Облыстық Ассамблея құрамына 28 этномәдени бірлестік кіреді, олардың әрқайсысында бірнеше орталық бар. Өңірде этномәдени бірлестіктерді қолдау, олардың белсенділігін арттыру жөніндегі жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, этномәдени бірлестіктер барлық қоғамдық маңызды іс-шараға белсене атсалысады.
Өңірлік этномәдени орталықта қазақ, славян, орыс, украин, казак, тәжік, белорус, әзербайжан, татар-башқұрт, армян, күрд, түрік, неміс, чешен, ингуш, еврей, поляк, корей, қырғыз т.б. бірлестіктері бар.
Облыс орталығы мен аудандарында жұмысын жандандырып келе жатқан 183 этномәдени орталық түрлі іс-шара, конкурс, фестиваль өткізуге ұйытқы болып жүр. Оның ішінде қоғамның әлсіз топтарын қолдауға бағытталған әлеуметтік іс-шаралар да жетерлік. Былтырдың өзінде барлығы 182 іс-шара өткізіліп, оған 7031 адам қатысты. Оларға ҚХА мүшелері Н.Абраев, Н.Евдаев, Э.Ковзель, В.Корнева, Ч.Курбанова, С.Малхасян, Г.Мұсабаева, Н.Рудикова, басқа да белсенділер қатысып, облыс әкімінің құттықтау хатын алды. Жастар арасында да ҚХА жұмысына белсенділік көрсетіп, көзге түсіп жүрген В.Витченко, Е.Семидоцких, М.Татаренко, Д.Пытьев, А.Хан секілді азаматтар бар.
Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері ҚХА өкілдерімен бірге жастар арасында бірлікті дәріптеу, төзімділікке тәрбиелеу бағытындағы жұмысқа арналған іс-шараларды жиі өткізіп тұрады. Былтыр осындай топтар қаланың 20 мектебіне барып, оқушылар арасында 30 кездесу ұйымдастырды. Мұндай форматтағы басқосуларды мектептердің педагогикалық ұжымдары да қолдап отыр. Сол себепті кездесулер биыл да жалғасады.
Ассамблеяның маңызды міндеттерінің бірі – мемлекеттік тілдің дамуына ықпал ету. Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – әрбір Қазақстан азаматының міндеті», деген еді. Осы міндетті жүзеге асыруға облыс орталығындағы Достық үйінде мемлекеттік тілді үйрету курстары тұрақты түрде жүргізіледі. Instagram әлеуметтік желісінде онлайн-сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ «Қазақтану» жобасының да тиімділігі жоғары. Түрлі этнос өкілдері арасында қазақ тілін білу бойынша байқаулар мен фестивальдар ұйымдастырылады. Мысалы, «Тіл шебері» байқауы, «Өнеріміз саған, Қазақстан» фестивалі, қазақша «Таңғажайыптар алаңы» тапқырлар ойыны өткізілді.
Биыл Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өрлеу мектебіне 25 жыл толды. Орыс тілінде білім беретін оқу орнында қазақ тілінен басқа неміс, поляк, украин, армян, әзербайжан, чешен, корей, татар тілдерін үйрететін топтар бар. Осындай ерекшелігі бар мектеп республикамыз бойынша жалғыз деп айтуға болады. Оқу орнын басқарып отырған мектеп директоры Л.Жалмұқанованың еңбегі зор екенін атап өткен жөн. Республика күні мерекесінде ҚХА мектепке ақшалай сертификат тапсырды. Кездесулерде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Бақытты отбасы» жобалары бойынша әңгімелер өткізіліп, ұлттық тәрбиеге мән беріледі. Сондай-ақ Ассамблеяның атқарып жатқан жұмысы жөнінде мәлімет беріліп, түрлі тренингтер өткізіліп, өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларына психологиялық көмек көрсетілді.
Ескендір Елеусізов төрағалық ететін Ақсақалдар кеңесіне 150 адам мүше. Кеңес мүшелері облыс орталығында ғана емес барлық ауданда бар. Өмірлік тәжірибесі бай ақсақалдар үнемі жастармен кездесіп тұрады. Ал Аналар кеңесін Жұлдыз Саттарова басқарады. Былтыр кеңес 11 мың адам қатысқан 350 іс-шара өткізді. Кеңестің құрамына 47 ана мүше. 2024 жылдан медиация мен этномедиация бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмысы жүргізілді. Жылдың алғашқы тоқсанында оған 256 адам қатысты. Этномедиация бойынша сарапшы – заң ғылымдарының докторы Инесса Қуанова.
А.Кувшинова басқаратын Ассамблеяның «Қайырымды жандар» клубы түрлі мұқтаж жандар мен қоғамдарға бағытталған қайырымдылық жобалар мен бағдарламаларды іске асырады. Соның ішінде әлеуметтік әлсіз топтар мен көпбалалы отбасыларға, дауасыз дертке тап болғандарға қайырымдылық акциялар ұйымдастырады. Олардың дәстүрге айналған акцияларының арасынан «Мектепке жол», «Жақсылық жаса», «Қайырымды ел», «Жылумен бөліс», «Ақ Бим», т.б. айтуға болады. 2023 жылы олар 206 қайырымдылық іс-шараға бастамашы болып, 273 азаматқа 13 жарым миллион теңге көлемінде көмек көрсетті.
Облыстың Қазақстан халқы Ассамблеясына М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Л.Гривенная басқаратын ҚХА кафедрасының ғылыми-сараптамалық тобы мен Бейбітшілік пен келісім орталығы ғылыми-әдістемелік басшылық жасайды. Кафедра студенттеріне үш тілде жүргізілетін «Халықтану» танымдық дәрісінің маңызы зор. Кафедра профессорларының бірі – белгілі қоғам қайраткері, экс-сенатор Анатолий Башмаковтың дәрістерін жастар қызыға тыңдайды.
ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық тобы мүшелерінің ұйытқы болуымен «Солтүстік Қазақстанның полиэтностық халқының құрылу тарихы және тәуелсіздікті нығайтудағы этностардың рөлі» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге тарих ғылымдарының кандидаттары Г.Мұсабаева, З.Қартова, С.Мәлікова белсенді қатысады. Былтыр ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық тобы А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ғалымдары А.Қапышев пен А.Свинарчуктың, этномәдени орталықтар басшыларының, аудандық музейлер өкілдерінің қатысуымен «Полиэтностық Қазақстан: ұлттық бірлестікті құру жағдайындағы этномәдени генезис» тақырыбында өңіраралық конференция өткізген еді.
Республикалық театрлар фестивалының ашылуына байланысты өңірімізге келген атақты өнер иесі, Еңбек ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің қатысуымен былтыр 10 қазанда «Қоғамдық келісім» ұйымымен бірлесіп, «Қазақтану» жобасы аясында қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің отандық үлгісін насихаттау мақсатында республикалық дәріс өткізілді.
Ассамблея аға ұрпақ пен жастарға өзіндік қызмет атқарып келеді. ҚХА аясында ұйымдастырылған «Ассамблея жастары» қанатының мүшелерімен аға ұрпақ өкілдері жиі кездесіп, өткен тарихты, ақыл-кеңестерін айтып, өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Жалпы, солтүстіктің жастары белсенді, «Ассамблея жастары» қанатының өзі биыл 46 іс-шара өткізуге бастамашы болды. Соның ішінде «Қамқор», «Асар» сияқты іс-шаралар әлеуметтік әлсіз топтарға көмек жасаса, «Жасыл қала», «Ақ Бим», «Этнофестиваль-2023», «Этносаяхат» сияқты іс-шаралар экологияның қорғалуына арналды. Сонымен бірге жастарымыз республикалық «Киелі табиғат» экологиялық акциясына белсене қатысты. Тағы бір тағылымды іс-шара – мемлекеттік тілді дамытуға арналған «Үйде сөйле» жобасы. Жоба көп жастардың санасына әсер етіп, туған тілді білудің маңыздылығын ұқтырғандай болды. Сондай-ақ жастар «Ice cream ll» атты дебаттық турнир өткізіп, екі аталымда жеңімпаздар анықталды. Жастардың «Қазақ халқына мың алғыс», «Бірлігіміз жарасқан», саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Өткенге – тағзым, болашаққа – тағылым» форумдары патриоттық рухтың көтерілуіне әсер етті.
Облыстық ҚХА-ның жұмысы лайықты бағасын алды. Республика күні Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов «Парасат» орденін иеленсе, ҚХА мүшесі А.Сүйіндіков «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Коперник» поляк этномәдени орталығының төрағасы А.Крашевский ҚХА-ның «Бірлік» алтын медалімен, ұйымның тағы бір мүшесі, меценат Д.Қойшыбеков «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталды.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық курсы» атты Жолдауында: «Біздің бәріміздің бір-ақ Отанымыз бар, ол – Қазақстан. Міндетіміз оны күшті және табысты елге айналдыру», деген еді. Солтүстік Қазақстан облысының этномәдени бірлестіктері мен «Қоғамдық келісім» ұйымы осы талаптың үдесінен шыға беретіні сөзсіз.
Солтүстік Қазақстан облысы