• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2015

Өзен жағалағандардың өзегі талмайды

318 рет
көрсетілді

2014 жылдың басында Мемлекет басшысы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамыту және интеграциялаудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын бекіткен болатын. Бұйыртса, ол бойынша 2020 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі негізгі логистикалық оператор болуды көздейді. Елбасы 2014 жылғы халыққа Жолдауында осы бағ­дар­ламаның мүлтіксіз жүзеге асырылуына айрықша мән берді. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат біздің экономикамыздың таяу жылдардағы өсімінің драйвері болады. Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны құрылады. Ал бұл халықтың жұмыспен қамтылуын және табыстарының өсуін білдіреді. «Нұрлы Жол» цемент, металл, техника, битум, жабдықтар өндіру мен соған сәйкес қызметтер сияқты экономиканың басқа да салаларына мультипликативті әсер етеді», деді Елбасы. Көрсетілген уақыт аралығында теміржол­дардың активтері жаңарып, жаңғыру үдерістерінен өтеді. Атап айтқанда, 2020 жыл­ға қарай 6 мың шақырымға жуық темір­жолды жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту және транзиттік көліктік әлеуетті арттыру міндеті тұр. Былтыр 22 тамызда жалпы ұзындығы 1250 шақырым болатын Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржол учаскелері пайдалануға берілді. Осы жолдарда 3,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. 204 тұрғын үй, 2 мектеп және 3 балабақша салынды. Бұл жол Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау және Қостанай облыстарының әлеуметтік салаларын жақсартатын болады. Қуантары, бұл бағыттарда 2018 жылға қарай 24 млн. тонна жүк тасымалданып, 2023 жыл­ға қарай ол көрсеткіш 30 млн. тоннаға жеткізілмек. Ал автожолдар жөнінде баяндасақ, 2020 жылға дейін елімізде 30 мың шақырымға тарта жол жөнделеді. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы аяқталуға жақын. Оның жалпы ұзындығы сегіз мың шақырымнан асады. 2800 шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жоба жүзеге асырыла бастағалы 1727 шақырым жол жөнделді. Сөйтіп, Шымкент пен Ресей шекарасы аралығындағы учаске толық пайдалануға беріледі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында, «Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңар­тады. Олар біздің еліміздің барлық түк­пірлерін орталықпен берік байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің азаматтарымыз заманауи және сапалы автомагис­тральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады», деді. 2014 жылы Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс және Орталық-Батыс дәліздерін салу жұмыстары басталған-ды. Бұл жолдар Астана арқылы өтетін барлық халықаралық бағыттарды жандандыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 4 мың шақырымға жуық рес­­публикалық маңыздағы жол қалпына келтіріліп, салынады. Мамандардың тәп­тіштеуіне қарағанда, бұл жобалар 2020 жылға қарай автокөлік тасымалын 1,5 есеге арттырады. Осы орында ақылы жолдар туралы да айтып өткен жөн. Оның пайдасы мен тиімділігін билік те, халық та Астана – Бурабай ақылы жолынан көріп отыр. Ендігі де Астана – Теміртау, Астана – Павлодар, Алматы – Қап­шағай жолдары ақылы болады. Жалпы, ал­дағы уақытта республикалық жолдардың 30 пайызында ақылы жүйе енгізілетін болады. Соңғы жылдары елімізде әуе қатынасына да көп көңіл бөліне бастады. Мәселен, бүгінде әуе кемелерінің паркін жаңарту маңызды мәселелердің біріне айналды. Нәтижесінде, биыл жыл басынан бері әуе компаниялары 8 қазіргі заманғы ұшақ сатып алды. 2020 жылға дейін батыста жасалған 61 әуе кемесін алу жос­­парланып отыр.  Сөйтіп, 2020 жылға дейін тағыда жаңа 75 халықаралық әуе қатынасын ашу жоспарда бар. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».