғанда, тас­қыннан зардап шеккен алты облыстың мектеп бітіретін жас­тары үшін ҰБТ бөлек сызбамен өткізіледі екен. Тіпті төмен балл алып қалған абитуриенттер үшін қаңтардағы немесе наурыздағы нәтижелер алынбақ. Сондай-ақ қосымша гранттар бөлу мәселесі қарастырылып жатыр екен.

Қызылжарға бет түзеген қайы­рымдылық керуендері де то­ластаған жоқ. Кеше Астана­дан «Зекет» қорының ұйымдас­ты­руымен 18 тонна таза ауызсу жетті. Оны қарсы алған Хамзат имам бастаған мешіт қызмет­кер­лері білім беру мен денсаулық сақтау орындарына бөлгізді. Кейбір мектептер таза ауызсу болмағандықтан балаларға тамақ істей алмай әлі де онлайн режімде оқитын еді. Енді мына көмек арқылы қалыпты режімге ауыстырылатын болды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы