Республика Қарулы Күштерінде жаңа оқу жылының басталуына орай Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Өскемен, Семей гарнизондарында болды.
Ол мұнда жауынгерлік әзірлік бойынша сабақтар өткізуді ұйымдастыруды, қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйін, әскери бөлімдердің оқу-материалдық базасы мен инфрақұрылымын тексерді. Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қызмет және тұрмыс жағдайларымен танысты.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Луговой және Тараз гарнизондарында болған ҚК Бас штаб бастығы бөлімдерді жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру барысын тексерді. С.Жасұзақов, сондай-ақ, командирлерді жауынгерлік әзірлікті арттыру, жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын нығайту және әлеуметтік-тұрмыстық саланы жақсартуға баса назар аударуға шақырды, деп хабарлады Қорғаныс министрінің баспасөз қызметі.
«Егемен-ақпарат».