Өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтіп жатқан сенбіліктерге мемлекеттік қызметшілер, түрлі кәсіпорын, мекеме жұмысшыларымен қатар, қарапайым тұрғындар да белсенді атсалысып жатыр.
Бүкіл облысты қамтыған экологиялық іс-шараның «Жасыл аймақ» апталығы аясында көпшілік көшелерге, ашық алаңқайларға, көгалдар мен саябақтарға тал екті. Мысалы, Арқалық қаласында бір күнде 2 мың түп ағаш көшеті отырғызылды.
Ал Қостанай ауданына қарасты Садчиков елді мекенінде өткен сенбілікке осы ауылда тұратын белсенді зейнеткерлер де шықты. Көгалдандыру іс-шарасына қатысқан ата-әжелер – жергілікті кітапхананың жанынан ашылған «Қазына» шығармашылық клубының мүшелері. Бүгінде өңірде «Қазына» клубын білмейтіндер кемде-кем. Клуб мүшелері облыста өтіп жататын мәдени іс-шаралардың ешқайсынан қалмай, мерекелік концерттерде өнер көрсетіп, түрлі көрмелерге қатысып жүр.
Зейнеткерлер сенбілікке немерелерін де ерте келіп, өз қаражатына сатып алған ағаш көшеттерін отырғызды. Немерелеріне: «Кейін «мінеки, бұл ағашты ата-әжеммен бірге отырғызған едік» деп айтып жүріңдер, күтім жасап, баптап отырыңдар», деп табыстап, жан тебірентерлік жақсы бір игі іс атқарды.
«Қазыналық» қариялар алдағы уақытта ауыл әкімдігіне кіріп, өздері тал еккен ашық алаңқайды «Ата-әжелер аллеясы» деп атау туралы ұсыныс жасағысы келеді. «Халқымызда ұрпақтар сабақтастығы деген жақсы үрдіс бар. Сондықтан «Ата-әжелер» аллеясына жыл сайын біз сияқты зейнеткерлер кішкентай немерелерін алып келіп, табиғатты аялауға үйретсе, өздері атап тал отырғызса, ол талды ұрпақтары күтіп-баптап, өздерінің балаларына үлгі-өнеге етсе деген ниетіміз бар. Осындай іс-шараларды ұйымдастыру арқылы немерелерімізге табиғатты аялауды үйретіп, әрбір жақсы істің басы-қасында жүруді бойына сіңіріп, үлгі тұтарлық істерімізбен қоршаған ортаның жақсаруына үлесімізді қосуды жөн көрдік», дейді клуб мүшесі Салтанат Сатпаева.
Аталған акцияның басты мақсаты да осы – көпшіліктің экологиялық мәдениетін қалыптастыру, тұрғындарға, әсіресе жастарға қоршаған табиғи ортаға жанашырлықпен қарауды үйрету.
Қостанай облысы