• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Су тасқыны 27 Сәуір, 2024

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

626 рет
көрсетілді

Атырау облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі күн са­йын көтеріліп келеді. Әрине, көршілес Батыс Қазақстан облысындағыдай елді мекендерге қауіп төне қойған жоқ.

Дегенмен «Қазгидромет» РМК Аты­рау облыстық филиалының гидро­логия­лық мониторинг деректеріне сүйенсек, өзен деңгейі Батыс Қазақстан облысының аума­ғынан келетін су есебінен өзгереді. Мәсе­лен, кеше 26 сәуірде сағат 08.00-де Ин­дер­бор кентінде Жайықтың суы қосымша 9 сан­ти­­метрге көтеріліп, 613 см болды. Ал Ма­х­ам­бет ауылында су деңгейі 728 сан­ти­­метр­ге жетіп отыр. Мұнда су бір тәу­­лікте 7 см көтерілді. Атырау қала­сын­­­дағы гидробекетте су айдыны 3 сан­­ти­­метрге ұлғайып, 428 сантиметрді құрап отыр.

Жайық өзеніндегі су деңгейі әлі де көтерілуі мүмкін. Демек қауіп толық сейілді деуге ертерек. Осыған бай­ланысты мұнайлы өңір су тас­қы­нына дайындықты қалай жүр­гізді? Не жоспар­ланды, не істелді? Осы сауалдарға жа­уап іздегенде 7 сәуірде облыс әкімі Серік Шәпкеновтің шешімімен табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанын айтқан жөн. Әкімнің пікірінше, мұндай төтенше жағдай режімін жариялаудың бірнеше мақсаты бар. Біріншіден, су тасқынына дайындықты тиімді ұйымдастыру қажет болды. Екіншіден, техникалар мен жабдықтар тарту, үшіншіден ғылыми зерттеулер жүргізу, өңірдегі су ай­дындарының, әсіресе Жайық өзені­нің жағалауын нығайту қажеттігі туындады.

«Атырау облысында 1993-1994 жылдары су тасқыны болған. Содан бергі кезеңде өзендердегі су азайды. Су айдындарының түбін тереңдету жұмыстары ұзақ уақыт бойы жүргізілмеді. Жағалаудағы бөгет нығайтылмай, кейбір тұсында мүлдем алынып тасталғанын көріп отырмыз. Судан қорғау аймағынан ауыл шаруашылығының қажеттілігі үшін жер телімдері берілген», деді С.Шәпкенов.

Әкімнің айтуынша, Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласы су басу қаупі бар аймаққа енген. Мәселен, Индер ауданында Жарсуат, Құрылыс, Атырау қаласының маңындағы Алмалы, Береке, Бесікті және Дамбы ауылдары осындай қауіпті аймақта тұр. Өйткені бұл елді мекендердің бәрі Жайық өзеніне таяу орналасқан. Ал Қайыршақты ауылдық округінің аумағындағы «Колос», «Мұнай өңдеуші», «АтырауМұнайҚазГеология» бау-бақша қоғамдастығының тұрғындарына қауіпсіз аумаққа көшу ұсынылды. Аталған саяжайлар Жайық өзенінің жайылмасында орналасқандықтан, топырақ эрозиясының ықтималдығы жоғарылаған. Жағаны қорғау шахталарының құрылысын жүргізу мүмкін емес. Сондай-ақ Аспа елді мекеніндегі 86 тұрғынды көшіруге шешім қабылданды.

Осындай себептер атыраулықтарды ортақ іске ұйыстырды. Бұл – елді мекен­дер­ді су тасқынынан қорғап қалу үшін бөгет тұрғызу. Сөйтіп, мұнайлы өңір тұрғындары күн сайын Жайық жағалауына бөгет салуға белсене кірісті. Өңірдегі ірі компаниялар жұмысшыларын, арнайы техникаларын бөлді. Бес жасар баладан 90-нан асқан қарияға дейін еріктілер қатарына қосылып, қапшықты құммен толтырды. Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарынан арнайы техникалар жеткізілді. Еліміздің әр өңіріндегі әскери бөлімдерден сарбаздар келді.

Жайық өзенінің Атырау қаласындағы жағалауы 111 учаскеге бөлініп, әр учас­ке­дегі жұмысты үйлестіретін жауапты мамандар, техникамен қамтитын кәсіпорындар бекітілді. Жағалаудағы бөгет деңгейі күн сайын биіктетілді. Кейін құм толтырылған қапшықпен нығайтылды. Қазір жағалауда қапшықтар кірпіш секілді қаланып тұр.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуына қарағанда, бөгет топырағын тығыздау сапасын техникалық қадағалау мамандары мен «Жол актив­те­рі­нің ұлттық сапа орталығы» РМК өңірлік филиалының сарапшылары бақылауға кірісті. Бөгет биіктігінің әр метрі арнайы құрылғымен тексеріледі. Техникалық қада­ға­лау органдары тығыздықтың ең төменгі көрсеткішін 14 мегапаскаль деңгейінде белгіледі. Қазір бөгеттің тығыздығы – 17-20 мегапаскаль.

Ал облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев ұсынған мәліметке сүйенсек, 25 сәуірге дейін Жайық өзенінің жағалауында 500 шақырымнан аса бөгет тұрғызылды. Бөгетті бекіту үшін 4,7 мил­лион­нан аса қапшық төселді. Бұл жұ­мыс­қа 15 мыңнан аса адам, 1,5 мың техника тар­тыл­ған.

Су айдындарының жағалауына бөгет салуға үлес қосқан кәсіпорындардың қата­рында Атырау мұнай өңдеу зауыты да бар. Бас директор Абзал Досжановтың мәліметінше, зауыт ұжымы Жайық өзенінің жаға­лауында жалпы ұзындығы 8 953 метр бөгет тұрғызған. Мәселен, Соколок кана­лының жағалауы 2,5 метрге, Томарлы елді мекенінің тұсындағы бөгет Жайық өзенінің деңгейінен 7 метрге биіктетілген.

«Бөгет тұрғызуға 44 900 қапшық, 256 орам полиэтилен пленкасы, 2 002 құты монтаждау көбігі, 8 700 текше метр топырақ пайдаланылды. Зауыт ұжымы бір күндік жалақысынан 39,4 млн теңгені «Атырау» корпоративтік әлеуметтік даму қорының есепшотына аударды. Бұл қаржы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетуге, жағалаудағы бөгетті ны­ғай­ту үшін қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалады», деді А.Досжанов.

Қазір Жайық өзенінің жағалауында бөгет тұрғызу әлі аяқталған жоқ. Ал аты­рау­лықтар сын сағатта жұмы­ла көтерген жүктің жеңіл болатынын дәлелдеп отыр.

 

Атырау облысы